Алтынның буы: Бұра тарту кімге тиімді?

Күні кеше Ақмола облысы Бестөбе ауылының «белсенділері» өтіп жатқан қоғамдық тыңдауды бұзып, халықты мәжіліс залынан шығаруға тырысты. Бұған дейін жергілікті тұрғындармен кездесулерде күн тәртібінде су сору мәселесінің шешілуі талап етілетін. Ал енді кеніш иесі – «Алтыналмас» АҚ өкілдері сөзден іске көше бастап еді, ашық түрде саботаж басталып кетті.
Тіпті, бестөбеліктермен кездесу барысында рұқсат етілген шығарындылар нормативтерінің жобасын, экологиялық бақылау және қалдықтарды басқару бағдарламасын, Бестөбе кенішіндегі қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын талқылау жоспарланған болатын. Себебі, бұл өзекті мәселелердің шешімін табуына тұрғындардың өздері мүдделі. Алайда, тараптар түйткілдерді талқыға салып, шешу үшін бас қосқаны сол еді, әсіре ереуілшілердің арандатуының салдарынан жергілікті халық жиналыстан шығып кетті.
Айта кету керек, шахтаның иесі «Алтыналмас» АҚ шахтада жиналған суды сору үшін сорғылар мен кабельдер сатып алды. Бұған 150 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Оған қосымша су соратын қалдық қоймасы дайындалып, бөгетті нығайту жұмыстары жүргізілді. Табиғат қорғау заңнамасының талаптарына сәйкес, 315 миллион теңгеден астам инвестиция салынып, геомембрана төселді.
Негізі кәсіпорын кесте бойынша су сору жұмыстарын 20 тамызда бастауға дайын болған. Бұл жұмыс жергілікті халықтың талабына сай жоспарланды да. Мұның бәрін «Алтыналмас» өз мойнына алып, іске кірісейін дегенде тағы бір кілтипан шыққан сияқты. Енді компания жергілікті тұрғындардың тағы не қалайтынын түсіне алмай дал.
– Бестөбеде шахта суын сору мәселесін шешу үшін қоғамдық тыңдау өтті. Себебі, кәсіпорынның тоқтап қалуына байланысты кеніш қалдықтарында шаң басқан жағажайлар пайда болды, – дейді «Алтыналмас» АҚ өкілдері.
«Қалдық қоймасының учаскелеріндегі шаңды басу үшін «Новая» шахтасының кен қазбаларынан алынған шахта суы пайдаланылады. Қоршаған ортаны қорғау шараларын жүзеге асыру мақсатында кәсіпорын 1,8 млн текше метр шахта суын пайдалана отырып, көлемі 61,395 гектар қалдық қоймасының шаңды жағажайларын суаруды жоспарлаған.
Қысқасы, біз шахтаны іске қосу үшін шахта суын сорып алуды ұсындық. Сонымен қатар, жобада нысанның өндірістік алаңдары мен санитарлық қорғау аймағын абаттандыру, көгалдандыру және оларға әрі қарай күтім жасау қарастырылған. Бұдан бөлек, жыл сайын жасыл желек (акация, қарағай, ырғай және т.б.) отырғызу жоспары бар. Мұның бәрі Бестөбе ауылы тұрғындарының мемлекеттік органдар және біздің компания өкілдерімен кездесуінің хаттамаларында көрсетілген шешімдерге сәйкес жүргізілуде.
Заң бойынша, енді жұртшылыққа алдын ала хабарлай отырып, қоғамдық тыңдаулардың жаңа күні белгіленуі тиіс. Өкініштісі, қалпына келтіру жұмыстары басталмай жатып, тағы да белгісіз мерзімге шегерілді.