6 Ақпан 08:58
...

Балаларды тегін үйірмелерге сыртынан жазып қойғандарды тексере бастады

freepik.com
Фото: freepik.com

Оқу-ағарту министрлігі өкілі балаларды тегін үйірмелер мен секцияларға сыртынан тіркеп қойғаны туралы ата-аналар шағымына пікір білдірді.

Астана, NEGE. Таяуда ата-аналар eGov қосымшасынан балаларының би, шахмат, футбол сияқты үйірмелер мен спорт секцияларына тегін қатысып жүргені туралы мәліметті байқап қалған. Шын мәнінде балалар ондай үйірмелерге қатыспаған. Бұл жағдай ата-аналар тарапынан наразылық тудырды.

Осы жағдайға пікір білдірген оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов деректерді білім беру ұйымдары енгізетінін, оның дұрыс енгізілуіне білім беру ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдар жауапты екенін айтты.

«Заңнамаға сәйкес жауапкершілік білім беру ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Деректерді енгізу, оларды бақылау және қажет болған жағдайда түзету міндеті соларға жүктелген. Қазіргі уақытта әкімдіктер тексеру жүргізіп жатыр», – деді ол.

Шарабасов тексеру қорытындысы шыққаннан кейін қандай шара қолданылатыны туралы шешім қабылданатынын атап өтті.