2 Қыркүйек 15:09
...

Асқар НАЙМАНТАЕВ, актер: ӨНЕР мен ДІНДІ байланыстырудың қажеті жоқ

Фото:

Әзілсүйер қауымның Асқар Наймантаевты танымауы мүмкін емес. Сәби күнінде-ақ сахнада тұсауы кесілген әртістің өмірі сатирамен астасып кетті десек болар.

«Хан тәңірі», «Қара дала» және «Қаракемер балалар театрын» құрған қайраткер актерді сұхбатқа тартқан едік.

– Асқар аға «әзілің жарасса, атаңмен ойна» деген халық едік. Бүгінгі қазақтар әзілді қойып, сөз көтермейтін болып бара жатқан сияқты ғой. Мұның астарына үңіліп көрдіңіз бе?

– Біз әзілмен айтатын астарлы сөздің қадірін кетіріп алдық. Содан кейін бізде рухани интеллигенция емес, шенеуніктік интеллигенция қалыптасып бара жатыр. Қызметте өсу үшін тілін безеп, көсемсіп, тұлғалардың айтқанынан мысал келтіріп кесек сөйлейтіндер қатары көбейді.

Сосын қазіргі әзілкештерде не образ, не әрекет жоқ. Әдемі кәстөм-шалбарын киіп алып сахнаға шығып, былшылдап сөйлей береді.

«Бұралқы сөз күлгенге жақсы» деген, оған сол жерде езу тартқаныңмен былай шыққан соң не айтқанын ұмытып қалуың мүмкін. Егер әзілкештің бүгін сахнада айтқаны он жылдан кейін де мәнін жоймаса, ол сатираның өткір болғаны. Міне, осы себептерге байланысты сөздің де, әзілдің де, шешендік өнердің де қадірі кетті.

Сатира театрларынан гөрі, комедиялық кинолардың асығы алшысынан түсіп тұрғанына осы себеп емес пе?

– Дәл солай. Дегенмен, комедиялық кинолардың да келісті болып тұрғаны шамалы, сахнада айтқан жеңіл әзіл сияқты, қазір көрсең, қазір ұмытып қалатын фильмдер қатары көбейіп кетті.

– Өзіңіз де сондай арзанқол фильмдердің біразына түстіңіз ғой...

– Пенде баласы болған соң, маған да қаражат керек, күнкөріс керек дегендей. Шақырды, бардым, түстім...

Дегенмен, мұны өзге әріптестеріңіздей өнердегі өтпелі кезеңге баламайсыз ба?

– Өнерде өтпелі кезең деген болмауы керек. Тұшымды туынды елу жыл өтсе де көрерменін, тыңдарманын жоймайды. Бірақ біздің бір қателігіміз – өнерді  пайда табу жолында бір күнгі қаралым жинайтын мақсатта ұсынып,  саудаға салып жібердік. Ән өнерінде де, кино өнерінде де осындай көрініс.

Үш театрға бірдей жетекшілік жасайсыз. Жастарың салмақты өнерге таласы бар ма, қалай?

– Жанып тұрған жастар көп. Бірақ штаттың жоқтығынан соларға орын тауып бере алмай отырғаныма күйінемін. Үш жылдан бері  өзім басқаратын театрлардағы қызметкер санын арттыру мақсатында қақпаған есігім қалмады. Парламент отырысына да  қатысып, депутаттар арасында осы мәселені көтердім. Барған жердегінің бәрі құр уәде беріп, өтірік мақтап, шығарып салды. Тіпті, шынын айтсам мадақтауға тойып біттім.

– Мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділов көзі тірісінде театрдың талай театр әртістеріне қолдау көрсетті. Солардың санатында өзіңіз де бар екенсіз. Қазір сондай ағалар бар ма?

– Өзім де біреуге аға болатын жасқа жеттім. Шүкір, жорта жүріп үш театр ашып, жастарды өнерге баулып жүрмін.

Дегенмен, Заманбектей ағаға мен де зәрумін. Ол кісі тірі болғанда, тентіретіп қоймай, манағы айтып өткен мәселемді бір күнде шешіп берер еді. Марқұм: «Әй, шешектер, не істеп жатырсыңдар?», – деп қал-жағдайымызды сұрап отыратын еді.

Амал не, қазіргі басшы-қосшылар сұлу сөзден әріге аса алмайды.  

Әкім-қаралар қойылымға келе ме?

– Маған алдыңғы қатарда айналасына нөкерлерін жинап отартын әкімдердің көк тиынға қажеті жоқ. Оның орынына әзілді түсінетін бес көрермен отырса, соған риза боламын. Себебі қазіргі шенділердің өнерді түсініп тетарға баратынына күмәнім бар. Әшейін, сәнқойлық қалаберді – даңғойлық.

«9 грамм». Б.Беделхан

«Хан тәңірі» театрында Алтынбек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ жайлы «Біздің Алтынбек» атты қойылым әзірлеп жатқаныңызды айтып едіңіз.  Ол пьесаны неге көре алмай жүрміз?

Мен спектакльді сахналауды қолға алғанымда белгілі ақын Бақыт БЕДЕЛХАННЫҢ Алтынбек туралы «9 грамм» атты қойылым даярлап жатқанын естідім. Сосын Бақыт бауырыммен жағаласқандай болмайын деп кейінге шегеріп қойдым.

Өзгенің өнерін құрметтеу керек. Десе де пьесаның сценариі жазылған, дайын тұр. Биыл болмаса, келесі жылы сахналау ойымда бар. Кеудемде жаным тұрғанда алаштың Алтынбегінің рухын көтеруді  парыз санаймын.

Дін өнерге дендеп кіріп кетті. Мәселен, әзіл арқылы дінді насихаттап жүрген әріптестеріңіз бар. Бұған қалай қарайсыз?

– Дінді сахнада насихаттап жүрген адамдарға қарсы емеспін. Ол өздерінің ұстанмы, сондықтан өздері біледі. Тек бір қарынымды аштыратын дүниені айтайын: Өнер мен дінді байланыстырудың қажеті жоқ. Себебі  дінге қызмет жасайтын мешіт бар. Әркім өз ісімен айналысқаны жөн.

Фильмнен көрініс.

Сіздің саяси памфлеттер жазатыныңыз бар. Одан өзін танып «қойсаңшы» дегендер болды ма?

– «Өлейін деп жүрсің бе?!», «Бала-шағаң бар емес пе?», «Онда нең бар?» деген сынды түртпектеудің талайын естігенмін. Менің мұндай сөздерге тіпті  құлағым да үйреніп кеткен.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында өнер көрсетсеңіз, не айтқан болар едіңіз?

– Ешқандай әзілсіз ойымды тура жеткізген болар едім. Мәселен, отыз жыл бойы әдемі шоуға алданып келдік қой. Сондықтан барды – бар, жоқты – жоқ деп айтуын өтінер едім.

– Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасының желісімен фильм түсіріпсіз. Жұрт оны неге көре алмай жүр?

– Ол қысқаметражды фильм, сондықтан ютубқа саламын, не болмаса бір телеарнаға ұсынсам деген ойым бар. Табиғат ананы аялауды насихаттайтын бұл фильм көптен бері ойымда жүрген еді. Сондықтан түсіруін – түсірдім. Бірақ жарыққа шығаруға қаражат жағы қолбайлау болып отыр.

Тегтер: