«АБК», «К-7» топтары қайта құрыла ма? Ерлан КӨКЕЕВ сұрақтарымызға жауап берді
Бір кезгі «АБК» тобын Ерлан Көкеевсіз елестету мүмкін емес. Себебі үштіктің тарауына да танымал музыканттың жеке шығармашылығын қолға алуы себеп болған. Әрқайсысы сахнада сара жолын қалыптастырып, тіпті мығым продюсерге айналған жігіттердің алды бүгінде алпысқа жақындаған ел ағасына айналды.
– Жуырда БАҚ беттерінде бірқатар танымал әртістердің мемлекеттік шараларға қатысқаны үшін қомақты қаламақы алатыны жазылды. Бірақ көп ұзамай Мәдениет министрлігі мұны жоққа шығарып, өнер иелерінің тегін өнер көрсетуге даяр екенін жеткізді. Осы тұрғыда сұрағым кеп отырғаны, сіз сахнада қолтаңбасы қалыптасқан әртіс ретінде әкімшлік және үкіметтік мәдени шараларға қатысып тұрасыз ба?
– Мен ешқашан мемлекеттік шараларға шақырту алған емеспін. Соған қарағанда біздің шенеуніктер арнайы тізім жасақтап алған, не болмаса кімді шақырып, кімді шақырмау керектігі жоғарыдан шешіле ме деп топшылаймын.
Бір жағынан менің өнер көрсетуім де оңай емес, себебі сахнаға бірнеше құрылғыны орналастырып, оның дыбыс жүйесін ретке келтіріп, тек жанды дауыста ән айтамын. Мұның өзі біраз уақытты алады, сондықтан маған жоламайтын шығар.
Екіншіден, менің қазақ тіліне шорқақтығым бар. Бірақ бұл ұлтымды сүймеймін деген сөз емес.
Үшіншіден, бізде мәселені көбіне «брат-сват» дегендер шешеді. Тіпті, бір кездері мерекелік шараларға шақыртылатын әртістердің тізімін де зерделеп көрген едім. Бірақ, ондағылардың басым бөлігін өнерде жүрген өзім де танымаймын. Сондықтан сіз айтып отырған мәселе әлдебіреулердің жеке бинесіне айналған болар деп болжаймын.
– Той-томалаққа жи шығып тұратын боларсыз?
– Жиі деп айта алмаймын, бірақ халықтың қуанышына ортақтасып тұрамын. Шыны айту керек, мен екі жарым жылдан астам уақыт Түркияда тұрып келдім. Сол кезде түрлі шаралар мен той-томалаққа өте жиі шақырту алатынмын. Өзім жасақтаған топпен де, арнайы ансамбльмен де ән айтып, көпке қуаныш сыйладым. Себебі, ол жақта фонаграммаға қарағанда, жанды дауыста ән шырқау бағаланады.
– «К-7» тобы неге көрінбей кетті?
– Топ аттай 23 жыл аянбай қызмет жасады. Осы уақыт аралығында ұжымнан көптеген барабаншылар мен гитарашылар, саксафоншылар түледі. Ашығын айтқанда әрайсысы өз алдына мүйізі қарағайдай бір-бір музыкант боп қалыптасты. Қазір барлығымыз бір туған бауырлардай арнайы чат ашып, бір-бірімізден хабар алмасып отырамыз.
Сондықтан қандай жағдайда музыкант іздеп алысқа шапқыламаймын, олар үнемі ағалап қасымнан табылады. Мұны еңбегімнің жемісіне балаймын. Бұйырса, алда топты жаңа құраммен қайта жасақтамақ ойым бар.
– Ал 2000 жылы топ жарған «Рахат-Лукум» герлз-бэндін қайта жандандыру ойда жоқ па?
– Ол да жоспарда бар. Бұйырса, күзге таман қазақ тілінде танымал заманауи әндер шырқайтын қыздардан тұратын құрамды іріктесек деп отырмыз. Әр әні мән-мағынаға толы, тыңдарманды, елді тәрбиелейтін тұшымды топ ұсынсам деймін. Себебі, творчество деген ізгілікке бастайтын идеологиялық құрал болуға тиіс. Және әр әртіс осы мақсатта жұмыс жасауға жұмылғаны жөн деп білем.
– Сіз шығармашылықты бизнеске айналдырған әртістердің қатарынансыз. Келген қонақтарды әнімен, сәнімен қарсы алатын «Ретро Шлягер» соның бір дәлелі. Қазіргі таңда Көккев брендіне қарасты диско-барлардың саны қаншаға жетті?
– Мен кезінде ашқан мейрамхана, кафе, диско барларымды дерлік жаптым. Пандемия кезінде кәсіп атаулының күлі көкке ұшып жатқанда жұмысын тоқтатуды жөн санадым. Неге десеңіз, жасым да елуден асты. Жастық шақтағыдай күндіз-түні ән салып, қонақтарды қарсы алып, ұйқы көрмей жүру физикалық тұрғыдан қиын.
– Сонда қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз?
– Мен кітап жазып жатырмын. Әңгімелерден тұратын «Тағдыр» атты жинағымды жазып бітіріп, баспаға әзірлеп қойдым. Бұйырса, желтоқсан айында тұсауын кессем деп отырмын.
Қолжазбамды Мұрат Әуезов сынды бірқатар мәдениеттанушылар оқып шығып, оң бағасын берді. Алда трактат, поэма және өлеңдер жинағымен жалғастырсам деймін.
Бұдан өзге бірнеше жылдан бері Астанадағы музыка академиясында студенттерге арт-менеджент саласы бойынша дәріс оқып жүрмін. Яғни, қалай концерт өткізіп, оған қалай жарнама жасау керек деген сынды кәсіптің көзін үйретемін. Осы мамандық жөнінде ғылыми еңбек жазсам ба деген де ойым бар.
– Ендеше айтыңызшы, бүгінгі жастарға шығармашылықты қандайда бір кәсіптің көзімен байланыстыруға мүмкіндік бар ма?
– Өнерге таласы бар, жалындап тұрған жастар жайын жиі зерделеп отырамын. Бір қуанатыным, небір талантты, сауатты музыканттар мен әншілер, киногерлер жетіліп келе жатыр. Егер оларды дұрыс бағыттаса, мәдениет саласында көптеген жеңісті нәтижеге қол жеткізуге болады.
– Бірақ солардың мемлекет тарапынан қолдау таба бермейтіні бар ғой
– Бізде идеологиялық бағыт дұрыс қалыптаспаған. Егер осы жағына жіті мән берілсе, талантты жастар алысқа барар еді. Бірақ «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды» деген, олар ерте ме, кеш пе өздерін қалай да танытады.
– Атақты әншілердің өзі плагиат орындауды әдетке айналдырды. Бұған қалай қарайсыз?
– Өз басым біреудің әніне жиендік жасағанды құптамаймын. Мұны түпнұсқа авторының еңбегін құрметтемеу деп есептеймін. Плагиат орындаушыны танымал етуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе әр әншінің төлқұжаты саналатын әні болуы қажет екенін түйсінеді.
– Бұрынғы «АБК» тобының жігіттерімен қазір қарым-қатынасыңыз қандай?
– Осы көктемде үлкен қызым тұрмысқа шықты. Медеу Арынбаев досым келіп, қуанышыма ортақтасып кетті. Біз екеуміз өте жақсы араласып, бір-бірімізге үнемі қолдау танытып отырамыз.
– Ал Қыдырәлі Болмановпен байланысыңыз қалай?
– Қыдырәлмен де аман-сәлемім түзу. Жиі болмаса да ара-тұра жүздесіп тұрамыз. Арамыздағы құрмет бәз-баяғы қалпында сақталған.
– Сіздің де жұбайыңыз консерваторияның түлегі екен. Қыдырәлі досыңыз ұқсап келіншегіңізді сахнаға алып шығасыз ба?
– Иә, жұбайым Анар да өнерден алшақ емес, хор дирижері. Бірақ ол өзі сахнаға шығуды қаламады. Біраз жерде музыкалық редактор болып қызмет атқарды. Кейін мансабын фудблогерлікпен алмастырды.
Шүкір, бес баланың ата-анасымыз. Енді солардың қызығын көрсек деп тілейміз!