«Қазақстан халқына» қоры, «Қазақмыс» корпорациясы және СҚО әкімдігі 100 тұрғын үй салу туралы меморандумға қол қойды
Меморандум су тасқынынан зардап шеккен отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып жасалған. Құжатқа сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ұсынған типтік жоба бойынша Петропавл қаласының «Солнечный-2» шағын ауданында 100 тұрғын үй салынбақ.
Петропавл, NEGE. Меморандум аясында «Қазақмыс» корпорациясы 100 үйдің құрылысы аяқталғаннан кейін мердігерлерге төлем үшін «Қазақстан халқына» қорына қайырымдылық көмек ретінде 2,4 млрд теңге аударады.
Үшжақты құжатта су тасқынынан зардап шеккен отбасыларды тез арада баспанамен қамтамасыз ету мақсатында барлық тараптардың міндеттері мен функциялары айқындалған.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тұрақты дамыту жөніндегі директоры Сәкен Шаяхметов компания қаржысына салынған үйлер табиғи апат салдарынан баспанасынан айырылғандар үшін бизнес пен мемлекет тарапынан қолдаудың нақты символына айналатынын атап өтті.
«Қазақстан халқына» қоғамдық Қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев барлық рәсімдердің ашықтығы мен қоғамдық бақылаудың сақталуы құрылыс сапасын қамтамасыз ететінін айтты.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әріптестерге қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, апаттың салдарын сәтті еңсеру үшін күш-жігерді үйлестіру және зардап шеккен отбасыларға нақты көмек көрсету қажеттігін атап өтті.
Жергілікті атқарушы органдар Тапсырыс беруші ретінде залалды бағалауға, құрылыс есептерін дайындауға, жер телімдерін бөлуге, жобалық-сметалық құжаттаманы келісуге, тәуелсіз сараптамалық (бағалаушы) компаниялар мен қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, мердігерлерді таңдап, бар ақпаратты және қажетті құжаттарды ұсынады. Жаңа баспана алатындар үшін өз ісін дамытуға несие алу мүмкіндігі оң әсерін тигізеді.
Бұған дейін сәуір айында Қор қаражаты есебінен Солнечный 2 шағын ауданында 100 тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Енді «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен салынатын баспананың саны екі есеге өспек. Бұл тасқын салдарынан баспанасынан айырылған 200 отбасыға күзге дейін қоныс тойын атап өтуге мүмкіндік береді.