30 Сәуір 08:47

Асылы Осман: Қазақтың тілін Құдай зор етті, білмейтіндер қор етті

Фото:

Кешелі-бүгін елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті отыз бірінші сессиясы «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» күн тәртібі аясында өтіп жатыр.

«Қоғамдық келісім» РММ директоры Ғалымжан Құсманғалидің айтуынша, сессия екі күнге жоспарланған. Бірінші күні үш секция бойынша «Ұлт келешегі және ҚХА-ны жаңғырту, «Халық бірлігі; білімнің, мәдениеттің және азаматтық қоғам мен бұқаралық медиа институттарының рөлі» және «Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар сессиясы» тақырыбы талқыланды.

Президент Қ.Тоқаев «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді.   Біз жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Олардың бойына татулық пен келісім, төзімділік, толеранттылық пен мәдени ықпалдастық құндылықтарын сіңіру айрықша маңызды», – деді пікірінде.

Nege.kz тілшісі қоғам қайраткері Асылы Османның пікірін білген еді.

– Қазақтың жері жақсы, көптеген ұлт топырағын басып, суын ішіп жүр. Бірақ қазақтың өзі жақсы да, тілі жаман ба?! Наны тәтті, тілі ащы ма? Бұлар неге 30 жылда тілді тұғырына қондыра алмайды? Оның ең негізгі себебі мына үш нәрседе:

Бірінші – қазақ тілінің қажеттілігін арттырмай отыр. Екінші – талап қойылмай, үшінші – сұраныс болмай тұр. Содан кейін жұртта ниет те жоқ. Мысалы, баланы шетелге оқуға жіберсеңіз, ол бір жылдың ішінде сол мемлекеттің тілін меңгереді.

Ең қиын – тіл қытай, хинди тілі. Бірақ шетелге оқуға барған студент бір жылда меңгереді. Не үшін? Себебі, оған қажеттілік бар. Ол тілді меңгермесе, оқи алмайды, ертең жақсы маман болып шықпайды. Бұл – қажеттілік. Ал менің елім олай етпей тұр ғой. Не талап қоймайды, не тілге деген қажеттілікті арттырмайды, не сұраныс жоқ.

Тіл – сөйлеу арқылы ғана дамиды. Тіл – халықтыкі. Тіл халықпен бірге туады, бірге жасайды. Халық кетсе де, тіл өмір-бақи дамып, жалғаса береді. Біз неге тілдің қадіріне жетпейміз? Қазақтың тілі – Қазақстанда ғана қолданыста болатын мемлекеттік тіл. Ақын, жазушы Сәкен Сейфуллин «Тіл – ауыздың ішінде, оны шығару керек», – деп айтқан. Яғни, қолданысқа енгізу керек. 30 жылдан бері айтып келеміз мұны. Сұраныс болмаған соң, ешкімге керек болмай тұр.

Ата заңда, Тіл туралы заңда қазақ тілін бірінші орынға қоямыз. Конституцияның 7-бабының 1 тармағында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылса, осы баптың 2-тармағында «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп көрсетілген. Бұрын орыс тілін – ұлтаралық тіл, кейін ресми тіл деп жаздық. Бірақ екіншіні орындаймыз, біріншіні жоқ. Неге? Яғни, біз өзіміз қабылдаған заңды да орындамаймыз. Ал орыс тілі неге қазақ тілімен қатар қолданылуы керек?

30 жылдың ішінде 30 сөзді меңгермегендер бар. Тіпті, депуат мандатына ие болғандар қазақ тілінде ант бере алмайды. Кейбірі біле тұра сөйлегісі келмейді. Қазақ тілі – мемлекеттің тілі болғаны үшін бәріне ортақ. Ал тіл ортақ болмай қоғам ешуақытта топтаспайды.

Тілді білмеген адам ұлттың жандүниесін түсінбейді, ұлттық бойындағы адами асыл қасиетті білмейді. Содан кейін де ұлтты сыйламайды. Оларға бәрібір. Егер қажеттілік болса, меңгеріп, сөйлеп кетер еді.

Бірде Әзірбайжанға барғанда баяндаманы қазақша, түрікше, әзірбайжанша араластырып жасағандай болдым. Сол кездегі Әзірбайжан президенті Гейдар Әлиев дүниежүзі әзірбайжан ұлтының алдында жаныма келіп: «Айтқаныңыздың бәрін түсіндік. Сөзің де, тоның да – қазақша», – деп арқамнан қақты. Сонда: «Мен қай елде тұрамын, сол елдің азаматымын. Сол елдің мемлекеттік тілін білуім керек», – дедім.

Тіл – құдірет. Тіл – біріктіруші. 2006 жылы Н.Назарбаев: «Мемлекеттің тілі – ұйыстырушы фактор», – деп айтқан. Содан бері қазақтар болсын, Ассамблеяның өзі болсын бұған мән беріп қарады ма? Баламызбен де орысша сөйлесеміз. Бізде айту бар да, оны жүзеге асыру жоқ. Бүгін, ертең жүзеге асырсын демесек те, «алыс сапар – қадамнан басталады» демекші, бүгіннен бастау керек. Сосын бір-екі адам емес, жалпы қоғам болып еліне, отанына деген жанашырлық, сүйіспеншілікпен әрекет етуі керек. Қазақтың тілін Құдай зор етті, білмейтіндер қор етіп отыр.

Ассамблея құрудағы негізгі мақсат дұрыс. Бірақ ассамблеяны жүргізу жүйесі дұрыс емес. Ассамблея неге қазақтың және қазақ тілінің төңірегінде топтаспайды? Мемлекеттің тілін неге меңгермейді, неге сөйлемейді? Үнемі қазақ тілін білетін бес-алты баланы сайратып қояды. Маған бес-алтауының сөйлегені керек емес. Қоғамның барлық саласында қолданыс аясы кең болып, өз тұғырына қонуы керек.

Ассамблеяға жастар қанаты не үшін керек? Неге жастарды бір-бірінен бөледі? Тәуелсіздік алғаннан кейін өмірге келген жастар үшін арнайы ұйым құрудың қандай қажеттілігі бар? Олар не бітіреді? Ақшаны неге босқа шашамыз? Бір ауылда бес үй өзге ұлт өкілі болса, енді бір ауылда жоқ. Сол үшін бөліну керек пе? Жас буын қазақтың қадірін біз сияқты түсінбейді. Өйткені, қиын-қыстау уақытта қазақ бізге қонақжайлылық танытып, қайырымдылық көрсетті. Сол үшін бізден қайтарым болуы қажет.

Ұлттық кеңес отырысы бір айдан кейін өтеді дейді. Оның ең маңыздысы – диалог құру. Ассамблеяны да соған қосса деймін. Келешекте солай болады деп ойлаймын.

Тегтер: