4 Наурыз 17:00
...

Агроөнеркәсіп саласын цифрландыру қалай жүзеге асып жатыр?

Ц
Фото: ашық дереккөзден

Агроөнеркәсіп саласын цифрландыру аталған саланың қарқынды дамуына септігін тигізетіні бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Мамандардың пайымдауынша, сандық үдерістер еңбектің тиімділігін арттырып қана қоймай, экспорттау көлемін ұлғайтуға да мүмкіндік береді.

Бұл әлбетте ауыл шаруашылығын аяқтан тұрғызуға жасалған қадам болып саналады. Осыны түсінген ел үкіметі ауыл шаруашылығы саласын толықтай цифрландыру жолында күш салып жатыр. Жұмыс нәтижелі болса, 2025 жылға қарай цифрландырудан түсетін экономикалық пайда көлемі 40 млрд теңгеге дейін жетеді деген болжам бар.

Жуырда өткен Үкімет отырысында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыруды кешенді түрде барлық салаға енгізу қажеттігін баса айтты. Алайда, осы мәселе қаншалықты шешімін тауып, көзделген меже тұрғысында қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Жаңа технологияның әлеуетін көре алып жатырмыз ба? Жауап іздеп көрдік.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов: «Мемлекеттік қызмет түрлері оңай қолжетімді болуға тиіс. Яғни, онда жемқорлық қылаң бермеуі керек. Бұл ретте құжаттарды жаппай электотронды түрде тексеруден өткізу адами факторларды азайтады. Біз ол сатыдан өттік. Келесі межеміз – ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, егіс алқаптары, техникалар жайлы мәліметтерді тікелей дерекқорға жинастырсақ дейміз. Президент берген тапсырма негізінде осы жүйеге жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Осы орайда арнайы жұмыс процесін бастап кеттік» деп есеп берген еді.

министр
dknews.kz

Вице-министр кешенді әрі қарқынды түрде жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесінде шаруаларға субсидия алу процестері де автоматтандырылғанын мәлімдеді. Мәселен, ауыл шаруашылығындағы дәнді дақылдар турасында тұқым базасынан бастап, оның өнімінің сатылымға дейінгі процесін электронды базаға енгізу жұмыстары жүріп жатқанын алға тартты. Мұндай үрдісті мал шаруашылығы саласы бойынша жүргізу жұмыстары да күні бұрын басталып кеткен. Нәтижесінде төлдің туылғанынан бастап, қара базарға ет болып түскенге дейінгі ақпаратты алуға толық мүмкіндік бар. 

Мысалы QR-кодты сканерлеу арқылы малдың қай шаруашылықта өсіп-өніп, қандай вакциналарға профилактикалық вакциналар алғаны жөнінде толыққанды мәліметке қол жеткізуге болады.

Агроөнеркәсіпті қаржыландыру мақсатында цифрлық технологияларды жүзеге асыру қолға алынған. Осы орайда «Аграрлық несие корпарациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдын Досқараев несие беруде адамның қатысуынсыз шешім қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Цифрлық жүйе бойынша жүзеге асатын мұндай жаңашылдық әлі де сынақтан өтіп жатса керек. Осы ретте үш аймақ бойынша, шаруалардың өтінімдері қарастырылуда. Шағын және орта бизнесті дамытуға байланысты қолға алынған бұл бастама нәтижелі болса, аталған жүйе алда толықтай қолданысқа енбек. Мәселен, «Кең дала» бағдарламасы аясында 1100 кәсіпкерге осы бастама арқылы ниесие берілген.

Иә, агроөнеркәсіп саласында бірыңғай экожүйе құру жұмыстары осылай жалғасын табуда. Бұл салада барлық ақпаратты біріктіру үшін "Е-АПК" платформасы жанданбақ. Ауыл шаруашылығы министрлігі мұндай жүйе ауылшаруашылығын оңтайлы басқару, егістік және мал шаруашылығындағы жұмыстарды қадағалауға мүмкіндік беретінін айтты. Жалпы аграрлық секторды цифрландыру төрт ақпараттық жүйеге жұмылдырылған. Атап айтар болсақ, мал басын бірдейлендіру жүйесі, агроөнеркәсіпті басқарудың автоматтандырылған жүйесі, субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі, «Ауыл аманаты» жобасының ақпараттық жүйесі.

агро
ашық дереккөзден

2023 жылдың басынан бастап агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау аясында фермерлерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсету бойынша 14 бағытта тұрақты жұмыс жүргізіліп келе жатыр. Қызмет алушылар ретінде 90 мыңнан астам пайдаланушы және 350-ден астам қаржы институты тіркеліпті. Жоба аясында әкімдіктер, фермерлер, қаржы институттары үшін ақысыз қызмет көрсетілді. Вице-министрдің өткен жылғы баяндамасына құлақ түрсек, осының нәтижесінде 1 млрд теңгеден астам қаржы үнемделіп, барлық санаттағы фермерлерге ақпарат қолжетімді болып, коррупциялық тәуекелдер азайған.

Сондай-ақ өтінімдерді ретімен ғана қаралып, олардың тізілімін және күту парағын тіркеусіз көруге мүмкіндік берілген. Облыстардың субсидиялау бағыттары бойынша бюджетпен танысып, орақ жұмыстарына арзандатылған дизель отынын алу үшін өтінім беру процесі де  іске қосылып отыр. Осылайша өтінімдер бойынша мәліметтер мемлекеттің қолына өткендіктен, делдалдаар қолымен жасалтын манипуляция қатары жойылған.

Қазіргі таңда өсімдік саласында да қолжетімді ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Бұл мемлекеттік қадағалау шараларының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға септігін тигізеді деп күтілген. Сол сияқты ауыл шаруашылығындағы жерлерді есепке алуға да IT құралдары көмегін тигізбек. Осы орайда ведомство алдында жыл соңына дейін ауыл шаруашылығына жарамды жерлердің цифрлық картасын әзірлеу міндеті тұр.