20 Маусым 21:20

Асқар Жұмаділдаев: «Әл-Жәбрдің атасы» журналы – ғылымның бастау бұлағы

"Әл-Жәбрдің атасы" журналы
Фото: жеке мұрағаттан

Елімізде жарты жылдан бері математика бағытында «Әл-Жәбрдің атасы» атты журнал қазақ тілінде шығып келеді. Жуырда ғана осы журналдың өзбек тіліндегі нұсқасы жарық көрді.

Мұның бастауында ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев тұр. NEGE тілшісі ғалымнан бұл журналды өзге тілде басып шығарудағы мақсаты жайында сұрап көрді. 

 – Асқар Серқұлұлы, қазақ тіліндегі «Әл-Жәбрдің атасы» журналының өзбек тілінде жарық көрудегі мақсаты не?

– Бұл ғылыми-көпшілік журнал. Қазақстанда мыңдаған газет-журнал шығады. Оның бәрі әдеби, саяси, өнер саласына арналған. Ал ғылымға арналған бірде-бір ғылыми-көпшілік журнал, газет жоқ. Мұндай журнал басқа өркениетті елдердің барлығында бар. Мәселен, орыс тілінде жүздеген журнал жарық көреді. «Наука и жизнь», «Квант», «Знание сила», «Юний техник», «Юний натуралист», тағысын тағы. Бұл менің соңғы жиырма-отыз жылдағы айтып жүрген мәселе. Мұнда екі мақсат бар.

Бірінші – ғылымды көпшілікке насихаттау. Ғылым – қазаққа қарыз. Кейбір ғылыми деңгейде жарық көретін журналдарды сол сала мамандарынан басқа ешкім оқымайды. Бізге керегі – жас ұрпаққа ғылымды насихаттау. Екінші – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру. Өйткені, қазақ тілі барлық салада қолданылуы керек. Ең алдымен, саясатта, бизнесте және технологияда көрінуі қажет. Ал шын мәнінде, қазақ тілі тек ауыл-аймақ, отбасы ошақ қасы деңгейінде қалып қойған.

жеке мұрағаттан

Қазақ тілінде еңіретіп жыр жазуға, айқайлатып ән айтуға болады. Бірақ технология қазақ тілінде сөйлемейді. Оның орнын толтыру – басты себеп. Яғни, баланың тіліне икемдеп, түнде ұйқтағанда түсіне кіретіндей етіп айтып, жазғымыз келеді. Негізгі мақсат осы. Бұл мәселе жайында мен айтпаған министр жоқ, депутат жоқ. Әйтсе де, ешкім ештеңе істемеді.

Өзіңіз білесіз, 2003 жылы Ғылым академиясы жабылып қалды. 20 жыл уатықын босқа өткізді. Ғылым бір бөлек, академия бір бөлек, ал ғылыми институттар өзінше отау құрып кетті. Сосын президент Қ.Тоқаевтың жарлығымен Ұлттық ғылым академиясы қайта құрылып, орнына келтіру міндеті қойылды. Ғылым академиясы қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мақсатында жұмыс істейді. Екінші шарт – ғылыми-көпшілік әдебиет жарық көруі тиіс. Бұл бір емес, оншақты, ал оқулықтар жүздеген, мыңдаған болуы мүмкін. Соның бастау бұлағы осы – «Әл-Жәбрдің атасы» журналы.

«Әл-Жәбр» дегеніміз – алгебра, ал оның негізін қалаушы – осыдан 1200 жылдай бұрын Арал теңізі маңында өмір сүрген Әл-Хорезми. Ғұламаның сол заманда математика іліміне енгізген термин-ұғымдары бүгінге дейін қолданылып келеді. Кейбірі технологиялық прогреске жол ашқан. Ғалымды тұтас Орталық Азия халықтары мақтан тұтады. Ғылыми-танымдық журналдың «Әл-Жәбрдің атасы» деп аталуы сондықтан.

 – Журналдың шығарушысы өзіңіз бе?

 – Уақытша редакторы – өзім. Болашақта тізгінді орнымды басатын біреу келуі керек. Алғашқы кезде қаржы мәселесі туындағаны рас. Өзім жалақы алмасам да, жұмыс істейтін жастарға жалақы тауып беруім керек. Qalan Edtech компаниясы бірден қолдау көрсетті. Онда өзімнің студенттерім жұмыс істейді. Кезінде математикадан репетитор болып жүрген жастар менен кеңес сұрап келген. Сонда «Сендер онлайн оқу ашыңдар. Оның алгоритмін жасап, оқытудың тиімді жолын пайдаланыңдар» деп ақыл айтқанмын. Сол өте дұрыс болып шықты. 5 жыл дайындалып, жұмыс істеді. Оның ішінде бағдарламасын түзіп, бар тетігін жасақтады. Қазір бұл Қазақстандағы №1 онлайн оқытатын мектепке айналды. Қателеспесем, айналымы ай сайын миллиард теңге болуы мүмкін.

Мұның басында Асқар Болат деген жігіт тұр. Оның маған алғаш келгені, танысқанымыз қызық. Оның айтуынша, атасы маған ұқсасын деп, менің есімімді қойған екен. Сол жігіт тапқан пайдасының бәрін білімді, ғылымды дамытуға жұмсап отыр. Ойы озық, ниеті дұрыс. Сондықтан мұндай оқу жүйесіне сұраныс барлық елде бар. Ағылшын, қытай тілінде де бар. «Біз асықпайық. Алдымен қазақ тілінде жарылқап алайық. «Көш жүре түзеледі» дедік. Бұл мәселе тек бізде ғана емес, бүкіл түркітілдес елдерде, жалпы орта мемлекеттің бәрінде бар.

Qalan компаниясы
жеке мұрағаттан

Біз Ресей, АҚШ, Қытай сияқты алпауыт ел емеспіз. Оларда мұндай мәселе жоқ. Ал орта мемлекеттерде түйткіл шаш етектен. Бізде де, өзбектерде де шығып тұрған журналдар кезінде жабылып қалды. Qalan математикадан интерактивті онлайн порталы Өзбекстанда филиалын ашты. Қазір оқыту жүйесі бойынша бірінші орынға шықты. Қазірдің өзінде 60 адам жұмыс істейді. Мыңдаған бала оқып жатыр. Біздің жігіттер «Бізде «Әл-Жәбрдің атасы» журналы жарық көреді» деп айтса, өзбектер таң қалып «Бізге де керек. Біз де шығарайық» депті. Сосын мен де келістім. Негізі мақсатым – бұл журналды Иран мен Тұран төңірегінде дамыту. Өйткені, кезінде Түркістан, қазіргі Орталық Азия аймағында үлкен өркениет болды. Бүкіл ғалымдарды алып қарасаңыз, мәселен Әл-Фараби, Әл-Хорезми, Ибн-Сина осы жерден шыққан.

Сол аймақта балаларға арналған дені дұрыс ғылыми журнал жоқ. Біріншіден, халық мұның неге керегін түсінбейді. Екіншіден, үкімет қолдамайды. Үшіншіден, оқырман көп емес. Демек, мақала сапалы болуы керек. Оның мынадай шарты болуы тиіс. Бірінші, ғылым туралы, екінші – қысқа ғана, үшінші – ана тілінде болуы керек. Өкінішке қарай, ғылыми мақала жазатын адам жоқтың қасы. Қазақстанда ғылыми журналистика дамымаған. Нөлге тең. Журналистер тек саясат, өнер, тарихты жазуы мүмкін.

Ал жаңа технология, ғылым туралы жазбайды. Соған қарамастан мақаланың көбін өзім, сосын ғылымда жүрген жастар жазады. Кейбір журналдар педагогтардың сабақ жоспарын жариялап қана отырады. Бізге ондай керек емес. Мұндай ешкім оқымайтын материал кімге керек? Балаларға қызықты етіп жазу керек. «Терминком», «Ғылым қазығы», «Тосын пікір» айдарында небір материал жарық көруде.

Қазақстанда ең мықты үш мектептің жүйесі бар. Бірінші – физика-математика, екінші – қазақ-түрік лицейі (БИЛ), үшінші – Назарбаев зияткерлік мектептері. Жұрттың бәрі 5-сыныптан бастап баласын осы мектептерде оқыту үшін дайындай бастайды. Бұл білім ұяларына түсу оңай емес. Репетитор жалдап, неше жыл оқытады. Ал біз солар шығаратын есептің бәрін журналдағы «Тай жарыс», «Құнан жарыс», «Дөнен жарыс» айдарында жариялаймыз. Біз есепті беріп қана қоймай, шығару жолын түсіндіреміз. Әңгіме – тілде емес, ғылым мен алгоритмінде. Қазір бұл журнал Қазақстанда ешкімнің көмегінсіз 600-дей оқырманы бар. Әрқайсысы ақша төлейді. Тегін таратуға болмайды. Ең бастысы, әзірге халықтың көзқарасы жақсы. Біз соны ақтап жатырмыз деп ойлаймын. Себебі, біз қазаққа не керегін біліп отырмыз. Журнал физика мен математикаға қатысты болса да, ғылымның барлық саласын қамтимыз. Мәселен, әр саны роботқа, космосқа, математика ғылымының негізін қалаған ғалымдарға арналады.

жеке мұрағаттан

Журналдың өзбек тіліндегі нұсқасын жергілікті ғалымдар қалай қабылдады? 

– Бес академик, министрліктен өкілдер келді. Бәрі жоғары деңгейде өткізуге атсалысты. Физика қоғамының, жас ғалымдар ұйымының басшысы қатысты. Оларда алғашқы кезде «Әл-Жабр деген біздің бабамыз ғой. Бұл журналды неге біз шығара алмадық?» деген ой болуы мүмкін. Бірақ бұған таласатын ештеңе жоқ. Әл-Жабр қазақ па, өзбек пе, иран ба, онда тұрған дәнеңе жоқ. Ол – Орталық Азиядан шыққан бүкіл әлемдік өркениетке орасан үлес қосқан тұлға. Ғалым 9 кітап жазса, бізге оның бес-алтауы ғана жеткен.

Әл-Хорезмиден екі сөз қалды: алгебра және алгоритм. Қарапайым телефон, теледидар және техниканың өзге де түрлері әуелі алгоритмнен құралады. Журналды «Әл-Жабрдың атасы» деп қойған себебіміз, ұрпақтары да соған лайық болу керек деп шештік. Бізге керегі саясат емес, тек қана ғылым мен білім. Осы журналды Тұран аумағында дамыту – басты арманым.

Бұйырса, Өзбекстанда тұсауы кесілді. Алдағы бір-екі айда жарық көреді. Жұрттың пікірі қандай және таралымы қалай болатынын көреміз. Егер жақсы нәтиже берсе, әрі қарай ай сайын шығаруды қолға аламыз. Журнал өзбек тілінде шықса да, материалы ортақ. Қазір қазақ тіліндегі озық мақалаларды өзбек тіліне аударып жатырмыз. Арасында біз де олардың мақаласын қазақ тіліне аударып жариялай аламыз. Өзбек тіліндегі журнал да қазақ тіліндегі нұсқасы сияқты 1 мың данамен шығады. Енді Әзірбайжан қызығушылық танытып отыр. Одан кейін Түркияға барамыз.

Мектептер, оқу орындары журналға жазылып жатыр ма?

– Астанадағы акдемиялық кітапханада бар. Басқа кітапхана жазылып жатыр дегенді естімедім. Мұғалімдер тегін нәрсеге үйренген ғой. Алдағы уақытта мектептер де жазылса қуанамыз.

Біздің балалар математикадан, робототехникадан көш алдында келе жатыр. Халықаралық, республикалық байқаулардан жүлделі оралады. Мұның басты себебі неде деп ойлайсыз?
– Ешқандай ерекшелік жоқ. Қазақтың баласы да басқаның баласымен бірдей. Бірақ біздегі оқу жүйесі жақсы. Негізі кеңестік білім беру жүйесінің арқасында олимпиадаларда озып келеді.

Математикадан олимпиада
ғаламтордан

Кейбір мамандар кеңестік білім беру жүйесінен арылып, дамыған елдердің тәжірибесіне сүйену керек дегенді айтады. Сіздің ойыңыз қандай?

– Бос сөз. Көбі Финляндия сияқты болуға ұмтылады. Бірақ ол жақта балалар бір ауысымда оқиды. Түстен кейін бос. Ал Қазақстанда кем дегенде 800-дей мектеп оқушылары үш ауысымда білім алады. Бұл – бір. Екіншіден, шетелде мұғалімдермен қоса, ассистент жұмыс істейді. Үй тапсырмасын сол тексереді. Тағы бір мәселе – мұнда 12 жылға дейін оқиды. Мамандықты таңдап шығады.

Мінеки, Қазақстанда осындай жағдай жасай алатын мүмкіндік бар ма? Қай ауылдың мектебінде жағдай жасалған? Қай ауылда балалар емін-еркін спортпен шұғылданатын алаңқай, бассейн бар? Иә, елімізде мектеп салуға енді көңіл бөліп жатыр. Әзірге мектеп жетіспеушілігі мәселесі күн тәртібінде. Сондықтан жоқ нәрсені армандаудың не керегі бар?

Мысалы, Финляндия мектептерінде үй тапсырмасын бермейді. Бала басын ауыртпайды, балалық шағын бақытты өткізеді. Бірақ бұл бізге келе ме? Біздің балалар лағып кетпей ме? Мысалы, балалар сенбі күні сабақ оқымайды. Өзін-өзі дамытудың орнына ұялы телефонға жабысып отырады. Ал біздің балалардың олимпиадаларда, байқауларда топ жарып шығуы – математиканы білгендіктен. Олар тарихты, заңды, тілді білмеуі мүмкін. Сіз айтқан шетелдің көбінде физика, математика, химияны бірге оқытады. Өйткені, баланың миын ашытып, қинауға болмайды дейді. Бұлардыкі де дұрыс, бірақ бұл бізге келе ме?

Қазір елімізде ақысы жоғары оқу орындарының бағасынан екі есе жоғары жекеменшік мектеп көбейіп кетті. Неге?

– Бәрі сондай боп кетті. Қазір университетте оқу ақысы мектептен арзан. Негізі АҚШ пен Ұлыбританияда қоғамдық және жеке мектептер баршылық. Ал әлгінде айтқан Финляндияда барлық мектеп стандарты бірдей. Бұл – бай ел. Қазақстанда жекеменшік мектептің болуы – заңды нәрсе. Өйткені, мемлекеттің шамасы келмей жатыр. Сосын жеке мектептің қаптап кетуі – сұраныс бар деген сөз. Бізде байлар да көп. Баласына қарайтын уақыты жоқ болған соң, жекеменшік мектепке береді. Тіпті, бір оқу жылына 4-5 млн теңге төлейді. Ал оларға «Мұндай мектепке неге бересің?» деп айтуға құқымыз жоқ. Алайда, сапалы білім бере ме, жоқ па, ол жағын білмеймін. Негізінен бұл мектептердің қулығы көп. Физика-математика мектептерінің бітіруге шақ тұрған оқушысын өзіне тартып алады. Олимпиададан жүлде алып жүрген бала келсе, бұл жекеменшік мектептің рейтингін көтереді.

Жоғары оқу орны
ғаламтордан

Жастардың ғылымға деген құштарлығын арттыратын, ғылымы мен технологиясы дамыған елге қашан айналамыз? 

– Қазір ғылымға көңіл бөліп жатқанымыз қуантады. Назарбаевтың Ғылым академиясын жапқаны үлкен қателік болды. Ал қазіргі президент көптеген игі істі қолға алып, жұмыс істеп жатыр. Бұл енді бірден көзге көрінбейді ғой. 30 жылда қираған дүниені бір-екі жылда қалпына келтіру мүмкін емес. Тағы бір мәселе – басқа ел оқу орындарының филиалдарын беталды аша берудің керегі жоқ.   

Мұны далақтау дейді. Кезінде елімізде 150 жоғары оқу орны болды. Сосын 120-ға қысқартып еді, қазір қайтадан 150-ге таяп қалды. Бұл оқу орындарын кім тексеріп жатыр? Жартысынан көбі түкке керегі жоқ. Одан да өзіміздегі оқу орындарының әлеуетін көтеру керек. Бұл футболға шақыратын легионерлер сияқты ғой. Олар футбол ойнай алмайды. Өйткені, біреудікі. Ақшасын алады да кетеді. Сондықтан сырттан келгеннің бәрі «сені жарылқайды» деген бос сөз.

Егер оқу орнының филиалын ашатын болса, тек мықтыларын ғана шақыру керек. Білуімше, дәл осындай 12-15 оқу орны ашылды. Оның өзі танымал, белгілі оқу орны емес. Дайындайтын мамандығы сол баяғы тіл, тарих, экономиканың маңайында ғана. Сондықтан ең мықты оқу орындарының бөлімшесін ашу қажет. Бізге ядролық физиканы үйрететін адам керек. Аккумулятор жасайтын мекеме қажет. Бұл шетелдік оқу орындары бәсеке санап, жаңа технологияны бізге үйретпейді де. Сосын мұндай оқу орындарына кім көрінген түсе алады. Тек диплом беріп жатыр, болды. Керек емес мамандықты оқып, қажет емес дипломды қайтеміз? Қазір әлемде дипломның да керегі жоқ ешкімге. Технология бір орнында тұрып қалмайды. Күнде дамып жатыр. Мұны жастар арнайы курстар оқып алып-ақ меңгере алады.