21 Қаңтар 12:15
...

Басы даудан арылмаған «Шығыс ақпараттан» тағы шу шықты

Didar газеті
Фото: ғаламтордан

«Шығыс ақпарат» ЖШС медиа-холдингінен білікті кадрлар жұмыстан кетіп жатыр, ғасырлық тарихы бар «Didar», «Рудный Алтай» газеттері қаңтар айында шықпай қалды және дүркін-дүркін газет басып жатқан баспахана жұмысы тоқтап қалды. Неге?

  Осы орайда кәсіпорынның отымен кіріп, күлімен шыққан бірқатар қызметкерлердің пікірін жариялағанды жөн көрдік.   

  Ардагер журналист Уәлихан Тоқпатаев:

– «Дидар» газетінде табан аудармай 41 жыл жұмыс істедім. Оның 15 жылында басшылық қызметте болдым. Жастарды тәрбиеледік, кадр жасадық, жасақтадық. Ғасырлық тарихы бар «Дидар» мен «Рудный Алтай» газеттері – өңірде ұлттық идеология жүргізетін құрал. Білесіздер, бұл екі басылымға өңірдің жылнамасы жазылып келеді. «Дидардың» 90 жылдық мерейтойына орай президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауы да келді. Бұл «Шығыс ақпарат» пен көпшілік оқырман үшін тарихи оқиға еді.

Баспахананың қажеттілігіне «Шығыс Ақпарат» медиа-холдингі құрылмай тұрғанда көз жеткізгенбіз. Абай даңғылы бойында жеті қабатты баспа үйі болған. Оның қағаз сақтайтын қоймасына дейін бар еді. Ақыры 5 млн теңгеге жеке кәсіпкерге сатылып кетті. Сонда «Дидар» мен «Рудный Алтай» газеттеріне алайық дегенде, мемлекеттік мекемеге сатылмайды деген уәж айтылды. «Рудный Алтай» газетінің бас редакторы Анатолий Акава қазіргі баспахананы алып қалды. Ал «Дидар» газетін осы баспахана арқылы ақылы түрде шығарып жүрдік. Сонда «Рудный Алтай» қызметкерлерінің айлығы бізден жоғары болды. Тіпті, зейнеткерлеріне ай сайын 10 мың теңгеден көмек беріп отырды. Сол кезде ғой, баспахана зардабын тарттық. Кейін «Шығыс ақпарат» құрылып, баспахана ортақ болды. 1 млн долларға лизингке алынған газет басатын жаңа құрылғы аз уақыт ішінде шығынды ақтады. Шынын айту керек, «Шығыс ақпаратқа» Нұржан Қуантайұлынан басқа баспахана ісін, газет жұмысын білетін басшы келген жоқ.

Баяғыда баспахананы облыстық Ішкі саясат басқармасы аламыз деген. Оған тоқтау салдық. Енді сатылып кетсе, жеке кәсіпкерге тәуелді болып қаламыз. Баспаханада 170 млн теңге шығын бар деген секілді сөздерді естідік. Аудандық газеттерді, басқа да газеттерді осы баспаханада бастыруға қол жеткізіп, кәсіпорынды тіпті болмаса облыстық Қоғамдық даму басқармасының құзырына беру керек. Сондай-ақ кітап басатын және басқа өнімдер шығаратын шағын цехты күшейтсе, қаржы көзі табылар еді. Баспа ісі мемлекетке керек. Жағдай түзелген соң екі газет аптасына екі-үш реттен шығуы керек. Газет шықпағалы бір айға жуықтады. Осыған орай облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары, облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы, «Шығыс Ақпарат» басшысы брифинг өткізіп, мән-жайды түсіндіру керек еді. Газетті сақтаудың тағы бір жолы – басылымының мазмұнын арттыру, бұл үшін журналистерді басқа жұмысқа жекпеу керек. Өз сайты бар, соны жетілдіріп, газетпен айналыссын. Сапалы сараптамалық мақалалар, танымдық дүниелер жазсын. Соңғы он жыл бас редактор болдым, ешкім қысқармады. Пандемия кезінде де газет аптасына үш рет шығып отырды. Қосымша, арнайы нөмірлер әзірлеп отырдық. Соңғы екі жылда баспасөзге жазылумен де ешкім шұғылданбады. Осының бәрі, сайып келгенде газеттің шығу мерзімінің қысқаруы, апталыққа айналуы, таралымның азаюы мемлекеттік тапсырысты алуға кедергі болады. Қызметкерлердің жалақысы өскенімен, мемлекеттік тапсырыс алу қиындап кетсе, қайтпек?!

Didar газеті
ғаламтордан

Жаңашылдыққа қарсы емеспін. Бірақ бұрыннан қалыптасқан, өзінің нәтижесін берген дүниені бұзуға болмайды. Жақсартуға ұмтылуымыз керек!

Ал жуықта ғана жұмыстан өз еркімен кеткен фототілші Тілеубек Шаяхмет  еліміздің үздік 18 фототілшісінің жұмысы қамтылған «Қазақ фотошежірешілері» фотоальбомына енген.    Оның түсірген кадрларына «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің басшылығы жоғары баға берген.

Тілеубек Шаяхмет, «Дидар» газетінің экс-фототілшісі:

– Редакциядан өз еркіммен кеттім дегеніммен, ұжымды қимаймын. Алғаш жұмысқа кіргенде, әріптестер «бұл жерден зейнетке ғана шығасың» деп әзілдеген. Олай болмады. Иә, ешкім жұмыстан қуған жоқ. Бірақ жалақыны өсірдік деді де, қаламақыны қиып тастады. Сонымен қолға тиетін қаражат бұрынғы алып жүргенімнен де азайып қалды. Мәселен, айлықты 225 мың теңгеге көтерді. Қолға тиетіні 180 мың теңге төңірегінде ғана болды. Оған дейін қаламақысымен қосқанда 200 мыңнан жоғары алып жүрдік. Тағы бір түсінбегеніміз, «Шығыс Ақпаратқа» фототілші қажет» деген мәтінде жарнама шықты. Ол жердегі көрсетілген жалақы 280 мың теңге дейді. Ішінде жүрген бізді жарылқап алмай, сырттан неге фототілші тартады деп ойладым. Кейін көтереміз деген. Сенбі-жексенбі тыныштық жоқ, үй көрмедік. Еңбек заңына сәйкес, ол күндерге де төленуі керек еді. Жұмыстан шығамын деген соң ғана желтоқсан айындағы демалыстарым төленіпті, – дейді «Дидар» газетінің экс-фототілшісі Тілеубек Шаяхмет.

 «Дидар» газетінің жалғыз беттеуші-дизайнері де жұмыстан өз еркімен кетті ме? Әлбетте, өз еркімен кету бар да, кетуге мәжбүрлеу бар. Осындайда «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» деген тәмсіл еске түседі. Газеттің көркемдігі үшін күн-түн демей 16 жыл тер төккен Саят Жақыповты та сөзге тарттық.

– Арсений Кеңесұлымен бір-екі рет сөзге келіспей қалдық. Содан көп ұзаған жоқ, «қысқартуға ұшырадың» деген қағаз келеді. Жарайды дедім. Ұжым араша түспек болды. Бірақ мен жұмысым дұрыс, ешқандай кемшілік жоқ екенін айттым. Ол жағын ұжымдағылар біледі. Басшының өзіне кіріп, «Аға, бұл қалай болды?» дедім. «Барлық жерде қысқарту, өзің білесің ғой» деді. «Басқа беттеуші жоқ» десем, «табамыз» деді. Сонымен кабинетінен шығып кеттім. Ақыры, бәрі мені жақтап, жұмыста қалатын болдым. Алайда, «жаңа штатпен қабылдаймыз» деп, жалақыны минималды қойды. Алдында 310 мың теңгеге көтеріледі дегенді естіген едім. Бір күні жалақыны біліп алайын деп кадр бөліміне барсам, 234-240 мың теңге дейді. Одан қолға тиетіні 180 мың теңге. «Рудный Алтай» газеті беттеушісінің жалақысы қанша десем, 310 мың дейді. Әділдік қайда?! Сол жерде «жұмыстан шығамын» деп арыз жаздым. Орныма адам жоқ. Ұжым мені қолдап отыр. Бірақ қысқартумен кеттім, – дейді «Дидардың» бұрынғы беттеушісі Саят Жақыпов.

Жұмыстан қысқарып жатқан қазақ редакциясы ғана емес, орыс редакциясының ұжымынан да қысқарып қалғандар, өз еріктерімен кеткендер баршылық. Солардың бірі – Ольга Макарцова.

– «Білімің мен қызметің сәйкес келмейді» дегенді алға тартып, қысқартып тастады. Соңғы кездері сайтта рерайтер болып жұмыс істеп жүрдім. Бірақ неге екенін білмедім, директордың орынбасары Ольга Сергеевна Шабалинаға ұнамадық. Мен кезекті еңбек демалысында болғанымда жиналыс өтіп, директор Арсений Дүйсенов «алманың құрт жеген жерін кесіп тастаймыз» деген екен. Сонда біз шірік жері болғанымыз ба?! Әрине, бұл жиналыста басшының ол сөзін диктафонға ешкім жазып ала қойған жоқ. Бірақ куәгерлер бар. Қысқасы, бұдан кейін Ольга Сергеевна журналистерге өлместің күнін кешетіндей ғана жұмыс берді. Өзім туралы айтсам, 2023 жылдың 2 қарашасында осы кәсіпорында еңбек еткеніме 30 жыл болды. Өкініштісі, жастық шағымды берген жерден 51 жасымда шығарып тастады. Енді менің қолымнан басқа дүние келмейді, жұмыс табу қиын. Ольга Сергеевна кімді қалдыру, кімді шығару керектігін өзі шешіп отырды. Әр секунд сайын сайттан қате іздеді. Үтір, нүктеге дейін майшаммен қарады. Кеткен әр қате үшін түсініктеме жазып отырдық. Соңғы екі түсініктемеден соң түсінікті болды. Сөйтіп, заң аясында жұмыстан қысқартты, – дейді «Алтайнюс» сайтында рерайтер болып қызмет атқарған Ольга Макарцова.

Бұл мәселе төңірегінде бірнеше жазба жарияланып, оқырман «Шығыс ақпараттағы» жағдайға қанық болды. Әрине, «Шығыс ақпарат» басшысы Арсений Дүйсенов те үнсіз қалған жоқ. Оның айтуынша, «Дидар» мен «Рудный Алтай» газеттері 25-қаңтарда оқырман қолына тиеді.  

                                                                                                                        Ержан Жұмағазыұлы