24 Ақпан 19:18
...

Алмақтың салмағы: АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы ҚАЗАҚСТАНҒА не үшін келе жатыр?

Фото:
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Б

ЛИНКЕН қазақ жеріне келе жатыр. Ресми сапары 28 ақпанға тұспа-тұс келмек. Сыртқы істер министрі келтірген мәлімет бойынша, Энтони Блинкен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВПЕН кездесіп, Премьер-министрдің орынбасары әрі Сыртқы істер министрі Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІМЕН жолығады.

Сонымен қатар,  С5+1 форматында Орталық Азия және АҚШ елдерінің сыртқы істер министрлерінің басшылары бас қоспақ. Күн тәртібінде аймақтағы ынтымақтастықтың дамуы және АҚШ-пен серіктестік мәселері тұр.

Қазақстандық сарапшылардың айтуынша, Энтони Блинкеннің бұл келісі жай келіс емес. Салмақ салуға келе жатыр. Әйтеуір, NEGE-ге пікір білдірген мамандар осылай дейді.

Қазбек БЕЙСЕБАЕВ, дипломат:

Екі оттың ортасында тұрмыз

– Ресейдің Украинаға басып кіргеніне бүгін бір жыл толып отыр. Таяуда Беларусь президенті Александр ЛУКАШЕНКО ҰҚШҰ төрағасы Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВКЕ: «ҰҚШҰ елдері қай тарапты қолдайтынын айқындауы тиіс», – дегенді айтты.

Қазақта: «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда», - деген сөз бар, Лукашенконың мұнысы – «сендер кіммен боласыңдар?» деп бізге ашық сауал тастағаны. 

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де дәл осы сұрақпен келмек. Өйткені, Батыс пен Ресей арасында үлкен тартыс, санкциялық соғыс болып жатыр.

Бізге Блинкен ұсыныс жасайды. Оны қысым деп те түсінуге болады. «Мынаны істемесеңіз, біз былай істейміз» дегендей талап қойылуы ғажап емес. Бұдан екі жыл бұрын бұрынғы мемлекеттік хатшы Майк ПАМПЕО Қытай мәселесімен елімізге келген-ді. Ал Блинкеннің осы сапары Ресей мен Украина арасындағы соғысқа, Батыс пен Ресей арасындағы санкциялық соғысқа тікелей байланысты болмақ.

АҚШ-қа тиесілі, бірақ Қазақстанда өндіріліп жатқан Coca сola және басқа да тауарлар Ресейге еш кедергісіз өтіп жатыр. Өткен жылы Қазақстан мен Батыс Еуропа арасындағы сауда күрт өсті. Жасыратыны жоқ, бұл тауарлар, техникалар Батыстан бізге келеді, сосын Ресейге жолданады. «Осы терезені жап» деп бұйыруы мүмкін. Өйткені, олардың қолында қысым жасау тетіктері бар. Мәселен, біздің қаржымыз шетел банктерінде жатыр. Оны бұғаттай салуы сөз емес.

Бізге санкция жарияланса, не болмақ? Ресейден өзгешелігіміз, біз ештеңе өндірмейміз. Сондықтан бізге өте қиын болады. Қазақтарға соғыстың тез аяқталып, екі жауласушы тараптардың тіл табысқаны керек. Әйтпесе, қазір екі оттың ортасында тұрмыз.

Дос КӨШІМ, саясаткер:

Қазақстанға қатаң ескерту жасауы ықтимал

– Меніңше, екі мәселе қозғалуы мүмкін. АҚШ-тың әрқашан күн тәртібінен түспейтін тақырыбы – демократия мәселесі. Транзиттен кейін «Жаңа Қазақстан», «Әділетті Қазақстан» деген секілді оңды өзгеріс болып жатса, олар міндетті түрде қолдайды. Сол бағытта әңгіме қозғайды. Қалай жұмыс істеу керек екенін талқылайтын шығар. Жалпы, демократиялық институттардың құрылымы туралы сөз болуы ықтимал.

Екінші мәселе – Украина мен Ресей арасындағы соғыс. Бұл мәселеде қаншалықты бейтарап саясат ұстансақ та, экономикалық тұрғыдан Ресеймен байланысымыз өте етене.

Оның үстіне, ҰҚШҰ арқылы әскери одақтастығымыз тағы бар. Қазірдің өзінде бұл соғыстың ұзаққа созылатыны, аласапыран ұрыстар болатыны көрініп тұр. Сол уақытта Ресейдің төңірегіндегі елдерге «Ресейге жәрдем бермесін» деген талаппен келуі мүмкін. Осыны тағы да бір пысықтап кетпек.

Бұдан бөлек, керек десеңіз, Қазақстанға қатаң ескерту жасауы да ықтимал. Соңғы бір жылдан бері жиі айтылып жүрген мәселе – Ресейдің басқа елдердің аумағын пайдаланып, санкцияны айналып өтуге ұмтылуы. АҚШ «бұған жол берген мемлекеттерге де санкция салынады» деп ескертіп те келеді. Осы мәселені де ашық айтатын кез келген сияқты.

Қазақстан арқылы Ресейге батыс тауарлары мен техникасының өтіп жатқаны туралы отандық, шетелдік БАҚ-тар да жиі жазып жүр. Осы мәселеге олар міндетті түрде көзқарасын білдіреді деп ойлаймын.

«Қару-жарақты бір жылдан кейін береміз» деген келісімдеріне қарағанда, соғыс ұзаққа созылатын сияқты. Демек, Ресейдің төңірегіндегі елдердің Ресейге қарап ауыздарын ашпасы үшін алдын ала қам жасап жатыр.

Сайын БОРБАСОВ, саясаттанушы:

Батыс елдерімен жақсы қарым-қатынас орнату – ең тиімді жол

– Ресейден іргемізді аулақ салуға шақыруы мүмкін.  Бұл – бірінші талабы. Екіншісі, бізде АҚШ-тың фирмалары, трансұлттық компаниялары көп. «Бізбен жақсы қарым-қатынас жасаңдар, Ресейге ештеңе бермеңдер», – деген әңгіме айтылады деп ойлаймын.

Бұл талаптар бізге өте тиімді. АҚШ-пен, жалпы Батыс елдерімен жақсы қарым-қатынас орнату – ең тиімді жол. Сыртқы агрессиядан сақтайды. 

Тегтер: