2 Қазан 16:44
...

«АЭС-ті қай мемлекет салатынын арнайы комиссия шешеді» – Мамандар пікірі

Балқаш
Фото: Фото: pixabay.com

Осы жексенбіде референдум өтеді. Атом электр станциясын (АЭС) салуды қолдайсыз ба, қарсылық танытасыз ба, нақты шешіміңізді білдіресіз. Алайда, қарапайым халық АЭС-тің пайдасы мен зияны туралы бүгі-шігесіне дейін біле бермеуі мүмкін. Мұны NEGE тілшісі осы саланың басы-қасында жүрген мамандардан сұрап көрді.

Саябек Сахиев, «Ядролық физика институты» РМК бас директоры: 

АЭС – энергетикалық тәуелсіздікке әкеледі

Ядролық физика институты директоры
Фото: ғаламтордан

– АЭС-тің қажеттілігіне бірнеше себеп бар. Бірінші, Қазақстан тәуелсіздік алғанына 33 жыл болды. Оған энергетикалық тәуелсіздік те кіреді. Қазір біз электр энергиясын сатып алып отырмыз. Мұны энергетикалық қауіпсіздік деп айтуға келмейді. Кім білсін, «Өзімізге қажет» деп электр көзін өшіріп тастаса, онда біз тығырыққа тірелеміз. Өндіріс тоқтап қалып, адамдар жұмыссыз қалады. Әрине, балама энергия көзін жоққа шығаруға болмайды. Жеріміз үлкен, әлем бойынша 9-орында тұрмыз. Шалғайда ауыл көп. Әр ауылға АЭС салып беру мүмкін емес. Сондықтан күн мен жел энергиясын пайдалану қажет. Егер АЭС салуды Қазақстан халқы қолдап, 2035 жылы екі блоктан тұратын станция пайдалануға берілген күннің өзінде балама энергия көзін де дамыту керек.

Екінші, тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн жұмыс істеп тұратын экологиялық таза, арзан электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Үшіншіден, Қазақстанға АЭС салу әлдеқайда тиімді. Мысалы, АЭС жұмысын жүргізуге шикізат керек, оны байытып, отын жасап, АЭС салу керек. Кейін оның қалдығын сақтап немесе өңдеу қажет. Осы баспалдақтың төртеуі әлемдік деңгейден төмен емес. Бізде тек қана байыту мәселесі қиындау. Себебі, Семей полигонын жапқан кезде ядролық қарудан бас тартты. Енді қайтадан байытуды сұрау күрделі мәселе. Өкінішке қарай, бізде тәжірибе жоқ. Әлемде уранды байыта алатын 6 мемлекет бар. Олар шикізат болмаса, байыта алмайды. Өндірістері де урансыз жұмыс істемейді. Сол үшін олармен келісімшартқа отыруға болады.

АЭС салу көпшіліктің көңіліне қона бермейді. АЭС салуға Атом және энергетика өндірісінің департаменті жауапты. Былтыр осы мәселе айтылғанда осы мекеменің басшылығына «түсіндіру жұмысын бастау керек» деп талай мәрте айттым. Референдумға тура бір ай қалғанда қолға алынды. Ал қазір «сарапшылар» көбейіп кетті. Егер жыл бойы түсіндіру жұмысы жүйелі жүргізілгенде жағдай дәл қазіргідей болмас еді. Қазақстан халқының пікірін референдум көрсетеді. Қайсысын болса да, құрметпен қабылдауға дайынмын.

Ермек Әмірұлы, Ғылым академиясына қарасты Металлургия институтының сирек кездесетін элементтер зертханасының инженері:

Қауіпсіздік ережесі мен талаптарды сақтасақ, қорқыныш жоқ

Энергетик
Фото: ғаламтордан

– Мен сізді таң қалдыруым мүмкін, бірақ көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциялары да өте қауіпті. Жыл сайын біз қаншама көмір жағамыз, одан 40-тан 60 миллион тоннаға дейін күл қалады. Ал көмірден қалған күл радиоактивті улы трансуран мен басқа элементтерді, фосфордан химиялық қосылыстарды шығара бастайды. Бұлардың бәрі – у. Бұл жай CO2 ғана емес, көміртегі тотығы да бар. Ал егер барлық қажетті экологиялық стандарт көтеріліп, шығарындылар тазартылып, күл үйінділері талап етілетіндей қалпына келтірілсе, бір киловатт электр энергиясы атом электр станциясынан да қымбатқа түсетін көрінеді.

Мысалы, бір Оңтүстік Кореяның өзінде 26 атом реакторы жұмыс істейді. Дүниежүзіндегі қуаты жағынан ең мықты, ең үлкен АЭС осы елде. Қазір Оңтүстік Корея тұрақты, кепілдендірілген, арзан энергия көзінің арқасында ілгері дамып келеді. Ал АҚШ-та 142 атом реакторы, Жапонияда 52 атом реакторы бар. Сол сияқты Франция электр энергиясының 80 пайыздан астамын АЭС арқылы қамтамасыз етіп отыр. Әлемнің алпауыт елдері, әйгілі G7, G8-ге кіретін мемлекеттерде атом энергетикасы айтарлықтай жоғары деңгейде дамыған. Неге десеңіз, атом энергетикасы – мемлекеттің экономикалық дамуының локомотиві. Сондықтан Қазақстанда да АЭС салынса, ол бүкіл еліміздің даму драйвері бола алады. Тіпті, АЭС-тың арқасында басқа да өндірістерге жан бітуі әбден мүмкін.

Халықтың бойындағы үрей мен қорқынышқа себеп – Хиросимадағы, Фукусимадағы, Чернобыльдегі апат. Егер біз қауіпсіздік ережесі мен талабын сақтасақ, АЭС те пайдалануға берілген уақыттан бастап соңғы мерзімге дейін еш кедергісіз, ақаусыз жұмыс істейді. Тіпті, ректорлар межелі уақыттан кейін де қосымша 20-30 жыл істей береді.

Әсет Наурызбаев, «KEGOC» компаниясының бұрынғы президенті, экономист:

Уранды байытатын үшінші бір елге тәуелді болып қаламыз

КЕГОК-тың бұрынғы басшысы
Фото: ғаламтордан

– АЭС туралы пікірімді өзгерткен емеспін. Себебі, АЭС – қауіпті, қымбат, ұзақ жыл салынатын технология. Оның құрылысы кем дегенде 10 жылға созылады. Оның үстіне құны күн мен жел энергиясымен салыстырғанда 6 есе қымбат. «АЭС керек» дегенді ақтап алатын аргумент жоқ. Қазір тек мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтіндер ғана «Бізге АЭС керек» деп аттандап айтып жүр. Өйткені, оларды солай айтуға мәжбүрлейді.

Кезінде Арал теңізін құрттық. Енді Балқаш көлін «жоюға» кірісеміз бе? АЭС салуды қолдайтындар – «Соңғы үлгідегі технологиямен салынады» деп сендіргісі келеді. Алайда, әлемдегі 600-ден астам реактордың екеуі жарылды ғой. Шетелде білім алған, әлемдегі АЭС-тің әлеуетін жақсы білетін мамандар осының бәрін біледі. Елімізде жаңартылған энергия көздері дамып-ақ жатыр. Тіпті, күн мен жел электр станциялары атом реакторымен салыстырғанда әлдеқайда тиімді.

Екіншіден, болашақ ұрпаққа радиоактивті қалдықтар қалдырамыз. 60 жылдан соң станция жұмысын тоқтатқанда қалдықтар тау болып қалады. Үшінші, біз уранды байытатын үшінші бір елге тәуелді болып қаламыз. Себебі, Қазақстанда уранды байытатын технология жоқ. Біз ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қол қойғанбыз. Ресейге, АҚШ-қа, Еуропа мен Қытайға жүгінуімізге тура келеді. Яғни, бұл елдердің бізге уран байытып беретініне кім кепілдік береді?

Марат Дұлқайыров, ҚР Инженер-энергетиктер одағының директоры:

АЭС салу – ең ұтымды шешім

Энергетик
Фото: ғаламтордан

– АЭС салмасақ, жақсы өмір сүре алмаймыз. Халық кім көрінгенді тыңдауға құмар. Білсе де, білмесе де, пікірін тықпалайтындар көбейді. Мамандар АЭС-тің қажеттілігі туралы айтып жатыр, соларға құлақ асу керек. Әлемнің дамыған елдерінде, Азияда, тіпті Африкада АЭС бұрыннан бар. Ал Қазақстан бұл мәселені 30 жылдан бері көтеріп келе жатса да, барлық мүмкіндігі болса да, АЭС салуды талқылауды созып келді. Ал оңтүстік өңірлерде энергияға деген тапшылық туындап отыр. Оңтүстік өңірдің энергияны тұтыну көлемі – 4 200 мВт.

Қазақстанда энергияның 70 пайызы көмір арқылы қамтамасыз етіліп тұр. «Париж келісіміне» сәйкес, екі жылдан кейін трансшекаралық көмір салығы енгізіледі. Сосын біздің экономика бәсекеге қабілетсіз болып шыға келеді. Ал бізде газ жоқ. Айналып келгенде, АЭС салу – ең ұтымды шешім.

Жаңартылған энергия көздері сенімді, үзіліссіз және сапалы болу көрсеткішіне сай болмай отыр. Алайда, энергетика саласына қатысы жоқ бәзбіреулер «АЭС емес, жаңартылатын энергия көздерін салайық, АЭС-ке көп қаражат керек» деген пікірін айтып қалады. Әрине, жаңартылатын энергия көзі де қажет. Бірақ ол қосымша құрылғылар есебінен өндірілгені дұрыс.

Ал «АЭС-ті қай мемлекет салады?»  деген мәселені арнайы комиссия шешеді. Қаржысы мен мерзімін, кім салатынын да сол комиссия анықтайды.