29 Қыркүйек 15:10
...

Жас қаламгер: «Ақзер» – бүгінгі күннің бейнесі

Алтайқызы
Фото: А.Алтайқызының жеке мұрағатынан

Бүгінгі таңда тик-токқа телмірген бүлдіршіндерді ертегі тыңдауға жұмылдыру қиынға айналды. Дей тұрғанмен, балалық шақтың мәнін блогерліктен емес, қарымды қаламмен байланыстыратын жастардың жетіліп келе жатқаны бізді қуантады. Солардың бірі Айым Алтайқызы алғашқы туындысын жарыққа шығарып отыр. Қазақ әдебиетінде қолтаңбасын қалдырғысы келетін жұдырықтай қаламгерді оқырманға жақынырақ таныстырсақ деген ниетпен әңгімеге тартқан едік.

– Айым, кітабың жарыққа шыққан екен. Тырнақалды жинағыңмен жақын таныстырып өтсең

Жақын күндері оқырман қолына тиетін алғашқы кітабым – «Ақзер. Ең болмаса кітапта...» деп аталады. Бұл жинақ емес, басы бүтін бір повесть. Шығарманы жастарға, замандастарыма арнап жаздым. Себебі, кітап дүкендеріне барсақ Сара Джио, Николас Спаркс сияқты жазушылардың бір деммен оқып шығатын алақандай ғана кітаптарын жастар таласа-тармаса алып жатқанын көремін. Ал, бүгінгі қазақ қоғамындағы қыз-жігіттеріміздің өз өмірлерінен көрініс беретін, біздің уақыттың бейнесін ашатын төл туындыларымыз жоқтың қасы екен. Оқырманға жол тартқан «Ақзер» – қыздың есімі. Ол кешегі өзіміз оқып өскен «Ұлпан», «Ақбілек», «Жамаладардың» жалғасы іспеттес өз қатарының алды саналады. Ақылы да, көркі де, өзіне деген сенімі де бар. Ал сондай аруға айналасынан біреудің ғашық болмауы әсте мүмкін емес. Алайда, шығарма тек махаббат тақырыбын көтермейді. Туындыда арманға жету, қоғамдағы түрлі әделтесіздіктер де талқыға түседі. Бұл шығарма оқырманды терең ойға батырады деген үмітім бар.

– Жалпы, қай жастан бастап қолыңа қалам алдың?

Менің анам «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі. Көзімізді ашқалы көргеніміз – кітап. Үйде Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ балалар әдебиетінің христоматиясы» және Ахмет Байтұрсыновтың «Қырық мысалы» болды. Ішіміз пысқанда әжеміздің қасына барып, дауыстап кітап оқимыз. Сондағы хикаяттар қысқа да нұсқа, тілге жеңіл еді. Бір оқысаң ұмытылмайды. Өзім студент кезде жазуға әбден төселіп алғаныммен, жанрымды таппай біраз кідіріп қалдым. Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң, Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетіне педагогика мамандығы бойынша оқуға түстім. Ұстаздық жолында Ыбырай, Ахмет сияқты ағартушылардың кітабын қайта парақтауыма тура келді. Сол кезде бала күнімде санамды сілкіген шығармалар есіме түсіп, өзім де ой саларлық қысқа хикаялар жазуды бастадым. Кейін тұрмысқа шығып, сәбиімді әлдилеп отырғанда ой санамда түрлі ертегілер өрбіді. Сөйтіп, жазу саласында өз жанрымды ғана емес, өмірлік миссиямды тапқанымды түсініп, жазу үстеліне жаайғасуды әдетке айналдырдым.

– Демек, өзің де ертегі тыңдап өскен бала болдың ғой. Бұған ата-әжең септігін тигізген болар?

 – «Ақзер» кітабын жазбас бұрын заманауи ертегілер жазумен шұғылдандым. Ол ертегілерді бала да, ересектер де сүйсіне оқыса деген ниетім болды. Ертегі жанрын таңдауыма, әлбетте, балалық шағымдағы ата-әжемнен естіп, құлақтан кіріп, жүрекке сіңген әңгімелер себеп болса керек. Одан бөлек, біздің үйде әкемнің Нұргүл есімді туған қарындасы тұрды. Біз бәріміз ол кісіні «Нука апа» деп атайтын едік. Әпкеміз мүмкіндігі шектеулі жан еді. Өз бетімен жүріп-тұра алмайтыны болмаса, өте білімді әрі әңгімешіл еді. Сол кісі күніне 3-4 сағат шешендік сөздер, аңыз-әңгімелер, ертегі-өлеңдер айтып беретін. Мектеп жасына жеткенше Нука апаның өнегелі, ғибратты әңгімесін тыңдап өстік. Уақыт өте келе ойдан кейіпкер шығарып, оқиғаны өзім құрастыратын болдым. «Мұны қайдан оқыдың?» десе, «өзім жаздым» деймін.Нука апам риза болып, «Сен дайын жазушы екенсің ғой» деп сүйсінетін. Ондай мақтаулар маған қанат бітіргендей болды. Қазір ол кісі өмірден өтіп кетті. Дегенмен, мені халық ауыз әдебиетімен сусындатып, қара сөзге қандырып өсіргені үшін Нука апамның рухына іштей алғыс айтып жүремін.

Осы уақытқа дейін ұзын саны қанша туынды (ертегі) жазып үлгердің?

Осы кезге дейін 100-ден астам ертегі жаздым. Оларды кітап болып басып шығаруға уәде берген баспалар да жоқ емес. Оған дейін оқырмандарын таба берсін деген ниетпен ай сайын «Айгөлек» журналына және өзімнің әлеуметтік желідегі парақшама жариялап отырамын.

Сенің ойыңша, балаларды ертегі тыңдауға қалай еліктірсе болады? 

Бұл күнде кішкентай бала тұрмақ, ересектердің де есіл-дерті – телефон. Оның ішінде өзіміз де бармыз. Солай екен деп қолды бір сілтеуге, балаларға арнап ештеңе жазбай қоюға тағы болмайды. Бала телефонды ұнатса, кітапты телефонның ішіне де енгізу керек. Біз бұрын мұғалім айтқанның бәрін заң, кітапта жазылғанның бәрін құп көретін буын болсақ, бүгінгі балалар әр ақпараттың рас-өтірігін сұрыптап барып қабылдайды. Сондықтан, олардың талғамдарынан шығатын туынды жаза білсек, оқитындарына  сенімдімін.

«Қанағатсыз құмыра», «Қос қуыршақ», «Күнге қарамайтын күнбағыс», «Тренинг өткізетін тасбақа»... Осындай әр жазған шығармаңның астарында салмақты ой жатады. Бұл айымның басты миссиясы ма?

– Иә, әр шығарманы жазғанда оны оқыған оқырман тұщымды дүние түйсе екен дейсің. Осы орайда айтар ойымды ой елегінен өткізіп алуға тырысамын. Соған сай қазіргі қоғамның актуалды мәселелерін көтеруге тырысамын. Мысалы, өзіңіз айтып отырған «Қанағатсыз құмыра» отбасын сақтап қалудың орнына әр сұлуға бір сұқтанатын серілікті сөз етсе, «Тренинг өткізетін тасбақа» ақылын ақшаға сатқан бизнесмендер мен коучтардың бейнесін береді.

Өлең жолдарын да жазатын өнерің бар екен ғой? 

Қазақтың әр баласы өмірге ақын болып келеді десек артық болмас. Себебі, жаратылысында сөз өнері қанымызда бар халықпыз. Мен де жастайымнан өлеңге ерекше құмар болдым. Қазір де сол әдетімнен жаңылған жоқпын. Прозаны адамдарға жақсы ой салсам деген мақсатта жазсам, поэзияны өзімді түсіну үшін, жүрек түкпірінде жасырынған саф сезімді таныту үшін жазамын. Анығын айтқанда, поэзия – менің психологым.

Қазақ әдебиетінде Бердібек Соқпақбаевтан кейін балалар тақырыбына жазатын жазушылар жарып шыға қоймады. Осының астарына үңіліп көрейікші. 

Әрине,балалар әдебиетінің жарқын өкілдері десе Бердібек атамыздың повестері, Мұзафар Әлімбаев, Қадір Мырза Әлі өлеңдері ғана еске түсетіні қынжылтады. Алайда, өз замандастарымның, қаламдастарымның аяқ алысын да бағалаймын. Мәселен, Жәмила Бақтиярқызы атты курстас құрбым бар. Оның «Бәйшешек», «Қарлығаш» деген қос кітабындағы шығармалар жас жеткіншектердің жан-дүниесін байытарлық дүние деп білемін.

Жасөспірімдер жаппай оқитын повесть, романдар жазу жоспарымда бар дегенді айтып едің. Бастаған боларсың? 

Тек балаларға арнап ертегі жазумен ғана шектелмеймін. Бақасаңыз, біздің әдебиетімізде өтпелі кезеңде жүрген бозбала, бойжеткендер жатар-жастана оқитын шығарма аздау болып тұр. Оларға бірден тілі күрделі, мазмұны терең шығарма беріп үркітіп алуға тағы болмайды. Сол аудиторияға арнап қызықты дүние жазғым келеді. Әзірге ізденіс үстіндемін. «Ақзер» оқырмандарын тапса, келесі кітапты жазуға кірісемін.

Айым Алтайқызы Махаева 2001 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. 2017-2021 жылдар аралығында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқыған. Қазіргі таңда Абай атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистранты. Проза және поэзия жазуға бала күннен машықтанған ол 2020 жылы «Шабыт» қаламгерлер клубы ұйымдастырған «Жас қаламгер» сайысында 2-ші орын иеленді. Сондай-ақ 2022 жылы «Алтын сақа» балалар шығармашылығына арналған әдеби байқаудың лауреаты. Жуырда «Алқа» грантының иегері атанған жас қаламгердің «Ақзер» шығармасы «Жаңа автор» номинациясын жеңіп алды.