Агроөнеркәсіптік кешенді үдеден шығара алдық па?
Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобаның аяқталуына небәрі бір жыл қалды. Бұл жобаның міндеттеріне тоқталсақ, еліміздің ауыл шаруашылығын гүлдендіріп, көршілерімізден оқ бойы озық тұруға тиіс едік. Бұған бас-аяғы 4 100 млрд теңге бөлінген. Сарапшылар бұл жобаның іске асыру барысында түрлі қиындықтар болғанын айтады. Ішкі және сыртқы факторлар – негізгі себеп.
Ұлттық жоба игі мақсаттарды көздейді. Атап айтсақ, олар – еңбек өнімділігін екі жарым есе арттыру, АӨК өнімінің экспортын екі есе ұлғайту және отандық өндірістің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету арқылы бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік кешен құру. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін бір адамға еңбек өнімділігін 6,2 млн теңгеге дейін ұлғайтуды, өңделген өнім үлесін 70 %-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 6,6 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуды көздейді. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын 2019 жылғы 115,4 мың теңгеден 2025 жылы 230,8 мың теңгеге дейін арттыру қарастырылған.
Ауылдың шырайын кіргізіп, кем дегенде 1 миллион ауыл халқының табысын ұлғайтып, экожүйелерге 350 мың фермерлік және үй шаруашылығы тартылуы тиіс. Ауыл шаруашылығында 500 мыңға дейін адамды жұмыспен қамтып, ішкі сұранысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен 80 пайыз қамтамасыз ету керек-ті.
Жалпы республика бойынша бес жыл ішінде 4,5 трлн теңге сомаға 845 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның шеңберінде дәнді және майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру және өңдеу бойынша экожүйені құру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған.
Әрине, атқарылған шаруа аз емес. Егістіктердің көлемі артып, осы жоба аясында талай шаруа мен дихан жеңілдіктер алды. Жанар-жағар майдан тапшылық көрмеді. Минералды тыңайтқыштармен дер кезінде қамтылды. Тозығы жеткен алқаптар тыңайтылды. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде алқаптарды цифрландыру жұмыстары жалғастырылып, жайылым және шабындық алқаптарының электрондық карталары рәсімделіп жатыр. Мал шаруашылығында да заманауи өзгерістер жасалды.
Десе де, жобада көрсетілген мақсаттардың біразына жете алған жоқпыз. Оның объективті және субъективті себептері де бар. Соның бірі – жобаның о баста кем-кетіктігінің болуы.
«Ұлттық жобалардың бәріне қатысты бір нәрсені ашып айту керек. Бұл жобалардың бәрі Қаңтар оқиғасына дейін жасалды. Оның бәрін қайта сүзгіден өткізіп, қайта қарастыру керек деген пікірімді жиі айтып жүрмін. «Көп сын айтылса да, қайта жасауға болмайды. Қол қойылып қойған», – дегендей жауап естідік», – дейді экономист Мақсат Халық.
Оның сөзіне сенсек, ұлттық жобалардың бәрінде реттілік жоқ. Мұны Ұлттық экономика министрінің өзі өзгеріс керек екенін мойындап отыр. Межелер, нақты индикатрлар қойылады, бірақ нақты жүзеге аспайды.
Сонымен қатар, әлемдегі тұрақсыздықтың де әсері тиген.
«Геосаяси сілкіністер де қол байлау. Десе де бұл бізге көп мүмкіндік ашып беріп отыр. Оны өз деңгейінде пайдалана алмай отырмыз. Әлемдегі жағдай күрт өзгеріп жатыр. Таяу Шығыстағы ахуалдың да әлемдік экономикаға ықпалы бар. Әлемдік дағдарысқа ұрындыруы ықтимал. Бізде ұзақ мерзімді бағдарламалардан бөлек, алдын ала болжам жасап, осындай өзгерістерге, тұрақсыздықтарға жылдам реакция көрсете алатын тәуекелдерді басқару кеңесі керек», – дейді экономист.