18 Маусым 09:21

«Бір күнде 28 баланың тұсауын кескен» – Қарақат Әбілдина тұсаукесерге қанша ақша алады?

Фото:
Қарақат

Әбілдинадай әнші болсын деген ниетпен талай отбасы қыздарына деп ат қойды. Қарақаттың мектебіне баласын бергісі келетіндер де аз емес. Сөйте тұра оны сырттай тілдейтіндер де бар.

Тілшіміз Қарақат ӘБІЛДИНАҒА хабарласып, жұрт көкейіндегі сұрақтарды қойды.

Жуырда бір күнде 28 бүлдіршіннің тұсауын кескен екенсіз. Көпшілігінің есімі Қарақат болар?

– Бұл жолы тұсау кестірген бүлдіршіндер арасында Қарақаттармен қатар Аяла, Айша атты қыздар көп болды. Негізі еліміздің түкпір-түкпірінен елу баланың ата-анасы өтініш білдірген екен, бірақ айналдырған төрт-бес сағаттық шарада мұнша баланың тұсауын кесу мүмкін емес. Сондықтан ұйымдастырушылардың ұйғарымымен 28 бүлдіршінмен тоқтадық.

– Сізді көрген жерде баласының тұсауын кестірмекке жүгіретін атан-аналар аз емес шығар?

– Негізі салт-дәстүрді арқау еткен бұл шара о баста халықтың сұрауымен басталған. Әйтпесе мен өздігімнен тұсау кесемін деп еш жерде жария жасаған емеспін. Өзіңіз айтып өткендей, көрген жерде қолқа салатындар көп. Ал мен үшін өмірге келген әр бала  бір-бір тұлға. Сондықтан ата-дәстүрді ұлықтай отырып, балалардың болашағы жарқын болсын деген ниетпен арнайы салтанат залында өткеруді жөн көрдім.

– Тұсау кесу ақысына бір балаға жүз мың теңге алатын көрінесіз. Осы рас па?

– Ол рас. Бірақ мен түскен қаражатты қалтама салып алмаймын. Барлығы дерлік бүлдіршіндердің қызық-қуанышына жұмсалады. Мәселен, шараны өткізу үшін арнайы мейрамхана жалдаймыз, фото-видеоға түсіретін мамандар мен әнші-бишілер шақырамыз. Дастархан жайып, табақ-табақ ет тартып, сахнаны безендіріп, соңында сый-сияпат таратамыз. Мұның бәрі қыруар қаражатқа кеп тіреледі. Қыл аяғы өрілген ала жіптің өзін сатып аламыз.

Әулеттің қуанышы болғандықтан тұсауы кесілетін әр бүлдіршіннің  ата-анасы үйдегі өзге бала-шағасымен қатар ата-әжесін де ертіп келіп жатады. Сондықтан  айтып өткен шығындардан бөлек, келген кісі басына да ақы төлеуімізге тура келеді.

Ұйымдастырушылардың да тегін жұмыс жасамайтыны белгілі. Бірақ осыны біле тұра кейбір жандардың «Қарақат тұсаукесерден табыс тауып жүр» дегені жаныма батты.

Мен салт-дәстүрді саудаға салатын өресіз емеспін. Мынадай қымбатшылық уақытта Қарақат келді екен деп, ешкім ештеңені тегін жасап бермесі анық қой. Егер ата-аналар мені өздері шақыратын болса, жол күрем мен қаламақымды төлеуіне тура келеді. Ал оны көптің қалтасы көтере бермеуі мүмкін.

Сондықтан, той иелеріне де жеңіл түссін әрі баланың қызық қуанышы әдемі ортада аталып өтсін деген ниетпен тұсауды әнімен, сәнімен кесуді жөн көрдім.  

Бұдан ешкім кемшілік көріп жатқан жоқ деп ойлаймын. Керісінше, жан-жақтан жиналған ата-аналардың дені отбасылық достарға айналып, арласып-құраласып кетіп жатады. Ата салттың астары да сол – алыс-жақынның басын қосып, берекеге ұйыту.

Қазақстанда есімі өзіңіздің құрметіңізге қойылған қанша Қарақат бар екен?

– Осыдан төрт-бес жыл бұрын «Бенефис шоуда» сұрау салғанымызда 35 Қарақаттың бары белгілі болған еді. Яғни, бұл бізбен байланысқа шыққандары ғана. Ал қазіргі саны  қаншаға жеткенін білмедім.

– Жұрт «қызымыз Қарақаттай болсын» деп ырымдаса, сіздер үлкен ұлдарыңыздың есімін Бекболат қойған екенсіздер. Бұл қай Бекболат?

– Әр нәрсені жақсылыққа балайтын халықпыз ғой, сондықтан әкесінің қалауы бойынша тұла бой тұңғышымызға Бекболат ТІЛЕУХАН ағаның есімін бердік. Ол кісі перзентханадан шыққан бойда қазаша ырымға салып аузына түкіріп, ақ батасын берген. 

– Енді өзіңіз жүрген өнер тақырыбына ойыссақ. Бүгінде бейәдеп әндердің көбейгеніне алаңдаған кейбір әріптестеріңіз цензура керектігін алға тартып жүр. Сіз осы жайында  не айтасыз?

– Негізі өнерге қатысты біраз дүниеге өзгеріс керек. Көркемдік кеңес келмеске кеткелі кім көрінген сахнаға шыға беретін болды. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағандықтан сөздің қасиеті, әннің сапасы саяз тартып кетті.

Әсілінде, ән дегеніміз салмақты ой, мағынасына орай тыңдаушыны жақсы әсерге бөлеп, көркем мінез қалыптастыруға септігін тигізу керек қой. Бірақ өкінішке қарай, тренд қуып кеттік.

Тіпті, әдепсіз әндерді радио толқыннан беріп жатқанын естігенде, жағамызды ұстаймыз. Оны тыңдаған жастардың санасы қалай уланбайды, мүлде ұят. Мұның барлығы идеологияның ақсап тұрғанының айқын көрінісі.

– Дәстүрлі өнердің шашбауын көтеріп жүрген ат төбеліндей жандардың жағдайын жасау туралы әңгіме айта-айта жауыр болған тәрізді. Естір құлақ болар деген ниетпен сіздің де алып-қосарыңыз бар болар?

– Ештеңе көрмедім деуге келмейді. Мемлекет тарапынан дәстүрлі әншілердің концерті ұйымдастырылып-ақ жатыр. Арасында айтысқа да қарайласып тұрады. Бірақ ұлттық өнердің насихатталуына бұдан да көбірек көңіл бөлінсе екен деген тілегім бар.

Үкімет көмектеспеді деп қол қусырып отыра беруге де болмас.  Алла амал жасағанға береді ғой. Талмай еңбек етіп, өнерін ортаға салған адам тасада қалмайды. Сол себепті өнерпаздың өзіне де байланысты ма деймін, өнерге ынты-шынтысымен берілген адамның қайткенде жемісін көрері анық.

Біздің мектеп ашудағы мақсатымыз да осы – өскелең ұрпақ ұлттық өнерден ажырап қалмасын деген ниеттен туындаған еді. Шүкір, қазіргі таңда саусағына әдемі үкісін тағып, жетіген тартатын жастардың дені артты.

Жетігеннің сүйемелдеуінде заманауи синтезге негізделген  түрлі әндер шырқалып, тыңдарманға тарту етіп жүрміз. Егер «жетіген көне аспап, онымен тек мұңлы шығармалар ғана орындалады» деп қол қусырып отыра берсек оған кім қызығушылық танытады.

Ел бойынша сіздің атыңызды иеленген қанша мектеп бар?

– Он жеті қалада он жеті мектеп жұмыс істеп тұр.

– Сіздің мектеп-студияда білім алғысы келетін әлеуметтік әл-ауқаты төмен отбасылардың балаларына жеңілдік қарастырылған ба?

– Мемлекеттік Art Sport бағдарламасы аясында шәкірттеріміздің тоқсан пайызы тегін тәлім алып жатыр. Ақылы түрде оқитын балалар да бар.   

– Бес жүз жетігенші мен мың домбырашының басын қосып, кеш берудің жайын айтып едіңіз. Қашанға жоспарлап отырсыздар?

– Биыл мектебіміздің ашылғанына он бес жыл толады. Осыған орай биыл күзде Астанда үлкен концерт берсек деп отырмыз. Тыңдарманға естен кетпес әдемі кеш сыйлап, үлкен тарту жасағымыз келеді.

Қайырымдылық шараларымен балалар үйіне де жиі табан тірейтіндеріңіз белгілі. Қарақат пен Қыдырәлінің бір бүлдіршінді бауырына басуға жағдайы жетеді. Мұндай ойда жоқ па?

– «Баланың артығы жоқ» дейді ғой. Бірақ ол үлкен жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Үнемі сыртта жүретін болғандықтан, кейде көңілімде «балаларыма мейірімім бере алдым ба» деген күмән туып жатады. Сондықтан өбектетіп өсіре алмағаннан кейін қайырымдылық жасап, қоғамға қолғабыс болып жүргеніміз жөн бе деймін.

– «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деген ғой, он баланың анасы атанғыңыз келмей ме?

– Бұйырса, үлкеніміз жиырма үш жасқа қадам басады. Енді соны аман-есен аяқтандырып, немере сүйсек деген арманымыз бар.

– Егер ұлыңыз өзге ұлттың қызына таңдау салса, қайтер едіңіз?

– Оған рұқсат бермеймін. Бұл біздің отбасында өзекті тақырып саналады. Оны балаларым да жақсы түсінеді. Сондықтан ұлым ондайға бармайды деп сенемін.  

Сізді тәкаппар санайтындар да аз емес екен. Бұған не дейсіз?

– Қазір қауесетке бойымда иммунетет қалыптасты. Бастапқыда көңілім құлазып, жаныма жақын қабылдайтын едім. Қазір одан арылдым.

Мен анамнан «Ұлық болсаң, кішік бол» деп тәрбие көріп өскен қыз болғандықтан, менменсу маған тән қасиет емес. Бәлкім, түрім сырт көзге солай суық көрінетін шығар. Менің қандай екенімді желідегі жұрттан гөрі жақындарым жақсы біледі. Сондықтан жұрт алдында ақталуға себеп жоқ.

Тегтер: