«Байқап сөйле!». ЗАТУЛИН енді аузына ие бола ма?

Қазақ шекарашылары Ресейдің Мемлекеттік Думасының депутаты Константин Затулиннің жолын кесіп, қазақ жерін бастырмай қойғаны біраз әңгімеге тамызық болған.
Бұл іс дереу Кремльдің құлағына шалынып, Ресейдің сыртқы істер министрлігі араласты. Олар тілі сала құлаш «депутаттың» Қазақстанға емес, Ресей жалға алған Байқоңырға, жүк таситын ғарыш зымыранының ұшқанын тамашалауға бара жатқанын айтып, ақыры біздің Сыртқы істер министрлігін райынан қайтарыпты.
Естеріңізге сала кетсек, Ақорда Украинаның шығысындағы сепаратистік аймақтарды танудан бас тартқан кезде, Затулин: «Қазақстан мен Ресей арасында достық жоқ, Украинадағыдай жағдай болуы мүмкін», – деп дұшпандық көзқарасын ашық байқатқан болатын. Бұл Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасына сызат түсіре жаздаған-ды.
Бұл мәселе жөнінде Сыртқы істер министрлігі әлі мәлімет бермеді. Шалған қоңырауларымыз жауапсыз қалды. Осы орайда, бірнеше сауал туып отыр:
Қазақстанға қарсы ашық аттандап жатқан Дума депутатына қарсы Ақорда неге табандылық көрсетпеді? Әлде бұған Кремль араласты ма?
Қазақстандық дипломат Қазбек БЕЙСЕБАЕВ бұл оқиғаға қатысты эмоцияға бой алдырмай, байыпты саясат ұстану қажет екенін айтады.
«Затулин Қазақстан туралы жақсы сөз айтып жүрген жоқ. Сондықтан шекарашылардың қара тізіміне іліккен секілді. Бұл – оған «байқап сөйле» деген ескерту.
Ресей елшілігі қоңырау шалған шығар. Біздің тарап айғай-шу болмасын, деп кіргізуді ұйғарған. Бірақ оны мүлде жібермей қойсақ, үлкен дипломатиялық жанжал туар еді. Қазіргі жағдайда мұндай дау-дамай қажет емес», – дейді дипломат.
Оның пікірінше, Затулин Байқоңырға барып, өз азаматтарымен кездеспек болған. Байқоңыр – Ресей жалға алып отырған жер. Егер Затулин Алматыға немесе Астанаға ат басын бұрса, бәрі басқаша болар еді.
«Қалай десек те, көршімен тату тұрған абзал. Арада қандай мәселе болса да. Осы оқиғадан соң, Затулиннің өзі: «Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы нығая берсін. Менің Қазақстанға деген көзқарасым жақсы» деп мәлімдеме жасағанын көрдім», – дейді сарапшы.
Дәл осы тұста Қазақстан Украина тағайындамақ болған елшіге агреман беруден бас тартқаны туралы хабар тарады. Ақпарат Украина тарапынан шыққан. Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары бұл хабарды бірінен соң бірі жерден жеті қоян тапқандай қуана жариялады.
Бір қарағанда, бұл жерде де Ресейдің салмағы мен дауысы басым түскендей көрінеді. Десе де, басты себеп дипломатияның қалың жұртшылыққа беймәлім ережелерінде екен.
Фото: ғаламтордан
Дипломат Қазбек Бейсебаев бұл жайттың егжей-тегжейін былай деп түсіндірді: «Украинаның ол адамды бізге не үшін елші етіп тағайындамақ болғанын білмеймін. Олар Қазақстанның екі оттың ортасында тұрғанын жақсы біледі. Кәсіби дипломатты емес, саясаткерді жіберіп отыр. Сергей Гайдай – Луганскі облысы әскери әкімшілігінің басшысы болған адам. Бұл өлке үшін Украина мен Ресей тартысып жатыр. Сондықтан біздің тарап басқа үміткерді қойғанды жөн көрген болуы керек».
Дипломатияның дәстүрі бойынша, кай мемлекет болсын, елші тағайындағанда агреман – келісім сұрайды. Жергілікті мемлекеттің қарсылығы болмаса ғана, елші етіп жібереді.
«Мысалы, Қазақстан елші етіп тағайындаған біздің бір дипломатты шетелдің бірі қабылдамай қойған болатын. Ол кезде ешкім бұдан үлкен саясат көрген жоқ. Агреман сұрағанда, бермейтін елдер болады. Бірақ ешкім оны сыртқа шығармайды. Бұл – жасырын жасалынатын шаруа. Агреман алған соң ғана, елшінің аты-жөні жария етіледі. Бір жағынан алғанда, кімге агреман береміз, кімге бермейміз, бұл – біздің жеке шаруамыз», – дейді Қазыбек Бейсебаев.