22 Қыркүйек 17:30
...

Нұрбол Назарбаевтың құпия ісі: Сот НЕГЕ жабық өтіп жатыр?

Активтерді қайтару комитеті
Фото: Коллаж NEGE

Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитеті Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың үстінен сотқа шағым түсірді. Бірақ бұл сот процесі Сіз бен біз ойлағандай ашық өтпейді екен.

Сот істің егжей-тегжейін жария етпеді, өйткені істе «құпия материалдар» қаралады-мыс. Әдетте сот қарайтын істе мемлекеттік құпия болса, сондай-ақ ірі активтерге, халықаралық меншіктік тетіктерге немесе ақпарат жария болған жағдайда бағасы күрт төмендеуі мүмкін нысандарға қатысты болса, істі жабық қарайтын. Ал Нұрбол Назарбаевтың ісіне қатысты сот нені құпиялағаны әзірге белгісіз.

Бас прокуратура
Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің төрағасы Н.Сүйіндіков.Фото: gov.kz

Неге екені белгісіз, Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитеті де «клиенттерінің» тізімін құпия ұстайды. Себебін түсіндіріп жатпайды. Осыдан соң түрлі долбарлар мен болжамдар айтылады. Бұл жолы да солай етті, Нұрбол Назарбаевтың «тергеу орбитасында» екенін құпия ұстады. Ашық ақпарат болмаған соң бұл жолы да жұртшылық сотта қандай мәселе қаралып жатқанына және Нұрбол Назарбаевқа тиесілі қандай дүниелер барына қатысты әдеттегідей болжам жасауға мәжбүр. 

Нұрсұлтан Назарбаевтың туған бауыры, «отбасының белді мүшесі» болған Болат Назарбаев о дүниеге аттанған соң оның мүлік-мүкәммалына көптеген мұрагерлері таласып жатқаны белгілі болған. Солардың ішіндегі ең «жондысы» әрі заңды мұрагер Нұрбол екені де әр-әр жерде айтылып жүрді. Ал енді ол «заңды мұрагер» боп танылғанымен мұрагерлікке қалған дүние-мүлік заңды ма? Мемлекетке тиесілі қандай дүниелер тізімде бар? Активтерді қайтару комитеті қандай талап қойды? Сот неге құпия өтіп жатыр?

Нұрбол Назарбаев «Ескі Қазақстанның» көп шенділерінің бірі емес, ол – «отбасы мүшесі», экс-президент Н.Назарбаевтың туысы. Ендеше, сот процесі барысында жоғарыдағы сұрақтарға берілетін жауап нақты әрі ашық болуы керек.

NEGE порталы Бас прокуратураның Активтерді қайтару жөніндегі комитетіне және Жоғарғы сотқа ресми сауал жолдады.