16 Қыркүйек 13:53
...

Әсем КӨПБАЕВА, «Тенгри» тобының әншісі: ТӘҢІРШІЛДЕР «бізді насихатта» деп қолқа салып жүр

Фото:
«Қазақтан шыққан алғашқы рокерша». Әсем Көпбаеваның өнерін бағалайтын тыңдарман оны осылай атайды.

Және Гиннестің рекордтар кітабына да осы жаңашылдығымен енді. «Тенгри» тобы солисінің этно-поп стилінде ән айтып шыққаны тағы бар. Өнерде арық сөйлеп, семіз шығуға тырысатын әнші тілшімізге сұхбат берді.

Әдетте рок әртістер тентек келеді деп жатады. Сіз қандай қыз болдыңыз?

– Тілазар болдым деп айта алмаймын, бірақ кішкентай кезімнен ағысқа қарсы жүргенді ұнататынмын. Әкем үнемі «ешкімнен жалтармай, турасын айт» деп, бетімнен қақпай өсірді. Содан болса керек, өз ортамда өжет болып өстім. «Турасын айтсаң, туғаныңа жақпайсың», осы мінезімнен таяқ жеген кездерім де болды. Бірақ «сүтпен кірген мінез, сүйекпен шығады» деген рас екен,  табиғатымды өзгерте алмадым.  

Десе де өнердегі бағытыңызды өзгерттіңіз ғой...

– Иә, кейінгі кезде этно-поп әндерді жиі орындап жүргенім рас. Бірақ өзімнің жұлдызымды жаққан рок жанрын қалыс қалдырмауға тырысамын. Десе де бұл бағытта жаңа әндер жазбай кеткенімді мойындаймын. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында тұшымды туынды іздеп жүрмін. Негізі этно мен рокты қосып, коллаборация жасағым да келеді.

«Азия дауысы» байқауында екі жанрды араластырып, тәжірибе де жасап көрдік. Тыңдарман жоғары баға берді. Жанымызға түрлі аспаптың құлағында ойнайтын бір өнерпазды алдық, сөйтіп «Тенгри» тобының құрамы бес адамға толықты. Алда тағы қатарымызды арттырсақ деп отырмыз.

Қазір ел ішінде өтетін түрлі фестивальге дайындалып жатырмыз. Қазан айында шетелге шығып, этно музыканың тыңдармандарын қуантып қайтсақ деген жоспарымыз да бар.

– Этникалық туындылар арқылы тыңдарман жүрегіне жол табу қиынға түсіп жатқан жоқ па?

– Бір қуанатыным, қазіргі жастар сапалы ән тыңдауға ден қоя бастады. Жас таланттар да әнінің мағынасына мән беретін болды. Соның бір дәлелі ретінде, Диамышымздан бастап, ел ішінде өнер көрсетіп жүрген Садраддин, Қазбек Құрайыш, Ресейдің рэперлерін шаң қаптырған Скриптониттың шығармашылығын айта аламын.  Осындай жас толқынның еңбегіне тілекші бола отырып, біз де заман ағымынан қалмай, ұлттық аспаптарымызды заманауи музыкамен үйлестре отырып, насихаттап жүрміз.

Жалпы, «Тенгридің» мақсаты да сол – үкілеген домбыра мен қасиетті қобыздың үні арқылы жастардың ұлттық рухын ояту. Оларды мына жаһандану замамында түп-тамырынан ажыратпау.

– Домбыраны харамға балағандармен қарусыз күресіп жатырмыз дейсіз ғой...

– Солай десек те болады. Қазақтың кең байтақ жері мен кеніне кім көз тікпей отыр дейсіз. Сыртқы жауға жұтылып кетпеу жолында жанталасып жатқанымызда, ұлттық құндылығымызды тәрк етіп, қағынан жерігендердің әрекеті жанға батып тұр. Өзінің мәдениеті мен ата-дәстүрін жоққа шығару, адасқан, мәңгүрт адамдардың белгісі деп білемін. «Көргенсіздің тегі жоқ» дегенді бұрынғылар осындай тегі мен жерінен безінгендерге қарап айтқан сияқты...

ВГИК-тің актерлік бөлімінде оқыпсыз. Бірақ экраннан көрінбей кеткеніңізге қарағанда, актрисалық өнеріңіз әншіліктің тасасында қалып қойған сияқты ма?

– «Тенгри» тобы «Триумф» мюзикл театрымен шығармашылық серіктестік орнатқан.

Сондықтан алдағы қазан айының басында «Бьет – значить любит» деп аталатын тамаша трагикомедияда ойнаймын. Қазір сол қойылымға дайындалып жатырмыз.

Ал киноға шақырту түсіп жатса, бас тартпаймын. Бірақ өздігімнен режиссер атаулының  алдына сұранып баратын әдет менде жоқ.  

Айтпақшы, Томиристің образын сомдау арманыңыз болған екен. Осы рөлді ойнаған әуесқой актриса Альмира ТҰРСЫН батыл қыздың бейнесін тиісті дәрежеде бере алды ма, қалай ойлайсыз?

– Альмираның мамандығы актриса емес. Десе де түр-әлпеті, бойы, харизмасымен ержүрек қыздың бейнесін бере алды. Ал шеберлігіне сын айтуға қақым жоқ деп ойлаймын. Бірақ жеке өз басыма ондай образды кейіптеу бұйырса, жанымды салып ойнар едім. Былайша айтқанда, менің ішімде бір Томирис жатыр.

Сахнаға шыққалы шашыңызға қайшы тигізбей келесіз. Бұл образ ба, әлде қолаң шашты жақсы көресіз бе?

– Апа-әжелерімнің ұзын шашын көріп өскен соң болар, бұрымды мен де ұнатамын. Екіншіден, алғаш ел алдына қос бұрыммен шыққан соң бұл менің тұрақты образыма айналып кетті. Неге десеңіз, көшеге шашымды түйіп, не болмаса буып шықсам, көпшілік танымай жатады. Ал екі жаққа өріп шыққан күні тыңдармандарым көрген жерде амандасып, тіпті бірге суретке түсуімді өтінеді.

Бұрым демекші, жуырда  хиджаб киген бір әріптесіңіз концерттерге қатысудан қағылып жатқанын айтып шағымданды. Бұған не дейсіз?

– Діни наным-сенім – әр адамның өз таңдауы. Дегенмен, оны өзгеге таңып, жұртқа жарнама жасаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Сәждеге жығылып жүріп те пендешілік жасайтындарды көріп жүрміз. Дін рухани тазалықтың кепілі болғанымен, намазды әркім өзі үшін оқиды ғой. Сондықтан оны сахнаға алып шығудың қажеті жоқ деп санаймын.

Оның үстіне қазір өнер адамдарының қолымен от көсейтіндер көбейіп кетті. Мәселен, менің өзіме де «тәңіршілдікті қолдау мақсатында насихат айтыңыз» деп қолқа салып жүргендер бар. Мен оларға бір Аллаға ғана сенетінімді айтамын.

– Ресейлік «Камызяки» тобының елге келіп өнер көрсетуіне қарсы наразылық петициясы өз жемісін берді. Бұған алып қосарыңыз бар ма?

– Мен бірнеше жыл Ресейде тұрып, сонда білім алдым. Бірқатар өнер адамдарымен аралас-құралас болдым. Туған әпкем де ресейлік азаматқа тұрмысқа шыққан. Бірақ Ресейдің басқыншы саясатын қолдамайтын болғандықтан, жездем екеуі ол жақтан көшіп кетті.

Қаншама адам бір-бірімен көріспес жауға айналды. Мұның бәрі саясаттың кесірі ғой. Қан аңсаған бірді-екілі саясаткерлердің әрекеті туысқан елдерді жау қылды. Мысалы, Азамат МҰСАҒАЛИЕВТІҢ талантымен  кезінде қалай мақтандық. Оның осындай  елге танымалдығын пайдаланып, Донбасста концерт беруге мәжбүрлеген болуы мүмкін.

Ресейдің бүтін шоу-бизнесін уысында ұстаған Алла ПУГАЧЕВА мен тілі мірдің оғындай Максим ГАЛКИННІҢ өзін елден қуып шыққанда, бір Мұсағалиевтің мысын басу қиын дейсіз бе оларға?! Өнерлі жігіттер сұрқия саясаттың құрбаны болған тәрізді. Таяқтың екі ұшы бар ғой, сондықтан анау дұрыс, мынау бұрыс деп айта алмаймын.

Бір сұқбатыңызда күйеуіңізбен бірге тұрмайтыныңызды айтып едіңіз...

– Иә, Нұрғиса (Әлмұратред.) екеуміздің бірге тұрмайтынымызға үш жыл болды. Бірақ арадағы сыйластық пен қарым-қатынасты сақтап қалдық. Арифа атты қызымыз бар.

– Сұқбатығызға рақмет!

Тегтер: