Аманғали Сыпабеков НЕГЕ шенеуніктерге пародия жасамайды?
Әзілкештердің арасында пародия жанрында жүрген өнерпаздар саусақпен санарлық қана. Соның ішінде малды да, жанды да айнытпай қайталайтын талант иесі – Аманғали Сыпабеков. «Әзіл әлемінің» актерлері тарай бастады деген әңгіме шыққан соң, театрдың бел ортасында жүрген жігітке хабарласып, өзі мен өзгенің жайын сұрадық.
– Аманғали, сіздің әзілден өзге бір кісідей ән салатын өнеріңіз бар. Бұл талантыңызды шыңдай түссеңіз, біраз әншіні шаң қаптыруыңыз мүмкін ғой...
– Әрине, өзім де үлкен сахнада бағымды сынап көрсем деген ойдамын. Осы мақсатта екі-үш ән жаздыртып қойған едім. Әзірге әншілікке білек сыбана кіріспей, тек той-жиында ғана «әу» деп жүрген жайым бар.
– «Әзіл әлеміндегі» әріптестеріңіздің алды жеке кеш беріп жатыр. Мәселен, Қанат пен Қайрат Қазақстан бойынша тур жасап шықты. Ал таланты ерек Аманғали Тұрсынбек Қабатовтың қабағына қарап жүр ме?
– Мен ешкімге тәуелді емеспін, Аллаға шүкір. Жалпы өз басым қанағатшыл адаммын, сондықтан біреумен жарысатын әдет ешқашан болған емес. Ал шабыттансам тұлпардай жүйткитінім бар, ол кезде ешкім тоқтата алмайды. Арасында болдырып қалатыным да бар, ол сәтте ешкім жөнге сала алмайды. Сондықтан жеке кеш берудің жайы шабытыт пен алдағы уақыттың еншісінде.
– Сонымен, екі әріптесіңіз ел айтқандай театрдан алыстап кетті ме?
– Қайрат пен Қанат су ішкен құдығына түкіретін жігіттер емес. Анығын айтатын болсам, театрдан ешкім кеткен жоқ. Егер Тұрсынбек «жиналыңдар» десе, қазір даярмыз. Жасыратыны жоқ, арада өкпе-реніш те болды, бұл енді кез келген ұжымда қылаң беретін жағдай. Бірақ ат құйрығын кесіскен жоқпыз. Одан соң біздің театрдағы жігіттер кекшіл емес, мінездері – жібек орамал кепкенше ғана. Аяқ-асты апыр-топыр шу болып кетсе, көпке созылмай басыла қалады. Бүгін өзара келіспей қалса, ертең қол алысып, бір-бірін құшақ жая қарсы ала кетеді.
– Десе де театр басшысы Тұрсынбектің алыс-жақын шетелді аралап, жеке концерт беруге кіріскені көңілге күдік ұялатады екен
– Тұрсынбек театр құрылмай тұрып та жеке концерт берген. Сондықтан бұдан астар іздеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Біздің театрда еркіндік қалыптасқан. Мысалы, Қанат пен Қайраттың әзілі жарасымды болғандықтан, ел алдында бірге кеш беруді жөн санады. Мұның қандай әбестігі бар? Әркімнің өзіне бұйырған ырзығы бар, менің несібем оларға, олардың несібесі маған бұйырмайды. Олар тіпті жеке кетсе де құба-құп, тілекші болудан артық ойым жоқ.
– Ал өзіңіз Тұрсынбектің турында төбе көрсететін боларсыз?
– Ол жағы беймәлім. Егер шақырса, барамын. Оның өзінде ел алдына тұшымды дүниемен шықпасам, барып кел-шауып кел үшін жүрмесім анық. Сондықтан мерейтойлық кеште төбе көрсетемін деп уәде бере алмаймын.
– Өнердегі біраз аға буынды әжуа қылдыңыз. Көрген кезде қабағын шытып қарсы алғандары бар болар?
– Ешкім қабағын түйген емес, керісінше, өнеріме тілектестік танытып жатады. Тек Нұржан Төлендиев ағам ғана алғашқы пародиямда «ізденсей, әлі де ұқсамайды ғой» деді. Ал кейін тағы тура сол қалпы қайталай салғанымды көргенде, қолымды алып, арқамнан қақты.
– Сізді америкалық комик Джим Керриге еліктейді дейтіндер бар. Бұған не дейсіз?
– Алғаш сахнаға шыққанымда бір жігіттер «сен Джим Керриге ұқсайсың» деді. Сонда: «Ол кім?» – деп таңырқаған едім. Олар анау «Маска» фильміндегі актер» деп бастап, оның сомдаған рөлдері мен кинодағы аттарын тізбектей жөнелді.
Ауылдан келген баламын ғой, қайдағы Керри, жатсам-тұрсам «Шаншардағы» Уәлибек ағаға еліктейтін едім. Содан олар мені өтірік білместікке салып тұр деп топшылады. Кейін ол кім болды екен деп қызығушылық танытып қарасам, расында арамызда ұқсастық бар екен. Сондықтан оның қимыл-қозғалыстарын қайталау қиындық тудырмады. Оны көрген жұрт «айнымай қалыпсың ғой» десті.
– Біздің елде ат төбеліндей болса да пародия жасайтын өнерпаздар бар. Бірақ арнайы театры жоқ. Неге?
– Пародия – өте қиын жанр. Сондықтан оның театрын ашу үшін алдымен осы жанрда қалыптасқан мектеп болу керек. Мысалы, әзілді сахнаға шығару үшін алдымен оған сценраий жазылады. Ал пародия мимикаға негізделгендіктен, оған ешкім сценарий жаза алмайды.
Мәселен, бір адамды салу үшін оның тұла бойын түбегейлі зерттеу қажет. Ол кісінің әдеттері, сөйлейтін сөздері, қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы, мінезі бәрін сүзгіден өткізесің. Ал одан түйгеніңді қандай да бір қоғамдағы актуалды тақырыптармен байланыстыра білуің керек. Бірақ ол әзілің халыққа өте ме, жоқ па, ол да күмән тудырады.
Оның үстіне бізде пародияға алатын тұлғалар өте аз. Бұл халық санының аздығымен байланыстыма деймін. Сондықтан жалпы жұрт жақсы білетін өнер адамдарын қайталауға тура келеді. Ал ел жыға тани бермейтін жанды салсаң, оны концертке келген жұрттың қабылдай қоюы екіталай.
– Кезінде «77 күн» бағдарламасында Шынар Жанысбекова, Бекжан Тұрыс, Дулыға Ақмолда сынды актерлер шенеуніктерді пародия арқылы шенеп, көрермен ықыласына бөленген еді. Қазіргі саяси элитаны да идеал дей алмаймыз ғой...
– Өз басым саясаттағы тұлғаларға пародия жасау жағын ойламаппын. Алдымен жан-жануарларды салып шығып, соңынан күнделікті көріп жүрген өнер адамдарына көштім. Ал депутат, минстрлерді пародияға алсам, ол қойылым 40-70 жас арасындағы көрерменге ғана өтімді болар. Ал біздің театрдың негізгі көрермені – жастар. Бірақ қазіргі жастар теледидар қарамайтын болған соң ба, шенеуніктерді тани бермейді. Сол себепті саяси тұлғаларға кейіпкерім есебінде таңдау сала бермеймін.
– Алда кімді кейіптемек ойыңыз бар? Өзі құлақтана жүру үшін айтып қойсаңыз.
– Әзірге мына кісінің пародиясын салам деп нақты айта алмаймын. Шындап кіріссем, кез келген адамды сала беремін. Менде өлермендық жоқ. Айтып өткенімдей, кейде бір шабыттың шарықтайтын кезі болады. Одай сәтте кейіпкерді лезде тауып аламын.