26 Желтоқсан 17:04
...

«ЕЛБАСЫ туралы заңның күшін жоюға МӘСІМОВ себеп болуы мүмкін»

Фото:

Тұңғыш президент – Елбасы туралы заңның ақыры күші жойылатын тәрізді. Мәжіліс депутаттары Ерлан САЙЫРОВ, Айдос САРЫМ және Жанарбек ӘШІМЖАН ың-шыңсыз осындай бастама көтеріп отыр. Неге десеңіз, үш депутаттың түсіндірмесі белді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы емес, тілхат түрінде алдымен әлеуметтік желіде жария болды. 

Депутат Айдос САРЫМ мұндай құжаттың жалған емес екенін, алдағы аптада бұл заң жобасының қарала бастайынын растап берді. «Әзірге бұдан артық ақпарат бере алмайтынын» айтып, басқа сұрақтарға жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты. Десе де, осы аптаның сейсенбісінде, яғни екі күннен кейін толымды жауап беруге уәде етті.

Құжаттың мәтіне тоқтала кетсек, тілхатта «референдум кезінде Конституцияға енгізілген өзгерістерді жүзеге асыру үшін әзірленген заң жобасы» екені айтылып отыр.

Фото: Ақорда

Айталық, онда тұңғыш президенттің мәртебесі мен өкілеттілігі туралы 46-баптың 4-тармағы алынып тасталған. Сондықтан 2000 жылы 20 шілдеде шыққан Тұңғыш президент – Елбасы туралы заңның күшін жою көзделіпті.

Құжатта: «Конституциялық заң жобасы қабылданған жағдайда теріс құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдары болжанбайды. Бюджеттен қосымша қаржы шығындарын талап етпейді», – деп көрсетілген.

Қоғам тарапынан тұңғыш президент туралы заңның күшін жою туралы талап бар. Әсіресе, бұл мәселе қанды қаңтар оқиғасынан кейін өткір қойыла бастады. 5 маусымда өткен референдум кезінде бұл басты мәселеге айналды десек, қателеспейміз. Бірақ бұл түйткілді Ақорда айналып кеткісі келді ме, әлде кейінгі қалдыруды жөн көрді ме, әйтеуір жабулы қазан жабулы күйінде қалған-ды. Ұрымтал тұс НЕГЕ жыл соңына келгені жөнінде де сан алуан долбар бар. Қазақстандық сарапшылар NEGE арқылы осы заң жобасының астарына үңіліп көрді.

Андрей ЧЕБОТАРЕВ, саясаттанушы:

Осы заңның күшін жою туралы нақты тапсырма түскен секілді

– Қазіргі президент пен экс-президент арасындағы қарым-қатынастың қалай өрбіп жатқанын дөп басып айту қиын. Десе де, Кәрім МӘСІМОВ пен оның сыбайластарына қатысты жүріп жатқан сот барысында осы қарым-қатынасқа тікелей әсер ететін деректер су бетіне қалқып шығуы мүмкін. Бұл мәліметтер Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ да абырой-беделіне нұқсан келтіруі ықтимал.

Белгілі бір уақытқа дейін президент ТОҚАЕВ Қытай лидері Дэн СЯОПИННІҢ: «Біз жақсы жақтарын да, кемшіліктерді де мойындаймыз», – деп Мао ЦЗЕДУНҒА қатысты ұстанымын сақтағысы келгені байқалды. Өйткені, қалай десек те, тұңғыш президент жаңа мемлекеттің негізін қалады. «Негізін қалады» деген сөз біреуге ұнар, біреуге ұнамас, әйтеуір ол отыз жыл елге басшылық жасады. Мұны тарихтан өшіре алмайсың.

Қазір өтіп жатқан сот барысында жағымсыз факторлардың шеті көрінген болуы керек. Сондықтан Ақордадан осы заңның күшін жою туралы нақты тапсырма түскен секілді.

Бұдан бөлек, бұл іске байланысты заңдық тұрғыдан да мәселе туындауы ықтимал. Алдымен бірсыпыра заңдарды қабылдап алу керек болған сияқты.

Мысалы, Мемлекет басшысы қараша айында бірқатар конституциялық және басқа да қарапайым заңдарға қол қойды. Соның ішінде президент туралы заңға енгізілген өзгерістер де бар. Енді Назарбаев тұңғыш президент емес, жай ғана бұрынғы президент. Бұл фактор да құқықтық тұрғыдан ықпал еткен болуы керек.

Бірақ, менің ойымша, мәселенің саяси қыры басым тәрізді.

Дос КӨШІМ, саясаткер:

Қойылымның бір түрі болуы мүмкін

– Меніңше, мұның астарында бір ғана нәрсе бар: «Міне, біз тұңғыш президент туралы заңды алып тастап жатырмыз, Ескі Қазақстан ана жақта қалды, біз Жаңа Қазақстанбыз» дегенді халыққа көрсету үшін жасап жатқан дүние.

Әсілінде, оны алып тастасын, алып тастамасын, одан ештеңе өзгермейді. Мәселе онда емес. Мұны билік негізгі жұмысы ретінде көрсеткісі келеді. Шынтуайтында, бізде атқаратын басқа жұмыстар жеткілікті. Өзгертетін нәрселер өте көп. Бірақ саяси реформаларға адамдарды жақындатқысы келмейді.

Меніңше, бұл қойылымның бір түрі секілді. Өз басым, бұл заңға еш уақытта көңіл бөлген емеспін. «Халық мұны қалап отыр, біз соны көрсетіп қалсақ» деген ойы секілді. Бұл – менің жеке пікірім.

Самат НҰРТАЗА, саясаттанушы:

Назарбаев тұлға ретінде тарихта қалуы керек

– Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін жүз пайыз жоққа шығаруға болмайды. Өкінішке қарай, кейде асыра сілтеп жіберетініміз бар. Оның үстіне, кейбір депутаттар бұрынғы президенттің кезінде басқаша, кейін мүлде басқаша сөйлеп жүр. Тарих бәрін біліп отыр.

Тұңғыш президент шекара мәселесін шешті, дүниежүзіне мойындатты. Астанамызды көшірді, тағысын тағылар. Менің ойымша, ол тұлға ретінде тарихта қалуы керек.

Әрине, кемшіліктері болды. Кемшіліктері жоқ адам болмайды. Маған сол кезде сайланған депутаттардың кейбір әрекеттері мен үшін қызық болып тұр.

Тегтер: