БАЛАНЫҢ басты ЖАУЫ үлкендер ме?

ының орынбасары Татьяна МИШИНАДАН сұхбат алған едік.
– Балаларды отбасында ұрып-соғуға әдетте не себеп болады? Неге жазықсыз, әлсіз балалар зәбір көреді?
– Балаларды ұрып-соғудың әртүрлі себебі болуы мүмкін. Бұл әдетте отбасындағы ұзаққа созылған күйзеліс, агрессия, ата-ананың жағымсыз эмоцияларды жеңе алмауы және ата-аналар арасындағы қарым-қатынастағы проблемалар мен бұрынғы тұрмыстық зорлық-зомбылық тәжірибесі, алкогольге немесе есірткіге, құмар ойындарға тәуелділік болуы ықтимал.
Т.Мишина.
Біздің менталитетімізде көп нәрсе жабулы қазан жабулы күйінде қала беретіндіктен, балалар азап шегеді. Бейкүнә, әлсіз балаларды қорғау керек
– Зорлық-зомбылық көріп өскен балалардың мінез-құлқы қалай өзгереді?
– Үйдегі зорлық-зомбылықтың салдары балалардың мінез-құлқына ауыр тиіп, ұзаққа созылуы мүмкін. Зәбір көрген балаларда агрессия, депрессия, үрей, мінез-құлық және оқу проблемалары сияқты мәселелер туындайды. Сондай-ақ болашақта олар агрессивті әрекеттерін қайталауы немесе ересектер арасындағы қарым-қатынаста зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы ғажап емес.
Сонымен қатар мұндай тәжірибе девиантты мінез-құлыққа әкеліп соқтырады. Бала үйден қашып кетуі мүмкін және жасөспірімдер арасында суицид жиі кездеседі. Мұндай жағдайды басынан кешкен балалар есейгенде агрессияға бейім серік таңдауы ықтимал.
– ЮНИСЕФ мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда ересектердің шамамен 75%-ы отбасында балалардың тәртібін қадағалау үшін физикалық тұрғыда жазалау қолдануды құптайды, ал ата-аналардың 67%-ы балаларды тәртіпке салу үшін зорлықшыл әрекетке барады. Бізде қашаннан бері баланы ұру нормаға айналған
– «Баланы жастан...» деп ұрып-соғу арқылы тәрбиелеу – ескірген көзқарас. Бірақ елімізде көптеген отбасы бұл «тәрбие әдісін» дұрыс деп санап, жиі қолданады. Баланы қатыгездікпен тәрбиелейтін ата-аналар өздері де балалық шағында зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Мұндайда көбінесе: «Бізді де ұрып-соққан, бірақ содан жаман болдық па?!», – дегенді естиміз.
Ғылыми зерттеулер мен практикалық тәжірибе көрсеткендей, физикалық зорлық-зомбылықтың балалар мен олардың болашағы үшін көптеген жағымсыз салдары бар.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылық бұрын да болған. Бірақ технология дамыған заманда бұл туралы ақпарат қажетті органдарға тезірек жете бастады және БАҚ бұл тақырыпты жиі жазады. Егер бұрын балаларды ұру қалыпты жағдай болса, қазір көбі кішкентай бала үшін бұл өте ауыр екенін, кейін оның бүкіл өміріне әсер ететінін түсінеді.
Көптеген елде, соның ішінде Қазақстанда да заңдар балаларға физикалық зорлық-зомбылық көрсетуге қатаң тыйым салады. Ал қоғамда қайшы пікірлер жиі кездеседі.
Фото: ғаламтордан
– Балалар құқығы елімізде қаншалықты заңмен қорғалған?
– Балаларды қорғау заңдары әр елде әртүрлі. Бірақ дамыған елдердің көпшілігінде балаларды қорлауға қатаң тыйым салатын заңдар бар. Алайда заңдардың жүзеге асырылмауы және бала құқықтары туралы насихаттың жоқтығы заңдардың тиімді орындалуына, балаларды тиісті ресурстар мен қолдаумен қамтамасыз етуге кедергі келтіруі мүмкін. Көбінесе балалардың өздері өз құқықтарын білмейді. Олардың құқықтары бұзылып жатқанын немесе зорлық-зомбылыққа ұшырағанын тіпті байқамауы немесе мойындамауы бек мүмкін. Олар мұны «норма» деп ойлайды.
– Кедейлік пен тұрмыстың төмендігі балалардың жәбірленуіне себеп болуы мүмкін бе?
– Кедейлік пен тұрмыс деңгейінің төмендігі маңызды рөл атқарады, бірақ ол жалғыз себеп емес. Кедейлік отбасылық қатынастарда қосымша күйзеліс пен қысым тудыруы мүмкін. Бұл кейбір жағдайларда зорлық-зомбылық ықтималдығын арттырады.
Мысалы, қаржылық қиындықтар ата-аналар арасындағы кикілжіңді күшейтіп, зорлық-зомбылыққа айналуы ғажап емес. Дегенмен, отбасылық зәбір көбінесе психологиялық, әлеуметтік және тәрбие сияқты көптеген факторлармен байланысты екенін түсіну маңызды.
Білім деңгейінің төмендігі, жанжалдарға төзе алмау, алкогольдік немесе нашақорлықтың болуы, отбасылық ережелер мен нормаларды білмеу зорлық-зомбылыққа ықпал етуі ықтимал. Демек, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тек кедейшілікпен күресуді ғана емес, сонымен бірге қиын жағдайдағы отбасыларға білім мен кеңес беру, ресурстармен қамтылып, қызмет көрсетілуі керек. Отбасылар зорлық-зомбылық қаупін азайтатын ата-ана тәрбиесі және жанжалдарды шешу стратегиялары бойынша қолдау мен білім алатын орта қалыптастыру маңызды.
Айта кетейік, Статистика бюросының дерегі бойынша өткен жылы 14 752 бала ата-анасының қамқорлығынан айырылған. Ал 6983 отбасы қазір «тұрмысы нашар» ретінде тіркелген.
Сұхбаттасқан Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Астана.