6 Қараша 13:09
...

«Ауыл аманаты» жемісін беріп жатыр

аманаты
Фото: amanatpartiasy.kz

Ауылшауашылығын дамытуға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау артып келеді. Бірнеше жылдан бері жалғасын тауып келе жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы бұл сөзімізді айғақтай алады.

Аталмыш бағдарлама шаруаларды қолдауға бағытталған. Мәселен, өткен жылы Қостанай облысына қарасты Қарабалық ауданының тұрғындарына жалпы сомасы 120 млн теңгеден астам шағын несие берілген екен. Нәтижесінде жергілікті тұрғындар жеке кәсібін дөңгелетіп әкетті. Аталған ауыл тұрғыны Гүлмира Айтанова да «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мемлекет берген қаржылай қолдауға ие болған. Шаруа қолына тиген 5 млн 600 мың теңгеге ірі қара мал сатып алыпты.

ірі қара
inbusiness.kz

«Мен Бөрілі ауылының тұрғынымын. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы жөнінде естіген соң аталмыш жобаға қатысуды жөн көрдім. Сөйтіп, қажетті құжаттарды жинап, арнайы комиссияның сараптамасына жібердім. Ондағы мамандар менің бизнес жоспарымды бірауыздан мақұлдап, сәйкесінше арзандатылған несие берді. Бірден 12 бас ірі қара мал сатып алдым. Бұл бағдарлама ауыл тұрғындары үшін өте тиімді деп санаймын. Себебі, мен алған несиені екі жылдан соң қайтаруға тиіс боламын. Яғни, бес жыл ішінде төлеуге міндеттелдім. Бұл мен сияқты қарапайым шаруалар үшін өте қолайлы ұсыныс саналды. Неге десеңіз, мұндай несиені екінші деңгейлі банктен алатын болсам, бірден қатаруға тиіс болар едім және оның пайызы да жоғары түскен болар еді. Сондықтан «Ауыл аманатын» онтандық шаруаларға жасалған жәрдемге балаймын», – дейді ағынан жарылған шаруа.

Былтыр аталған бағдарлама аясында жеке кәсіп ашуды жөн көрген облыс тұрғындарына 900 млн теңге қаржы бөлінген. Осының арқасында көптеген ауыл тұрғындары арзан несие алып, тіршілігін дөңгелетуге мүмкіндік алған.

«Халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында шағын және орта бизнесті қолдауға негізделген түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың тиімдісін көпшілік кәдесне жаратып жатыр. Әкіммен жүздесу барысында да осыған байланысты ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ондай шаралар барлық ауылдық округтерді бірдей қамтып отыр», – дейді Қарабалық аудандық әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Әбілов.

«Ауыл аманаты» жобасының жемісін көріп отырған шаруалар арасында Қалагұл Тұмарбай да бар. Жеке кәсіпкер жеңілдетілген несие алып, жеке тігін цехын ашып алған.

цех
ult.kz

«Биыл 2,5 пайызбен 4 млн 800 мың теңге жеңілдетлген несие алып едім. Бес жыл мерзім ішінде төлеуге тиіс боламын. Алған қаражатқа үлкен екі тігін машинасын сатып алып, соны кәдеге жаратып отырған жайым бар. Себебі, бұрын пайдаланып жүргендерім өте кішкентай болғандықтан, жұмыс жасауға қолайсыздық тудыратын еді. Бұл өз алдына өндіріс сапасын әрі санын арттыра түсті», –дейді Жетісу облысының тұрғыны.

Жетісу облысы ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев ағымдағы жылы «Ауыл аманаты » бағдарламасы аясында облысқа 3,2 млдрд бөлінгенін алға тартты. Бұл сома 582 өңір шаруаларына табысталған. Жалпы қаражаттың 90 пайызы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған.