26 Мамыр 18:12

Аймағамбетов аударма бюросына қанша қарыз?

Фото:

Биылғы жылдың 12 сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының талап-арызын қанағаттандырып, ҚР Білім және ғылым министрлігін аударма бюросының пайдасына 1 775 576 600 теңге (бір млрд жеті жүз жетпіс бес млн бес жүз жетпіс алты мың) төлеуге міндеттеді.

Білім және ғылым министрлігі мен «Ұлттық аударма бюросы» арасындағы дауға байланысты министрліктің Жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің басшысы Әділет Тойбаев жыл басында бүй деген: «Бұл жоба 2017 жылдан бастап іске асырылып келеді. Жоба аясында бірқатар әлемдік тілдердегі озық 100 оқулық қазақ тіліне тікелей аударылып, оқу орындарына таратылу қарастырылған. Жақында тиісті тексеріс жүргізу барысында министрлік пен Қор арасында жасалған шартта техникалық сипаттағы белгілі бір мәселелер анықталды. Сондықтан біз міндетті түрде сотқа жүгінетін боламыз. Қор тарапы да сотқа жүгініп отыр. Жалпы, бұл мәселеге сот нүкте қоятын болады», – деген еді.

Ә.Тойбаев.

Істі қараған Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты әзірге көп нүктенің бірін қойды, істі «Ұлттық аударма бюросының» пайдасына шешіп берді.

«Шарттардың 5.2-тармағын бұза отырып, жауапкер көрсетілген қызметтерге ақы төлеу жөніндегі міндеттемені орындамағанын назарға ала отырып, сот талапкердің берешекті өндіріп алу туралы талабы қанағаттандырылуға жатады деген қорытындыға келді. ҚР Азаматтық-процесуалдық кодекстің 223-226-бабы бойынша, қарызды өндіріп алу туралы «Ұлттық аударма бюросының» талабы қанағаттандырылады. Білім және ғылым министрлігі 1 775 576 600 теңге көлемінде қарызын «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорына қайтарады. Қоғамдық қорға тиісті бюджеттен (Нұр-сұлтан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Есіл ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы) 2021 жылғы 8 қаңтардағы №2 төлем тапсырмасымен төленген 53 267 298 теңге көлеміндегі мемлекеттік баж салығы қайтарылады. Сот арызды қанағаттандырғандықтан, ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 109, 103-баптарының талаптарына сәйкес, талап қою кезінде төленген мемлекеттік баж талап қоюшыға қайтарылуға жатады», – делінген сот шешімінде.

 Сот шешімі.

Nege.kz порталы осы даулы мәселеге қатысты Білім және ғылым министрлігіне ресми сауал жолдаған. Сауалымызға министрліктің аппарат басшысы Қ.Сәрсембаевтан жауап келді.

«ҚР Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық аударма бюросы» Қоғамдық қорының Министрлікке қатысты талап арызы бойынша шығарылған Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 12 сәуірдегі шешімімен келіспейтінін және осы сот шешіміне апелляциялық шағым берілгенін хабарлайды», – депті жауабында Қ.Сәрсембаев.

Тілшіміз «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлына да хабарласқан.

«Ондай шешім шыққаны рас. Бірақ іс осымен бітпейді ғой. Сот шешімі әлі күшіне енбегендіктен, маған бұл туралы пікір білдіру ыңғайсыз. Аудандық соттың шешімі осындай. Екінші тарап сот шешіміне байланысты апелляцияға бере алады. Соның бәрін күтеміз», – деді Рауан Кенжеханұлы. 

Р.Кенжеханұлы.

Министрлік бізге берген жауабы арқылы ұстанымын білдірді: сот шешімімен келіспейді, апелляциялық шағым түсірді. «Шәй» десіп қалған «бір үйдің балаларына» қатысты апелляциялық сот алқасы қандай шешім шығаратынын алдағы уақытта білетін боламыз.

«Бір үйдің балалары» дегенді бекерден-бекер айтып отырғанымыз жоқ. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру үшін құрылған үкіметтік емес және коммерциялық емес «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының редакциялық алқа мүшелерін көргенде, біршама таңырқап қалдық.

Редакциялық алқаның төрағасы ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев екен. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов – төрағаның орынбасары. Ал Рауан Кенжеханұлының қызметі «Жауапты хатшы» деп көрсетілген.

Редакциялық алқадан бөлек, «Қамқоршылар кеңесі» бар. «Бас қамқоршы» – ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев. «Жай қамқоршылар» – ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова, Мәжіліс депутаты Айдос Сарым және саясаттанушы Саясат Нұрбек.

Ал енді осындай араағайындары барда министрлік пен «Ұлттық аударма бюросы» арасындағы іс қалайша насырға шауып кетті? «Қырымбек Елеуұлы НЕГЕ ақсақалдық ақылын айтпады? Дәурен Әскербекұлы мен Ерлан Тынымбайұлы НЕГЕ жөн сілтемеді? Айдос Әміроллаұлының да бір білгені бар еді ғой?» деген сұрақтардың туындауы заңды. Аты-жөндері аталған азаматтардың өздері бірдеңе демесе, бұл сұрақтарға әзірге жауап жоқ.

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының «үкіметтік емес және коммерциялық емес» ұйым екенін жоғарыда айттық. Үкіметтік емес екені анық енді. Үкіметтік болса, министрлік сотта ұтылып қалмас еді. Ал енді «коммерциялық емес» деген анықтама күмән тудырады. Мұның анық-қанығына көз жеткізу үшін, бәлкім, қордың жұмысын індете зерттеп, мәселені тереңірек қазып көру керек болар?..

Тегтер: