21 Ақпан 19:39
...

Қаш! Батыс елдері НЕГЕ өз азаматтарын Ресейден кетуге үндеп жатыр?

Фото:
Германия Сыртқы істер министрлігі неміс азаматтарын Ресейге бармауға, ал қазір Ресейде тұрып жатқандары болса, дереу бұл елден кетуге шақырды. Тым құрыса, Ресейдің Украинамен шектесіп жатқан қалаларынан аулақ жүруге кеңес беріп отыр. Мұның алдында АҚШ-та

өз азаматтарына осы тақілеттес үндеу тастаған болатын.

Бұл жайт неден хабар береді? Украинадағы соғыс ушыға түсіп, ұрыс майданы Ресей жеріне ауыса ма, әлде, Ресейде Батыс елдерінің азаматтарына төнген шынайы қауіп бар ма?

Осы сауалдарға қазақстандық сарапшылардың NEGE-ге берген жауабы төмендегідей болды.

Димаш ӘЛЖАНОВ, саясаттанушы:

АҚШ және Еуропа елдерінің азаматтарына Ресей аумағында қауіп бар

– Жанжалдың қарқыны үдей түспек. Украина Батыс елдерінен қомақты әскери көмек алған соң, майдан даласы кеңи түсуі ғажап емес. Оған Ресейдің белгілі бір аймақтары да кіруі ықтимал. Ұрыстың күшейетінін ескеретін болсақ, Ресей саудаласу үшін шетел азаматтарын жиі өз пайдасына жаратып жүр.

Мәселен, қару сатушы Виктор Бутты ауыстыру мақсатымен АҚШ азаматшасын тұтқындаған болатын.

Сондықтан Ресей аумағындағы АҚШ және Еуропа елдерінің азаматтарына қауіп бар. Осыны ескере отырып, бұл елдердің сыртқы істер министрлігі осындай мәлімдеме жасап отыр.     

Петр СВОИК, саясаткер:

Тараптар бәсін жоғарылатып жатыр

– Жағдай ушыққан сайын тараптар бәсін жоғарылатып жатыр. Шындығында, жақында ахуалдың қалай өрбитінін ешкім білмейді. Тек қана долбар жасауға болады. Нақты жоспарлар өмірде болмауы да мүмкін. Десе де, ақпараттық кеңістік осындай ескертулермен толтырылуда.

Бірақ Украинаның Ресей аумағындағы әскери нысандарды бомбалауы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Бұған дейін де Курск және Белгород облыстарында жарылыстар болды. Бұдан әрі де жалғаса беруі бек мүмкін.

Дос КӨШІМ, саясаткер:

Бұл – психологиялық соғыстың бір тәсілі

– Меніңше, бұл – психологиялық қару. Қысқасы, Ресейдің қалаларын атқылауы мүмкін деген құлаққағыс сияқты.

Украинаның әскері күшейіп, қару-жарағы көбейіп келеді. Сондықтан «шекараға жақын немесе Ресейдің басқа да қалаларын бомбылауы мүмкін» деген сөзбен Украина әскерінің тек қана қорғануға ғана емес, шабуылдауға да қауқарлы екен ескерткісі келеді. Яғни, бұл – психологиялық соғыстың бір тәсілі.

Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:

Туризмге де шектеу салып отыр

– Украинада соғыс басталған соң Батыс бірауыздан Ресейді экономикалық тұрғыдан да, геосаяси тұрғыдан да оқшаулау саясатына кірісті. Ресеймен қарым-қатынасын үзіп, ат құйрығын кесісуге бел буып отыр. Мұның экономикалық та салдары болады.

Өз азаматтарын Ресейге бармауға шақыруы – осы саясаттың бір тармағы. Демек, туризмге де шектеу салып отыр. Бұған Ресейдің Украинаға жасаған агрессиясы басты себеп.

Ресейдің сүйкімі азайды. Десе де, бұл ел өзінің жалғыз қалғанын мойындағысы жоқ.

Тегтер: