«Алашұлы» ешқашан алабөтен ойда болған емес – Мақсат Рахмет
Мақсат Рахметтің есімі ән сүйер қауым мен көзі қырағы көрерменге қатар таныс. Өнер сахнасында өзі сомдаған Құлагердей жүйткіген жүйрік жігіттің жолын кес- кестегендер де болды. Оның себебін театр мен эстраданы тең тізгіндеген өнерпаздың өзінен сұрадық.
– Республика күніне орай өнердегі біраз аға буын «Халық әртісі» атанды. Осындай атақтардың сіз үшін маңызы бар ма?
– Өнерге еңбегі сіңген жандарға мәртебелі статус берудің артығы жоқ деп ойлаймын. Мәселен, театрдағы Лидия Кәден апамыз да осы марапатқа қол жеткізіп, қуанып жатырмыз. Сол сияқты белгілі күйші-композитор Секен Тұрысбеков, қазақ опера өнерін әлем сахнасында насихаттап жүрген Майра Керей де осындай аттаққа қол жеткізген екен. Меніңше лайықты марапат.
Былтыр Дулыға Ақмолда, Димаш Құдайберген де осындай атақ алғанда қуанған едім. Ел мойындаған жандардың атағы асқақтап жатса, құба-құп. Бұл өнерпаздың мерейін өсіре түседі.
– Театр атаулы жаңа маусымын бастап кетті ғой. Бұйырса, сізді қандай жаңа образда көретін боламыз?
– Жақын күндері театр репертуарына жаңа премьера қосылады деп айта алмаймын. Бірақ алдағы ақпан айында өз тарапымнан қойылым ұсынсам деген жоспарым бар. Қазір дайындық көру үстіндеміз.
– «Алашұлының» жуырда өткен концертінде «Алаш» деп ұрандатқан жастарды көріп арқаландық. Бұл бір жағынан өскелең ұрпаққа ұлттық рух жетіспей жүргенін аңғартқандай болды. Сіз қалай ойлайсыз?
– Бұл ең бірінші үлкен залдың көрермендерін селт еткізе білген команданың жемісі деп білемін. Нәтижесінде «Алашұлының» о баста қалыптастырған идеясы концертте көрініс берді. Оның үстіне біз көптен бері жеке кеш бермегелі көрермен де сағынып қалған тәрізді. Қалай десек те келген тыңдарманның қолдауы ерекше болды. Көпшіліктің сұрауымен 7-желтоқсан күні Республика сарайында сол концертті кеңейтілген фарматта тағы бергелі отырмыз.
–Топтың 15 жылдығына орайластырған бұл жобаны өзге қаланың тұрғындарына таныстыру жоспары жоқ па?
–Әрине, ондай ойымыз бар. Бірақ ол қып-қызыл қаражатқа келіп тіреледі ғой. Мәселен, кеште төбе көрсететін команданың бір шаһарға шыққаны орта есеппен 15 миллион теңге шамасында шығынды қажет етеді. Оны өтеу мақсатында билет бағасын өсіріп жіберуге тағы келмейді. Егер демеуші табылып жатса, онда қуана мерейтойлық сапарға аттанамыз. Ал өздігімізден ешкімнің есігін қақпадық.
– Жалпы «Алашұлы» арзан хит қумайды. Ал трендке түскен трегі жоқ топты той-томалаққа шақыра бермейтіні тағы бар. Осы ретте ұжым табыс табу тұрғысынан қиналмай ма?
– Керісінше, қазіргі тыңдарман есті, рухты әнге мойын бұра бастады. Мысалы, «Сәйгүлік» әнінің желідегі қаралымы 12 миллионға жеткені осының айғағы. Сол сияқты «Батырлар ұранын» да барған жерімізде жұрт қосыла шырқап жатады. Сондықтан хиттен кендеміз деп айта алмаймын. Дегенмен, тойға жиі шақыра бермейтін себебі – біз тойдың форматына келетін әндер шырқай бермейміз. Жалпы, жалпақ жұрттың қызық-қуанышына шақырту аз түседі деп айта алмаймын. Шүкір, Республика бойынша үлкен стадиондар мен алаңдарда өтетін кештерден қалыс қалған емеспіз.
– Топтың Төреғалимен бірлесе орындаған «Отанымды жемеңдер!» атты ән біраз дау тудырды. Қазір туынды таңдауға байыппен қарайтын боларсыздар?
– Біздің аталған ән үшін тергеуге алынғанымыз рас. Себебі, үстімізден ұлтараздықты қоздырды деген сарында арыз түсіпті. Бірақ, біз әнді алабөтен ойда шырқап шықпағанымызды дәлелдеп бердік.
Осы тұста айта кеткім келеді, «Алашұлы» ешқашан халықты көтеріліске итермелейтін пиғылда болған емес, болмайды да. Біз бар болғаны руханият пен халықтың арасындағы көпірміз. Осы мақсатта ғасырлар қойнауында қалыптасқан халық қазынасын жаңаша форматта жазып, насихаттап жүрген жайымыз бар.
– Жуырда эстрада сахнасындағы әріптес әпкеңіз Ақбота Керімбекова Мұрат Әбділда сынды өнерге жолай келген әуесқой әншілерді үлкен сахнаға жолатпау керегін айтып, үндеу жасады. Қалай ойлайсыз, орынды ма?
– Өнердегі аға буынның киелі сахнаның болмысын бұзғанына жанашырлық танытатқаны орынды. Бірақ, оны естір құлақ болмай тұрғаны өкінішті. Себебі, қазіргі таңда ұйымдастырылатын шараларды іріктеуден өткізетін цензура жоқ. Кім трендте болса, сол сахнада. Ал оның бәрі рейтингке, желідегі жазылушыларының санына келіп тіреледі.
– Талғар қаласында қылмыскерлер қолынан қаза тапқан Шерзаттың өлімінен соң желіде әншілерді жиын-тойға шақырмайық дегендер шықты. Ал әртістер бізді саясатқа араластырудың қажеті жоқ дегенді айтады. Қоғамда қалыптасқан осы кереғар пікір турасында не айтасыз?
– Менің таң болатыным, қоғамда қандайда бір трагедия болса таяқтың бір ұшы әншілерге тиеді. Ол жағдайға әртістердің не қатысы бар?! Әрине, «әр қазақ – жалғызым» дегендей, ол қаза біздің де қабырғамызды қайыстырды. Бәлкім, көпшілік бізді халықтың алдында жүрген соң елдік сөз айтсын дейтін болар. Бірақ әртістер қандай жағдайда да қалыс қалған емес. Мысалы, су тасқыны кезінде асарға қосқан қаражаттарын «анау анша, мынау мынша» қосыпты деп жіпке тізгендер болды. Қысылтаяң уақытта біреудің қалтасындағы қаражатын саралау әбестік деп ойлаймын. Себебі, әртістерде де асырайтын отбасы, көмектесетін тума-туысы бар.
– Әнші әріптестеріңіз бір-бір фильм түсіріп жатқанда, кино мен театрдың тізгінін тең ұстап жүрген Мақсаттың бір туынды түсіруге шамасы жететін болар?
– Ол болашақтың еншісінде. Себебі, дәл қазіргі таңда санамда киноға сұранып тұрған идея жоқ. Егер ондай мүмкіндік туса, түсіріп қалуым әбден мүмкін. Ал кассалық табыс үшін ылдым-жылдым арзанқол кино түсіргім келмейді.