6 Ақпан 10:28
...

Шабдар отбасының Манхэттенде 2,5 млрд тұратын мүлкі бар екен

қымбат мүлік
Фото: facebook.com/anticorruption.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасының бұрынғы орынбасары, сондай-ақ Ақтөбе облысында осы ведомствоны басқарған Нұрлан Шабдардың жұбайы Меруерт Қисамиева мен қызы Алуа Шабдар Нью-Йоркте жалпы құны 2,5 млрд теңгеден асатын екі пәтерге иелік ететіні анықталды.

Астана, NEGE. Telegram-дағы «Выход к морю» арнасының жазуынша, екі пәтер де Манхеттенде орналасқан.

Арна дерегінше, оның бірі – Джон Джей саябағы маңында орналасқан екі қабатты пентхаус. Пәтердің жалпы аумағы – 280 шаршы метр. Терезесінен Ист-Риверге көрініс ашылады. Пәтерде төрт жатын бөлме, бес жуынатын бөлме, қонақ бөлме және асхана орналасқан, премиум-санаттағы тұрмыстық техникамен жабдықталған. Ғимарат тәулік бойы күзетіледі, ішінде фитнес-орталық, іскерлік кездесулерге арналған кеңселер және шатырында бақ бар. Қазіргі уақытта Нұрлан Шабдардың жұбайы мен қызына тиесілі бұл пәтер айына 20 мың долларға жалға беріліп отыр.

Одан шағындау екінші пәтер Манхэттеннің қақ ортасында орналасқан. Эмпайр-стейт билдинг пен Мэдисон скверге тиіп тұр. Апартаменттің аумағы – шамамен 80 шаршы метр. Бұл жерде бір ғана жатын бөлме, ас үймен біріктірілген қонақ бөлме және жуыну бөлмесі бар. Бұл пәтер де жалға берілген, айлық жалдау ақысы – 7 мың доллар.

«Екі пәтер де Нью-Йоркте тіркелген Aula Estates LLC компаниясы арқылы рәсімделген. 2023 жылы Нұрлан Шабдардың жұбайы мен қызы бұл компанияны таратып, дәл осындай атаумен Флорида штатында жаңа құрылым ашқан (ол компания өткен жылдың сәуір айында жабылған). Нью-Йорк жылжымайтын мүлік тізілімінің деректеріне сүйенсек, осы уақыт аралығында меншік иелері ауыспаған. Бұл Меруерт Қисамиева мен Алуа Шабдардың осы жылжымайтын мүліктердің иесі болып қала бергенін көрсетеді», – делінген жазбада.

Сондай-ақ отбасының Алматыдағы Alem Luxor элиталық коттедж қалашығында орналасқан зәулім үйін Меруерт Қисамиева 2 млрд теңгеге сатуға қойғаны айтылған. Үйдің жалпы аумағы 1100 шаршы метрден асады.

Бұған қоса Болгарияда, Бургас қаласының маңындағы Green Life Beach Resort кешенінде Нұрлан Шабдар отбасына тиесілі бірнеше таунхаус бар екенін анықталды.

Арна мәліметінше, Меруерт Қисамиева ешқашан мемлекеттік қызмет атқармаған. Shishkin like жобасы бұл әйелдің басқаруындағы активтер туралы егжей-тегжейлі жазған: оның ішінде кафе мен балалар орталықтарынан бастап логистика және тау-кен өнеркәсібі бар. Оның іскерлік серіктестері қатарында Қырғызстандағы ықпалды әулеттің өкілдері де аталады.