4 Тамыз 14:09

Ескі Қазақстанның елесі: «Сағым қуған съездерге» НЕГЕ тоқтам жоқ?

Фото:

Ресми ақпаратқа сүйенсек,  қыркүйектің ортасында Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті VII съезі өткізілмек екен. Оған Рим Папасының өзі де қатыспақ ойда екен.

Бір сұрақ: еліміз бен әлемдегі дәл қазіргі жағдайда осындай форум өткізудің нендей қажеті бар?

Меніңше, кезінде бір адам – Нұрсұлтан Назарбаевтың ғана имиджін халықаралық алаңда таныту, оның әлемдік деңгейдегі қайраткер бейнесін жасау үшін жоспарланған осы іспетті даңғаза іс-шаралардың уақыты келмеске кетті.

Әлемдік және дәстүрлік саналатын діндердің өздері мойындайтын орталықтары бар екенін ұмытпайық. Олардың ішіне біз сияқты бір елдің араласуы, саяси пәтуа шығаруға тырысуы бір жағынан артықтау болар. Сан ғасырлар бойы дамып, өзара үйлесімін тапқан діндер біздің ондай шолақ белсенділігімзге әсте мұқтаж емес.

Оның үстіне, Біріккен ұлттар ұйымы, Еуроодақ, Еуропа кеңесі, ОБСЕ секілді бүкіл әлем мойындаған мүйізі қарағайдай халықаралық ұйымдар реттей алмай жатқан әлемдік саясаттың түйткілдерін өз жұртының, өз ұлтының ынтымағы мен тұрақтылығын қамтамасыз ете алмай жатқан Қазақстан шеше алады дегенге де сену қиын. Сағым қуған съездердің бізге не керегі бар?

«Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» дейді атам қазақ. Одан әрі «Құмырсқа жолыңды біл, Аяз би әліңді біл» деп нықтап, санада бекітіп тастайды әлгі ойды.

Жасыратыны жоқ, Ескі Қазақстан тұсында осындай даңғаза бастамалар көтеріп, оның соңы нақты шешімдер мен келісімдерге ұласпай, алыс-жақыннан келген меймандар ішіп-жеп кетіп, төрткүл дүние алдында талай ұятқа қалғанбыз.

ОБСЕ-ге төрағалық мәселесі шешілер алдында «Қазақстанда демократия орнатамыз!» деген уәдені үйіп-төгіп, діттегенімізге жеткен соң, оның бәрін «ұмытып» кеттік. Керісінше, сол төрағалықты арқа сүйеп, авторитаризм одан сайын күшейіді.

«Бұрын-соңды боп көрмеген ЭКСПО көрмесін өткіземіз» деп қыруар ақша жұмсап, аннан-мыннан қонақ шақырып, әлемді тағы бір шулаттық. Одан экономикамыздың көсегесі көгере қойған жоқ. Сол қаржыны нақты экономика мен экологияға жұмсағанда, ең болмаса, Астана мен Алматымыз көк түтіннен құтылар еді!

Мәселенің қаржылық жағы тағы бар.

Осы іспеттес іс-шараларды өткізетін ел барлық шығынды өз мойнына ала ма? Әлде съезге қатысушылар оны өзара бөлісіп, төлей ме? Өз басым ондай құжаттардың ашық түрде жарияланғанын да қалар едім. Қымбатшылық пен кедейліктен әбден запы болған салық төлеушілер оны білуге қақылы.

Оған қоса, осы күндері қаншама шенеунік басқа, бұдан да маңызды мемлекеттік шаруаларын ысырып тастап, осы съезді дайындап, өткізуге бел шеше кіріседі. Ол жұмыстың бәрі сіз бен біздің қалтамыздан шыққан қып-қызыл ақшаға атқарылып жатыр емес пе?

Бір сөзбен айтқанда, Жаңа Қазақстан құрушылар Ескі Қазақстан тұсында бекітілген осындай, «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарған» халықаралық форумдар мен басқа да бағдарламалардың тізімін қайта қарап шығуы керек деп санаймын.

Сол жобаларды қарасаңыз, Қазақстанның емес, бір адамның – кешегі Назарбаевтың имиджі үшін жасалғандай. Қазір болса, ол зейнет демаласында. Жаңа президентке осындай ескі форматтар керек пе?

Философиялық тұрғыдан алғанда, бізге Ескі Қазақстанның осындай съезд секілді түкке қажеті жоқ іс-шарасынан ғана емес, мақтаншақтық, астамшылдық, даңғазалық, жағымпаздық, көзбояушылық секілді мұраларынан да арылу қажет!

Бірақ қайдам: кейбір ресми БАҚ пен саясаткерлерді тыңдасаң, баяғы жартас – сол жартас... 

Тегтер: