«Өлгеннің жаманы жоқ...» – Дулат Исабеков Мұхтар Мағауин туралы
Бүгін Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин өмірден өтті. Қаралы хабарды дүйім елге оның ұлы Едіге Мағауин естіртті.
NEGE тілшісі былтыр ақпарат құралында біраз айтысып-тартысқан замандасы, жазушы Дулат Исабековке хабарласқан еді.
– Дулат аға, замандасыңыз Мұхтар Мағауин өмірден өтіпті. Суыт хабарды естідіңіз бе?
– А-а-а, ойбуй, не дейді? Иманды болсын! Ойпырм-ай, ауырып жатпаған сияқты еді. Екеуміз өткен жылы ғана бір-бірімізге ақпарат құралдары бетінде жауап беріп едік. Марқұм Мұқаң қараптан-қарап маған тиісті ғой. «Маған неге тиісесің?», – десем, ол: «Сен Оралханның (Оралхан Бөкей – ред.) қадірін білмей кеттің», – дейді. «Оралханның қадірін неге білмеймін?! Ол туралы «Өмір деген ертегі» деген үлкен мақала жазғам. Неге мен оны ұмытамын? Ұмытсаң, сен ұмытқан шығарсың?!», – деп салғыласып, бір-бірімізді кінәладық.
-
Оқи отырыңыз: Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауин өмірден өтті
«Сен өзің шетелде неғып жүрсің? Сонда жүріп қазақ әдебиетін насихаттай ма деп ойлап едім. Тым болмаса, өзіңді насихатта, сол арқылы қазақ әдебиетін насихаттайсың. Сонда жатып алып маған, Шахановқа, басқа да жазушыларға тиісесің. Оларда нең бар? Өз тірлігіңмен айналысып, шығармаларыңды жазып, оны шетелге насихаттамайсың ба?!», – деп айтысып-тартысып қойғанбыз. Мұхаң өзі тыныш жүрген адамға тиісіп жүретін еді ғой.
– Өлімнің хақ екеніне осындайда тағы бір мәрте көз жеткіземіз ғой. Жалпы, сіз үшін Мұхтар Мағауин қандай тұлға?
– Иманды болсын дегеннен басқа не дейін. Шетелге кетіп қалды да, қазақ әдебиетімен шаруасы болмай кетті, неге екенін қайдам? Өзі де «мания величия» болып кетті. Ертеде «Қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезов және менен басқа ешкім жоқ» дегенді ашық айтты ғой. Сөйтуге бола ма екен? Қалғандары қайда? Әдебиетті ол ғана жасаған жоқ қой. Кейде осындай өзімшілдігі, асырасілтеушілігі бар еді, марқұмның. «Мен» деген роман жазды.
Жалпы, өзімшілдік деген әсте жаман. Қызғаныш адамның денсаулығына өте зиян. Біреудің өмірін, табысын қызғану – жаман қасиет. Егер шетелге кетпей, қазағының ортасында аман-есен жүре берсе, басқаша болар ма еді? Адам шетелден не табады? Өзім бір апта жүрсем, елге сағына ораламын. Ұшақтан түсе бергенде осы жерді сүйіп алғың келеді ғой. Ал олар елін, жерін, ауасын, суын сағынбай жүре береді? Осыны түсінбейтін едім ылғи.
Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабековтер де шетелде жүр. Қазақта «Ер – туған еліне, ит – тойған жеріне» деген сөз бар ғой. Осы мақалды «Ер – туған жеріне, ез – тойған жеріне» деп өзгертіп едім. Қалай адам сағынбай жүре береді? Ауылға барсам да, Алматына сағынып келемін.
– Дегенмен, Мұхтар Мағауин қазақ әдебиеті мен тарихына сүбелі еңбек сіңірген қабырғалы қаламгер ғой. Арада болған кикілжің мен түсініспеушілікті кешіретін шығарсыз...
– Кешіреміз ғой. Қайтыс болғанда кешірмегенде не істейсің? Марқұм өзіне-өзі тапты ма деп ойлаймын. Қызғаныш, біреудің жақсылығын көре алмау – дұрыс емес. Одан адам ішқұса болып кетеді.
Алматыға алып келетін шығар, әлде бірден ауылына жерлей ме екен? Алматыға жазушылардың қасына жерлеген дұрыс қой. Әрине, Мұқаң – қазақтың маңдайына біткен қаламгердің бірі. Сол биігінде жүре беруі керек еді. Сәл озып кетсең, міндетті түрде тиісуші еді ғой. Баяғыда Асанәлі Әшімов, Кәрібай Ахметбеков бастаған бес адам хат жазып: «Осы «мен» дегенді қашан қоясың? Журналды да «Мен» деп, оны түгел өзіңе арнадың. «Мен» деген роман жаздың. Неге «Ол» деп жазбайсың?!», – деген. Солармен де біраз айтысып еді, марқұм. Енді «Өлгеннің жаманы жоқ», иманды болсын деймін.