АҚБОТАНЫҢ мемлекеттік қызметті місе тұтпағаны рас па? Әншінің өзі жауап берді
КЕРІМБЕКОВА – ел аузында жүретін әншілерің бірі. Кім қалай десе де, «әркімнің өз шындығы бар». Осыны ескеріп, өнер иесінің өзін әңгімеге тарқан едік. Жеке өміріне қатысты біраз сыр ақтарған ол көпшілік арасында айтылып жүрген қауесетке де нүкте қойды.
– Жуырда ғана жеке кешіңізді өткіздіңіз. Мойныңыздан бір жүк түскендей болды ма?
– Елдің алдында жүргеннен кейін халықпен қауышып, тыңдармандарын қуанту әр әншінің арманы ғой. Аллаға шүкір, жоспарлаған концертімді абыроймен өткердім. Енді алда ел өңірлерін аралап, көптің ақ батасын алсам деген жоспарым бар.
– Республика сарайын жалға алу құны, қалаберді оны безендіру сынды жұмыстар қыруар қаражатқа кеп тіреледі ғой. Қарызданып қалмадыңыз ба?
– Жеке кеш өткізуден пайда табу мүмкін емес. Бірақ түскен қаражат шыққан шығынды жапты. Соған да тәуба дедім. Бір айта кететінім, сахнада жарқырап жүргеннен кейін сырт көзге уайым-қайғысыз жан болып көрінуміз мүмкін. Әлбетте әртіс солай жүруге тиіс қой. Дегенмен, ішімізде не тынып жатқанын көпшілік біле бермейді.
Бірақ әнші атаулының той жағалап жүргені де көп нәрсені ұғындырады деп пайымдаймын. Жиған-тергенімізді салып, жеке кеш берудің де жүгі жеңіл емес.
Дегенмен, жұрттың да жағдайын ойлаймыз. Мойындауымыз керек, қазіргі таңда халықтың жағдайы мәз емес. Концертке келгісі келгенімен, билет сатып алуға келгенде қиналып қалады.
– «Әнші атаулы текке той жағалап жүрген жоқ» дегенді айтып қалдыңыз. Осы тұста әріптестеріңіздің кейбіреуі «қалтасы қалың батыстық әншілердің өзі тойда ән салады, бұл – қалыптасқан үрдіс» дегенді айтады. Біздің әншілердікі мұқтаждық деуге бола ма?
– Әрине, табыстың көзін тойдан тауып отырғанымызды жасырмаймын. Мемлекеттік мекемелерде жұмыс әстейтін әртістердің өзі айлығы шайлығынан аспағандықтан, көптің қуанышында өнер көрсетіп, нәпақасын айырып жүр. Той иелері өздеріне ұнайтын өнерпаздарын шақырып жатады. «Той – құдайдың қазынасы» дейді ғой. Сондықтан онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын.
– Концертіңізде кенже ұлыңыз да өнер көрсетті. Бір кісідей ән салатын болғандықтан, балаңызды да шоу-бизнеске баулып жүрсіз бе?
– Балам «Мама, мен де ән салғым келеді» деген соң бір-екі ән жаздырған едік. Соның бірін әскерде жүргенде мерекелік шарада орындап шығыпты.
Қуанышымды көппен бөлісейін деп ол бейнежазбаны әлеуметтік желідегі парақшама жүктедім, ұлымның өнеріне тәнті болғандар саны көп болды. Сөйтіп, көпшіліктің сұрауымен кешімде үлкен сахнаға алып шықтым.
Қазір әндер жаздырып, вокалмен және бимен айналысып, дайындық жасап жүр. Бұйырса, бір екі айдың көлемінде жеке альбомы шығып қалуы мүмкін.
– Ұлыңыз ән салуға ұмтылып жатқанда, сіздің театр сахнасында өнер көрсетуге бүйрегіңіз бұрмай ма? Мұны сұрап отырғаным, сіз алған мамандығыңыз бойынша актриса екенсіз...
– «Спектакльде ойнасам» деген арманым бар. Осы ретте театрға барғанда жұртқа көрсетпей, көзімнің жасын бір сығып алатынымды жасырмаймын. Егер киноға түсуге шақырып жатса, тартынбастан барар едім.
Бірақ көпшілік менің Өнер академиясын актерлік мамандық бойынша тәмамдағанымды біле бермейді. Дегенмен, өз басым әр жерде бір төбе көрсете бермей, бір бағытты ұстанғанды жақсы көремін.
– Сіздің ер мінезді екеніңізді жақсы білеміз. Соған қарағанда, құрбыдан көрі достарыңыз көп болар?
– Менің түсінігімде мәңгілік ештеңе жоқ. Дос дегеннің өзі уақыт өте келе іріктеледі екен. Дегенмен, жақын араласатын жаныма жақын жандар бар. Бірақ қыздардан көрі, ер-азаматтармен көп араласатыным рас. Себебі, олар көйлек-көншек немесе сатып алған гауһар жүзігі жайлы әңгіме айтпайды. Менің де табиғатым сондай. Ер жігіттермен жақын араласатыным содан болар деп ойлаймын.
– Шымкент қаласы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқардыңыз.
Бірақ ол жерде ұзақ тұрақтамағаныңыздың салдарынан соңыңыздан түрлі әңгіме айтылды. Анығын өз аузыңыздан естісек...
– Өз басым мемлекеттік мекемеде істей алмағандықтан кеткен жоқпын. Мақсатым – лауазымға қол жеткізу емес, өнерге қызмет ету болды. Негізі ол жерде келісімшарт бойынша жұмыс істедім. Ал заңды тұрғыда кадр құрамына ену үшін мемлекеттік тест тапсыру қажет. Мен ол сынақтан да ойдағыдай өттім. Бірақ, соңында «әнімді айтып жүре берейінші» деген шешімге келдім.
Түсінгенім, өнер адамының мемлекеттік қызметте жұмыс істемегені жөн екен. Себебі, ол жердің системасы басқа, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір жағынан таң атқаннан кеш батқанға дейін кабиненттен шықпай, қағазбасты болып отыру менің табиғатыма сай келмейтін болып шықты.
Осы жасқа дейін еркін жүріп үйреніп қалғандықтан ба, өзімді төрт қабырғаға қамалып қалғандай сезіндім. Дегенмен, мемлекеттік қызметте жүрген санаулы айлар ішінде көп нәрсені түсініп, ұғындым.
– Шыны керек, мемлекеттік қызметке орналасқан әріптестеріңіздің дені жұрт көзінен тасада қалады. Осыны ескерген көпшілік «шенеунік болып еді үні өшті» дегенді айтып, келеке етіп жатады. Бұған не дейсіз?
– Егер ерік берсе, көп дүние жасауға болады. Бірақ дегенің бола бермейді екен. Тіпті, мүмкін емес. Соған көзім жетті.
– Әншілердің көбі ел ішінде болып жатқан саяси жағдайлардан бейхабар болып жатады. Өзіңіз саясатқа қызығасыз ба?
– Әрине, жаңалықтарды қалт жібермей оқып отырамын. Бірақ мемлекеттік қызметте жүріп, көп нәрсенің қыр-сырына қанық болғаннан кейін басым бөлігіне аса сеніңкірей бермеймін. Бізде істен гөрі, сөз басым.
– Әйелдердің зейнет жасын ұзартуға көзқарасыңыз қалай? 61 жас әйелдер үшін ауыр емес пе?
– Ауыр. Себебі, әйел адамға бала-шағаны тауып, бағып-қағып, алпыстан асқанша шапқылап жүру оңай емес. Елуге келген соң да басы ауырып, балтыры сыздап дегендей, әйелдің бойынан түрлі ауру-сырқат шығып жатады. Сондықтан зейнетке шығу жасын 58-бен шектесе жақсы болар еді.
– Бір әңгімеңізде «Семьямда бәрі дұрыс болса, атақты болмас па едім» деген екенсіз. Соған қарағанда, еркек атаулының алдында өзіңізді мойындатуға тырысып баққандайсыз...
– Танымал әнші боламын деген ой үш ұйықтасам, түсіме кірмеген. Сондықтан бұл маған берген бақ па деймін. Сондай-ақ ешқандай еркектің алдында өзімді мойындатамын деген мақсатым да болмады. Бар үмітім тынбай жұмыс істеп, ешкімге алақан жаймастан балаларымды аяққа тұрғызу болды.
Шүкір, үйімді де салдым. Осы жолда үнемі қолдау білдіріп, балаларымды қарап, аяққа тұруыма септігін тигізген анама үлкен алғыс айтамын! Бірақ, жаратылысымыз әйел болған соң еркелеп, әлсіз болғың да келетін кездер болады екен...
– Сол еркелететін адам кездессе, тағы тұрмысқа шығуға қарсылық танытпайтын боларсыз?
– Оны уақыт көрсетеді. Бәрі Алланың қолында ғой.
– Балаларыңыздың әкелерін кешірдіңіз бе?
– Шынымды айтсам, оларды ойлайтын уақытым да жоқ екен. Бұрын жастық шағымда қиналып, қапаланған кезде реніш болған шығар. Бірақ кейін келе оның бәрі сынақ екенін түсіндім. Әркімнің өзінің көрер тағдыры бар. Десе де балаларымды әкелерінен бөлген емеспін.