Алаяқтар әкімдердің атын пайдалануға көшті: 1 мың 379 деректің беті ашылды ма?
Енді әккі алаяқтар ақша сұраудың басқа жолына көше бастапты. Тіпті, әкімнің суретін қойып, танымал тұлғаларға «әкім» болып хабарласқан.
Бірер жыл бұрын алаяқтар WhatsApp желісіне суретімді қойып, бірнеше құрбымнан 50 мың теңге сұраған. Бірақ телефон нөмір менікі емес. Алаяқтардың осындай әрекетін естігендері хабарласып, өзіме де ескертіп қойды. Өкініштісі, сол мезетте бір құрбым 50 мың теңге салып үлгеріпті.
Бұған дейін алаяқтар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бейнесін пайдаланып, «Жаңа мемлекеттік бағдарлама іске қосылды, әрбір қазақстандыққа 150 мың теңгеден беріледі» деген хабарлама таратып, жұртты дүрліктірген. Stopfake-тің хабарлауынша, мұндай төлем жайында бірде-бір ведомство жарияламаған, яғни ақпарат жалған. Осының өзіне сенген азаматтар құзырлы мекемелерге қоңырау шалып, әбігерге түскен.
Енді әккі алаяқтар ақша сұраудың басқа жолына көше бастапты. Тіпті, әкімнің суретін қойып, танымал тұлғаларға «әкім» болып хабарласқан. Жақында әнші Мақпал Жүнісова әлдекімнің Алматы қаласы әкімінің атынан хабарлама жазғанын және сеніп қалғанын мәлім еткен еді. «Маған ватсапқа Алматы қаласының әкімінен хат келді. Мұрным шелектей болып, «Осындай да әкімдер бар екен ғой, жағдайымды сұрап жатыр» деп қуанып, шок болып едім. «Ереке, рахмет» деп қойып, жарты сағат қойған сұрақтарына жауап беріп отырсам, мені алаяқтар алдаған екен. «Мен алдандым» деп мойындайын. Алпыстан ассақ та алданып қалып отырмыз. Сіздер де алданып қалмаңыздар», – деп ескерткен әнші.
Бұдан кейін Алматы әкімдігі қала басшысы Ерболат Досаевтың атынан қазақстандықтарға WhatsApp мессенджерінде жалған хабарлама жіберілгені туралы ескертіп: «Алматы әкімі Ерболат Досаевтың атынан WhatsApp мессенджерінде жалған хабарламаларға байланысты: сізден мұндай хабарламаларға жауап бермеуіңізді және жалған хабарламаларға сенбеуіңізді сұраймыз. Күмәнді сілтемелерге кірмеген және ақша аудармаған жөн. Сіздің ақшаңызды заңсыз алу үшін интернет-алаяқтар жіберіп жатыр», – дегенді қатаң ескертті.
Интертен алаяқтары бұрынғыдай WhatsApp желісі арқылы ғана емес, Телеграм желісін де «тиімді» пайдаланып жүр. Бүгін Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановтың атынан тұрғындарға хабарлама жіберген. Онда ҰҚК-дан куратор тағайындалғаны, жоспардан тыс тексеріс болатыны жазылған. Байланыс нөмірі көрсетілмеген. Сосын «»ҰҚК қызметкерімін» деп Нариман Сағымбаевтың атынан хабарлама да жолданған. Азаматтарды қырағы болуға шақырған әкімдік: «Құрметті тұрғындар, егер сұрақтар болса, қала әкімінің қабылдауына жазылып, жеке жолығуды сұраймыз. Асхат Бердіханов Телеграм желісін пайдаланбайды», – деді Қонаев қаласының баспасөз қызметі.
Жалпы, мамандар алаяқтардың телефон нөмірі базасына оңай қол жеткізетінін айтады. Әсіресе, әлеуметтік желіге тіркелген кез келген адамның телефон нөмірін табу қиынға соқпайды. Оның желіге салған фотосын пайдалану арқылы-ақ талайды сан соқтырып кеткені қаншама. Сондықтан мұндай хабарлама келсе, жан-жақты тексерген жөн.
NEGE тілшісі Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбекке хабарласып, алаяқтан қалай сақтануға болатынын және мамандар оларға қарсы қандай жұмыс істеп жатқанын сұрады. Алаяқтан зардап шеккен адамдар арыздана ма, оларды сан соқтырғандар табыла ма?
– Біз қаншама материалдар жасап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. «Абайлаңыз, алаяқ! Алаяқтың құрбаны болмаңыз! Олар неше түрлі айлаға барады...» деп айтып, жазып, ескертіп жатырмыз. Осындай хабарламаның бәріне күдікті көзбен қарап, тексеру қажет. «Сақтықта қорлық жоқ» деген мәселе ғой. Алаяқтың құрбаны болған адам арыздануы тиіс. Біз барынша табуға күш саламыз. Мәселен, жыл басынан 1 мың 379 әртүрлі жолмен жасалған интернет алаяқтық дерегі тіркеліп, оның 715-інің беті ашылды. Анықталғандары тиісті жазасын алды. Сондықтан бұған бейжай қарамай, құқық қорғау органдарына шағым түсіру керек, – деп жауап берді.