30 Шілде 18:53
...

Сот жүйесіндегі реформа: талап күшейген соң судья болғысы келгендердің саны күрт азайған

Фото:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жүйесіндегі олқылықтарды атап көрсетіп, жетілдіру жұмыстарын жүргізуге пәрмен берген. Құқық қорғау саласымен қатар, сот жүйесінде де үлкен реформа жасалып жатыр. Т

алап күшейген соң судья болғысы келгендердің саны күрт азайған. Бұл туралы Жамбыл облыстық сотының судьясы Ардақ Аманжолұлы Әкетаев айтып берді. Оның пікірінше, сот төрелігінде әділеттік пен бейтараптықтан басқа қағидат болмауы керек.

«Неғұрлым сот шешімдері әділ болса, қоғамдағы тұрақтылық күшейіп, дауласушы жақтардың заңға, сот төрелігінің күшіне деген сенімділігі артады. Бұл кәсіпкерлік тартымдылықты да күшейтіп, елімізге шет мемлекеттен келетін инвестицияның көлемін ұлғайтады, экономикамыздың дамуына зор ықпалын тигізеді», - дейді судья.

Бизнес өкілдері өз құқықтарының сот тәртібімен әділетті қорғалатынына көзі жетсе, олар өз қызметтерін тек заң аясында ғана жүзеге асырып, ешкімге жалтақтамайтын болмақ. Кейінгі 4-5 жыл көлемінде сот жүйесіндегі жаңашылдық қайта құрулар үлкен қарқынмен жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде соттарды жаңа кадрлармен қамтамасыз ету бағытындағы өзгерістер аз емес.

«Судья кандидаттарына деген талап күшейгендігі соншалықты, қазіргі кезде бірінші рет судья боламын деп талпынушылардың санын күрт азайды. Көптеген сот орындары әлі де толықпауда. Әсіресе шалғай аудандардағы судья лауазымына үміткерлер жоқтың қасы. Жоғарғы Сот төрағасының «Біліксіз кадр сот болғанша ол орын әзірге бос болсын», - деген қағидаы өз басым қолдаймын. Ерте ме, кеш пе, бос орынға лайықты кадр табылар, ал біліксіз кадр сот төрелігін жүзеге асыруда қателік жіберіп, жеке және заңды құқығына зор нұқсан келтіруі мүмкін», - дейді Ардақ Әкетаев.

Сот саласындағы үлкен бір жаңашылдықтың бірі – әкімшілік юстиция қызметінің жандануы. Әкімшілік юстиция – мемлекеттік басқару жүйесіндегі заңдылықтың сақталуына бақылауды жүргізетін арнайы органдардың, мамандандырылған соттардың жүйесі. Дауларды шешуге мамандандырылған арнайы соттар азаматтар мен мемлекеттік емес заңды тұлғалардың құқықтарын қорғайды.

«Қарапайым азаматтардың мәселелерін дер кезінде шешіп бере алмаған мемлекеттік органдарға қатысты сот тарапынан қатаң ұстаным қалыптасып, әсерлі шара қолданылуда. Сондықтан, қазіргі кезде мұндай даудың сотта қаралуының өздеріне тиімсіз екендігін түсінген құзырлы органдар дауды сотқа дейін жеткізбей шешіп беруге талпынып жатыр», - дейді Жамбыл облыстық сотының судьясы.

Ардақ Әкетаев судьялар шешім шығарғанда адамгершілікті негізге алу керек екенін айтады. Себебі, мемлекеттік құрылымның негізгі мақсаты – мемлекеттің әр мүшесінің қоғамда толыққанды өмір сүруін қамтамасыз ету.

«Адамгершілік қасиеті бар маман қандай даулы жағдайда да дұрыс шешім қабылдай алады, қоғам мүшелерінің көңілінен шығады. Судьяда бұдан басқа ең қажет қасиеттің бірі – сабырлық. Көп жағдайда, сот, дауласулар үшін ең соғы саты болып келеді. Қай мемлекеттік орган болсын, дауды шешуде сот сияқты құзыры үлкен емес», - дейді маман.

Сот тәжірибесінде «Кез-келген заңды шешім әділ болмауы мүмкін», ­­- деген түсінік бар. Шындығында, сот өз шешімін тек заң талаптарына ғана сүйеніп шығаруы тиіс.

«Мысалы, белгілі бір тұрғын үйден кәмелетке толмаған балалары бар жанұя мәжбүрлеп шығарылуы мүмкін. Бір қарағанда, бұл әділетсіз шешім болып көрінеді. Алайда, сот зерделеуі осы жайттың қалай орын алғандығын заң тұрғысынан баға берген кезде, олардың тұрғын үйден заңға қайшы келмейтін жағдайда айырылғандығы өз дәлелін тауып отырады», - дейді маман.

 

Тегтер: