Архимед Мұхамбетов: Ахмет ауылына жол тартамын деп айта алмаймын

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов орталық коммуникациялар қызметіне келіп, астықты өлкенің әлеуметтік-экономикалық жағдайын таныстырды. Әкім өзге әріптестері сияқты өңірдің тыныс-тіршілігін еш мүдірмей айтып шықты. Алайда ол Nege.kz тілшісінің Ахмет Байтұрсынұлының ауылының жолсыз әрі ұялы байланыссыз отыруына қатысты сұрағына жауап бере алмай, әбден састы.
– Жуырда Жангелдин ауданындағы Ахмет ауылының тұрғыны, ұстаз Әбдісалық Жақсымбетов редакциямызға хабарласып, «ауылдың жолы нашар және ұялы байланыс жоқ» деп шағымданып еді. Келер жылы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы. Ұлы ағартушының мерейтойына орай Ақаң туған ауылға жағдай жасала ма?
– Біріншіден, Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына дайындық туралы айтып берейін. Келесі жылы өтетін мерейтойға дайындықты бастап кеттік. Негізгі іс-шаралар Торғай жерінде, Жангелдин ауданының орталығында өтеді. Сол Торғай ауылында Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына арналған музей күрделі жөндеуден өтеді. Қазір мемориалдық кешеннің құрылысын аудан орталығында салсақ деп жатырмыз.
Жалпы облыста Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік жоғары оқу орны бар. Аталған университетте бірқатар іс-шаралар өтеді. Облыста бірнеше ескеркішті қалпына келтіріп, көшелерді жөндейміз.
Ал Ахмет ауылына келетін болсақ, ол аудан орталығынан 100 шақырым жерде орналасқан. Жол мәселесі күрделі. Бірақ ұсынысты қазір аудан өкілдері беріп отыр... Қазір қарастырамыз.
Ұялы байланыс бойынша, «Қазақтелеком» компаниясымен жұмыс жасаймыз. Қазір шағын ауылдарға интернет барып жатыр. Сол мәселені біз қарастырамыз. Арнайы антенна орнатамыз ба, мобильді оператормен жұмыс істейміз бе, әйтеуір, бір шешім қабылдаймыз.
Жол мәселесін жүз пайыз жасап береміз деп айта алмаймыз. Жүз шақырымдық жолдың ең бірінші жобалық сметалық құжатнамасын дайындау керек. Сол Торғай ауылының өзінде ірі елді мекендер бар. Қазір сол Көкалат, Шұбалаң, Қарасу деген секілді ауылдарға жол өткізіп жатырмыз. Осы жол құрылысын бастадық, соны аяқтауымыз керек.
Жалпы ауылдың өзінде музей үйі бар. Соны қалпына келтіреміз. Содан кейін Ахмет Байтұрсынұлының бабалары жерленген қорымды қоршаймыз. Көптеген осындай шаралар бар. Оның барлығын сізге мысалға келтірмей-ақ қояын. Бірақ сондай жұмыстарды қолға алып отырмыз.
– Сіз өңірге әкім болғалы 5-6 жыл толды. Осы уақыт аралығында Ахмет Байтұрсынұлы ауылына барып көрмеген екенсіз. Әкім болғаныңызға алты жыл болса да жол мәселесі енді шешіледі деген сөзді айтып отырсыз. Ахмет – күллі қазақтың көзін ашқан ағартушы. Осындай тұлғаның туған аулылы жолсыз әрі ұялы байланыссыз отыруы әкім ретінде сізге ұят емес пе?
– Менің әкім болғаныма 6 жыл болды. Біріншіден, мен Арқалықтан Амангелдіге дейін, Амангелдіден Торғайға дейін 40-50 жыл бойы жөндеу көрмеген 300 шақырым жолды жөндедім. Кеңес одағы кезінде ол жер тастақ жер болған. Аудандар арасындағы жолды 100 пайыз шештік. Жаңа Әулиекөл-Жолдама жолы туралы сұрақ қойды. Келесі жылы 200 шақырымдық жолды да аяқтаймыз. Небәрі 16 шақырым қалып отыр.
Бізде 520 елді мекен бар. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ауыл жақында ғана Ахмет атын алды. Бұрын басқаша аталды. Біз, біріншіден, халықтың санына қараймыз. Бізде 12-18 мың адам тұратын аудан орталықтары да бар. Онда да проблемалар аз емес. Сондықтан оның өзінің жоспары бар. Қазір облыс әкімі айтты екен деп Ахмет ауылына бірінші жол тартып, қалған ауылдың жолын кейінге шегеру дұрыс емес шығар. Оны мен емес, комисия шешеді. Бұл мәселені шешетін арнайы комиссия, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес бар. Бюджет бойынша шешімді солар қабылдайды. Жалпы бұл проблеманы білемін. Соны шешуге бағытталған шараларды қабылдаймыз.
Ағартушы өмірге келген үй.
Бұған дейін Ахмет ауылының ауыз су мәселесі болса, оны біз екі жыл бұрын шештік. Одан басқа мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оны да шештік. Ауылда бірнеше өзен бар болатын. Жалпы құны 400 млн теңгеге жаңадан көпір салып, бұл мәселені де шештік. Бұл мәселе ондаған жыл бойы шешілмеген болатын. Сондықтан түк шешілмей жатыр деп айту дұрыс емес шығар. Кемшіліктер бар, оны мен түсініп отырмын. Қоғамдық кеңеспен сол ауылдың азаматтарымен ақылдасып қолға аламыз.
Мәселен мемориалды кешенді бір адамдар Ахмет ауылында, екінші тарап аудан орталығында салу керек деп отыр. Тіпті кейбір азаматтар аталған кешенді облыс орталығында салу керек екенін айтады. Сондықтан да біз көпшіліктің пікірін тыңдап, шешім шығаратын боламыз. Облыс әкімі журналист қойған сұраққа жауап беру үшін бұл мәселені шешуі дұрыс емес шығар?
P.S. Ардагер ұстаз Әбдісалық Жақсымбетов «Облыс әкімі Ахмет ауылынf келіп, жағдайымызды өз көзімен көрсе» деген тілегін жеткізіп еді. Архимед Бекежанұлы тілшіміздің: «Ахмет ауылына барасыз ба?» деген сұрағына «Иә, барамын» деп құтылғандай болды. Алты жыл әкім болып, Ахмет ауылына жол мен ұялы байланыс тартып бере алмаған әкімнің ақталуға тырысқаны біртүрлі орынсыз көрінді.
Серік ЖОЛДАСБАЙ, Нұр-Сұлтан.