«Ұлттық аударма бюросына» қатысты қылмыстық іс қозғалды ма?
Соңғы кездері «Ұлттық аударма бюросына» қатысты түрлі алыпқашпа әңгімелер көп айтылып жүр. «Әне-міне жабылуы мүмкін» деген сөзді де құлағымыз шалды. Бюроға қатысты мәселе тіпті Сенатта да сөз болды.
«Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» деп қойып, шырт түкіріп, «жауырынға қарап» бал ашқымыз жоқ. Бірақ, бізге белгілі ақпарат көзінің дерегінше, аударма бюросының басшылығы қызметкерлерінің жартысын қысқартқан. «Оған себеп – бюродағы қаржылық қиындықтар» дейді оқырманымыз.
Қызметкерлері орташа жалақыдан әлдеқайда көп ақша алып келген, «Ұлттық аударма бюросы» деген дардай атауы бар мекеме қалайша қаржылай қиындыққа тап болды? Әлде мәселе басқада ма?
Дереккөздің айтуынша, бұған «Ұлттық аударма бюросындағы» қаржы мәселесіне қатысты қозғалған қылмыстық іс түрткі болған-мыс.
«Біржақты жазды» деп әріптестеріміз бізді айыптамасы үшін тілшіміз алдымен «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлына хабарласты.
– Мұның барлығы сыбыс қой, әртүрлі әңгіме болуы мүмкін. Біз заңға сәйкес әрекет етеміз. Қолымызда шарт бар, шарттың талаптарын орындауға міндеттіміз. Осы жағдайда қолдан келетіннің бәрін іске қоса отырып, аударманың сапасын қамтамасыз етуге барымызды саламыз. Әрбір аударманы кез келген деңгейде көрсетіп, қорғауға дайынбыз. Енді одан басқа не айтамыз? Республиканың заңдары, халықаралық тәртіп бар, соған сәйкес әрекет етеміз.
– Қызметкерлердің жартысын қысқартқандарыңыз рас па?
– Рас. Себебі қазақ тіліндегі 100 гуманитарлық оқулық деген жобаны аяқтап жатырмыз. Оқулықтар аударылып бітті, оны министрлікке өткізуге дайындаудамыз. Келесі жылға ұсыныстарымызды бердік, алайда ол әлі жұмыс ретінде бекітілген жоқ.
Рауан Кенжеханұлынан кейін тілшіміз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне телефон шалды. Баспасөз қызметінің өкілі бізге былай деді:
– Тергеушілер бізге ештеңе айтқан жоқ. «Әзірге бұл мәселеге қатысты ешқандай түсініктеме бере алмаймыз» деп жауап берді.
– Ең болмаса, қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағанын білуге бола ма?
– Іс қозғалды деп те, қозғалмады деп те айтпады. Тергеудің позициясына сәйкес, біз де ешқандай түсініктеме бере алмаймыз.
Түйін: Елбасы – Тұңғыш Президент Н.Назарбаев пәрмен беріп, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өзі қолдаған аса қажетті жобаның төңірегінде осындай абың-күбің әңгіме болып жатқаны көңілге кірбің түсіреді.
Тілшіміз Ұлттық аударма бюросының 100kitap.kz сайтына көз жүгіртіп көрді. Сайт биылғы жылдың 30 қыркүйегінен бері жаңаланбапты...