11 Мамыр 16:59
...

«Қазаққа келін болғым-ақ келеді, бірақ...» – португалдық әнші Лара Алейшо

Әнші
Фото: Фото: әлеуметтік желіден

Лара Алейшоның есімі отандық тыңдармандарға Димаштың орындауындағы «Ұмы­тыл­мас күн» әнін қазақ және ағылшын тілінде нақышында шырқап шыққандығымен таныс. Бұл оның елімізде өткен «Voice оf Nur-Sultan» және «Voice of Turan-2023» фестивальдеріне қатысуына жол ашты.

Мариям Жагорқызының иірімі күрделі «Дудар-ай», Қазыбек Құрайышпен бірлесе айтқан «Таптым-ау сені» әндері португал қызын талғамы биік әнсүйер қауымға тіптен жақындата түсті. Қазақстан мен Португалия арасында мәдени көпір орнатқысы келетін арумен тілшіміз тілдесіп көрді.

Әнші
Фото: ғаламтордан

– Лара, сіз қазақ тілінде ән айту арқылы қазақстандық тыңдарманға жақын танылдыңыз. Біздің елдің мәдениетімен қалай таныс болдыңыз?

– Мен Қазақстанның аса бай мәдениетімен Димаш арқылы таныстым. Оның YouTube-тен ән шырқағанын көріп, дауысының диапазонына таң қалдым. Содан бастап қазақ мәдениетін танып-білуге құштарлығым артты. Сөйтіп, желі арқылы Қазақ деген өнерлі халықтың өзге де таланттарымен жақынырақ таныса түстім.

– Қазыбек Құрайышпен ән айтып шыққаныңыз көпті сүйсінтті. Таныстықтарыңыз қалай басталды?

– Қазыбекпен «Voice of Turan 2023» халықаралық қазақ әндері фестивалінде таныстым. Бізді дуэтте біріктірген шараны ұйымдастырушылар болды. Осылайша бірге көптің көңілінен шыққан «Таптым-ау сені» әнін селбесе шырқадық.

Қазақшаға тіліңізді қалай сындырып жүрсіз?

– Қазақша ән айтуды негізінен сол Димаштың әндерін тыңдау арқылы үйрендім. Қазіргі таңда тілімді жетілдіру мақсатында көптеген қазақ әншілерінің орындауындағы тректерді тыңдауды әдетке айналдырдым. Сөздерін қайталаймын, жаттаймын. Біраз жаттыққан соң дыбысталуы қиын сөздердің өзі тілге орамы келе түсе бастады.

Әнші
Л.Алейшо. Фото: ғаламтордан

– Димаштың әнін орындап шыққаныңызды көрген жұрт сіздерден дуэт күтіп еді...

– Диамшпен дуэт айту кез келген әншінің арманы ғой. Солардың қатарында мен де бармын.

– Қазақ-португал тілінде ән айтқыңыз келеді екен. Қазір осыған әрекет етіп жүрсіз бе?

– Иә, өзімнің жеке дара орындауамда қазақ-португал тілінде ән жазсам деген ойым бар. Бірақ бұл жолда әлі қадам жасамадым. Сондықтан бүгін-ертең шығатын туынды дайын тұр деп айта алмаймын. Алда Қазақстанда көптеген музыкалық жобаларым болады деп ойлаймын. Осы мақсатта жақын арада сіздің елге тағы барамын деп үміттенемін. Әзірге әуезді әндер үйреніп, оларға жасаған каверді әлеуметтік желіге жариялап жүрген жайым бар.

– Біздің елде әншілердің дені тойда өнер көрсететінін білетін боларсыз? Сіздерде қалай?

– Португалияда да жиын-тойларда ән айту дәстүрі қалыптасқан. Сондықтан қандай қуаныш болса да, әншілер көп шақырылады. Осы жағынан алғанда кейінгі жылдары халықтар арасында ұқсастық барған сайын артып бара жатқандай сезіледі. Бұл тіпті екі елді өзара жақындастыра түсе ме деймін.

Екі ел арасында бұдан өзге тағы қандай ұқсастық бар?

– Байқағаным, қазақ пен португал мейманының алдына барын қоятын өте қонақжай, дастарханы мол, тату халық. Нағыз ұқсастық осында жатқан сияқты.

Әнші
Фото: ғаламтордан

Желідегі парақшаңызға Қазақстаннан жазатындар көп екен. Хабарыңыз бар болар?

– Әрине, инстаграм парақшамда қазақстандықтар жазған пікірлердің барлығын дерлік оқып отырамын. Бұл менің өзімді өнер жолында қамшылауыма көп мотивация береді.

Олардың дені біздің елге келін болғаныңызды қалайтын көрінеді. Бұл мүмкін бе?

– Иә, ондай мазмұндағы хаттардың шет-жағасын көзім шалды. Қазаққа келін болғым-ақ келеді, бірақ сөз байласқан сүйіктім бар.