1 Қыркүйек 18:34

«МҰРШАМ БОЛМАДЫ...» – Өнер адамдары Жолдауды НЕГЕ көрмеді?

Фото:

Бүгін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдау жасады. Жолдауда көп нәрсе айтылды. Іле-шала Президент әкімшілігінде және үкіметте кадрлық өзгерістер болды.

NEGE тілшісі өнер адамдарына хабарласып, Жолдау туралы сұраған. Алайда көпшілігі түрлі сылтау айтып, саясатқа қызықпайтынын байқатты. НЕГЕ?

Алпысбай ҚАЗҒҰЛОВ, суретші:

Айтарлықтай қызығушылығым жоқ

– Мен таң атқалы алыстан ат артып келген қонақтарды қабылдап, жолдауды көруге мұршам болмады. Негізі жолдауды талқылауға айтарлықтай қызығушылығым жоқ. Неге десеңіз, мен өнер жолында жүргеннен кейін саясатқа араласпаймын.

Ол жерде түрлі сала мамандарының жалақысы көтерілетінін айтады, ал мен еш жерден айлық алып көрген адам емеспін.

Қарап отырсам, Қазақстандағы ең аз зейнетақыны мен алатын сияқтымын. Қанша жыл қылқаламды тастамай жүрсем де бар-жоғы 46 мың теңгемен зейнетке шықтым. Қазір жылдар бойғы өсіммен 57 мың теңгеге жетті. Ал осы сомаға қазіргі күнде өмір сүру мүмкін бе, айтыңызшы?! Сондықтан жанбағыстың қамымен әлі шапқылап жұмыс істеп жүрген жайымыз бар.

Сембек ЖҰМАҒАЛИЕВ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші:

Биыл ыңғайы келмей...

– Жалпы өз басым ел президентінің дәстүрлі түрде өткізетін жолдауын көруді әдетке айналдырған адаммын. Бірақ, биыл оның ыңғайы келмей, соңғы тармағын ғана құлағым шалып қалды. Мәселен, ауылды жерлердің дамуына басымдылық берілетінін және әкім болғысы келетіндерді сапалы кадр ретінде даярлау жағын айтты. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет дегені де қуантты. 

Содан кейін өзімді қауіпсіздігіміз жиі мазалайтын болғандықтан, қарулы күштерді күшейту қажеттігі жөнінде айтқаны жаныма жақты.

Ел азаматы болғаннан кейін болашағымызға үлкен үміт артып, мемлекет басшысы көтерген мәселелердің орындалуына сенім артамыз. «Үмітсіз – шайтан» деген ғой. Не болса да жақсылықтан үміт күтемін.  

Жұлдыз ӘБДІКӘРІМОВА, актриса:

Танысып шығамын

– Бүгін ел президентінің ел алдына шығатынынан хабардар болдым. Бірақ, таң атысымен балаларыммен бірге мектепке жөнелгендіктен, жолдауды көре алмадым. Сондықтан Жолдаудың жай-жапсары жөнінде ашып айта алмаймын. Дегенмен, міндетті түрде танысып шығамын. 

Ақжол МЕЙІРБЕКОВ, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, әнші:

«Жаңа Қазақстан» боламыз ба, жоқ па?

– Бүгінгі білім күніне орай немерелерімді мектепке апарғандықтан, теледидар қарауға мұршам болмады. Дегенмен, саясат біздің өмірімізбен байланысты болғандықтан, біраз демімді алып алған соң президентіміздің не айтқанын байыппен тыңдап шығамын.

Шынымен, «Жаңа Қазақстан» боламыз ба, жоқ па осы жағы мені алаңдатады.

Анау қытайларға елімізге кіруге визасыз режим енгізді. Соның жай-жапсары қалай болады екен? Содан кейін АЭС салу мәселесі де ел ішінде аз айтылып жүрген жоқ. Осы мәселелерге қатысты мемлекет басшысының қандай түйін жасағанын білгім келеді.

Өткен жылғы жолдауда балалардың болашағына капитал құю жағы айтылып, бір желпініп қалған едік. Мәселен, Біріккен араб әмірлігінде дүниеге келген әр балаға арнайы есепшот ашылып, бюджет есебінен қаражат құйылады. Бізге де осындай үрдісті орнатса, ұрпағымыздың болашағына алаңдамас едік. Ал бұған біздің байлығымыз жетеді. Құдайға шүкір, кеніміз де, жеріміз де бай, кембағал ел емеспіз.  Тек сол қазба-байлықтан түскен түсімді қалтаға сала бермей, жастардың болашағына жұмсасақ, нұр үстіне нұр болар еді.  

Жіпке тізгендей етіп айтып отырған осы дүниелердің жолдауда қозғалғанына кәміл сенімдімін. Тек, ел игілігіне орай орындалса деп тілеймін.

Гүлшат ТҰТОВА, театр және кино актрисасы:

Жөн дедім...

– Бүгінгі жолдаудың балалардың дәл мектеп табалдырығын аттаған күнімен тұспа-тұс келгені ыңғайсыздау болды. Себебі, көпшілік алғашқы қоңыраудың әлегімен жүргендіктен, жолдауды көруден қалыс қалған тәрізді.

Дегенмен, үйге кірген бойда теледидарды қосып едім, президент білім министрлігінің алдына оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндетін қоятынын ескертіп жатыр екен. Жөн дедім.

Себебі, біз балаларымызға кеңестік білім беру методикасын көксейміз. Ал қазіргі заманда балалардың ойлау, қабылдау деңгейі мүлде басқа. Сондықтан білім саласында игі реформалар жасалып, балаларымыздың білікті азамат болып қалыптасуына жағдай жасауға тиіспіз.

Балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие болатынын да ескертті. Бұл да құптарлық жағдай. Дейтұрғанмен, өз тарапымнан айтатын бір ұсыныс бар. Осы сапалы білім алу жағына келгенде зағип балалар шеттеліп жатады. Жарымжан баллалар қоғамға қатысты қажеттіліктерден қағылып қалмаса екен. Олар да қалауынша өнер мен білімнің тілін үйренуге қол жеткізіп, тіпті шетелден білім алып қайтуларына мүмкіндік берілсе екен деген тілегім бар.

Тегтер: