30 Наурыз 18:08
...

«Бағаң – екі, СМАЙЫЛОВ! Отыр орныңа!»

Фото:

Әлихан Смайылов орынтағын сақтап қалды. Amanat партиясы ұсынған жалғыз үміткердің депутаттардың көбі қолдау білдірген. Мақұлдағандардың ұзын-саны – 82. Жетеуі қарсы болса, сегізі қалыс қалды.

Бір сөзбен айтқанда, ескі де жаңа үкімет қайта жұмысына кіріседі. Бұл шешім қазақстандық сарапшылардың көңілінен шықпай тұр. Тіпті, дені Әлихан Смайылов үкіметінің  осыған дейін атқарған жұмысына «екі» деген баға қойып отыр.

Айдар ӘЛІБАЕВ, экономист:

Қайтадан премьер болды деп қуануға ешқандай себеп таппай отырмын

– Әлихан Смайыловты қайта тағайындалуын құптамаймын. Өйткені, бұл премьер өте әлсіз. Бастамашыл адам емес. Кәсіби тұрғыдан да осал. Оның мәнсабы көрсетіп беретіндей, мамандығы тар саланы қамтиды. Ол – статистиканың маманы. Ол өмір бойы осы статистикамен айналысқан. Осындай білім көкжиегімен премьер болу – көтере алмайтын шоқтарды беліне байлаумен тең.

Әлихан Смайылов неге әлсіз үміткер? Өйткені, ол осы уақытқа дейін бір жылдан аса премьер болды. Ешқандай нәтиже жоқ. Жай ғана нөл.

Үкіметті басқарған уақытта баға аспанға ұшты. Инфляция 20 пайыздан асып жығылды. Мұндай көрсеткіш бұрын соңды болмаған. Еш уақытта. Ешқандай өндіріс дамып жатқан жоқ. Ұлттық банктің мөлшерлемесі – 16,75 пайыз. Мұндай мөлшерлемемен бизнесті дамыту мүмкін емес.

Жұмыссыздық асқынды. Инфрақұрылымдар құрдымға кетіп жатыр. Мінекей, Екібастұз, Риддер, Теміртау Смайылов кабинетінің әлсіздігін көрсетіп берді. Утильалымдарды алып тастағысы жоқ. Қазақстанның автопаркі ескі-құсқы көліктерге толып кетті. Адамдар наразы. Неге ол адамдардың сөзіне құлақ аспайды?

Автокөліктер қат. Автокөлік дефициті деген әлемнің басқа бірде-бір елінде жоқ. Бір сөзбен айтқанда, бүгін жұмыс орнымен қамтамасыз етіп, жалақыларын көтеріп, бағаны түсіріп,  халыққа көмек көрсету керек. Барлық салаларда жағдай нашарлап барады. Кадрлық реформа жоқ. Кадрлары әлсіз. Бюрократия өсіп барады.

Қысқасы, ол қайта премьер болды деп қуануға ешқандай себеп таппай отырмын.

Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:

Бұл – «Аманат» партиясының шешімі

– Менің көзқарасым бойынша, бұлай болмауы керек еді. Үкімет басшысы ауысуы қажет еді. Биліктің 70 пайызын бір-ақ ауыстырғаны дұрыс болатын. Премьер-министр қалды деген сөз – үкімет командасының көп бөлігі орнында қалады деген сөз. Там-тұм ғана өзгеріс болуы мүмкін. Бұл сөз жүзіндегі үкімет баяғы жұмысын жалғастыра береді дегенді білдіреді. Бізге іскер үкімет керек еді. Жақын арада өзгерістің болуы екіталай секілді.

Үкіметтің осы уақытқа дейінгі жұмысына беретін бағам – «2».

Бұл – «Аманат» партиясының шешімі. Парламентте де көпшілік орын алып отыр. Бір мандатты округтан сайланған 29 адамның 23-і тағы да «аманаттық».  Былайша айтқанда, тек қана рокировка жасалды. Өздері сол құраммен барды. Сондықтан, бұл шешім бір ауыздан болып отыр.

Дос КӨШІМ, саясаткер:

Кімді сайласа да, бәрібір

– Премьер-министр болады-ау деген кадрлардың бәрі бір деңгейде. Ешқайсының алып-ұшып, экономикада төңкеріс жасаймын дегенін көргенім жоқ. Кілең сұрқай тұлғалар. Кімді сайласа да, бәрібір. Бірінен бірі асып кеткені, қалып қойғаны жоқ. Сондықтан бұрынғы орнынан қозғалтпай-ақ қояйық деген болуы керек. Себебі, жарқырап көзге түсетін біреуі де жоқ. Біздің кезімізде ондай нәрсе болмайды. Мына жүйеде мүмкін де емес. Тек қана жоғарыдағының айтқанын қабылдайтын топ болуы қажет.

Польшадағы Лешек Бальцерович немесе Ресейдегі Егор Гайдар сияқты өз бағытын белгілейтін тұлғалар қазір табылмайды. Сондықтан осы адамды қайта тағайындай салды.

Бұған баға беретін болсақ, былтырғы инфляцияның 20 пайыздан асып-жығылғаны еске түседі. Сондықтан «2» деген бағадан басқа баға қоюға болмайды.

Инфляция бұрын соңды болмаған деңгейге көтерілді. Оны тоқтата алмады. Қырғын соғыс болып жатқан Украинада – 26 пайыз, бейбіт елде – 22 пайыз инфляция! Бұл не деген масқара! Азық-түлік бағасы 26 пайызға өсті. Бұл – ресми мәлімет.

Өркениетті елдерде мұндай адам осындай уақытта өзі-ақ арыз жазып, қызметінен кетер еді. Өзі ғана емес, бүкіл командасы да кетер еді. Бірақ Әлихан Смайылов орынан кеткен күннің өзінде орнына келетін команда одан артық болады деп ойламаймын. Себебі, жаңа саяси күш келіп, командасын жасақтап, «жаңа үкімет келді» деп айта алатындай өзгеріс Қазақстанда болмайды. Өйткені, әкімшілдік-әміршілдік жүйе қалды. Біреулер оны Назарбаев дәуірі дейді. Мен мұны бұрынғы коммунистік-тоталитаристік жүйенің жалғасы деп білемін.

Тегтер: