6 Ақпан 11:42
...

Атырау облысында оқушы бала мектепте құрдасын балтамен қуалаған

Атырау облысы
Фото: Видеодан скрин/instagram/atpress.kz

Әлеуметтік желіде оқушы баланың мектеп дәлізінде балтамен бір баланы қуып бара жатқан сәті таспаланған бейнежазба тарады. Полицейлер бұл жағдай бойынша түсініктеме беріп, жасөспірімнің қамауға алынғанын хабарлады.

Астана, NEGE. Бейнебақылау камерасына жазылып қалған видеодан жасөспірімнің үзіліс кезінде мектеп дәлізінде өзге бір оқушыны балтамен қуып бара жатқанын, қашып бара жатқан оқушының сыныпқа кіріп, есікті жауып үлгергенін көруге болады. Бұған қоса дәлізде оқушылар қарасы көп болғаны байқалады. Куәгерлердің айтуынша, бұл оқиға Атырау облысы Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде болған.

Атырау облыстық полиция департаменті шабуыл фактісін растады.

«5 ақпанда "102" арнасына Құлсары қаласында 10-сынып оқушысы қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларға шабуыл жасап, мектеп аумағынан шығып кеткені туралы хабарлама түсті. Салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған. Жасөспірім анықталып, ұсталды», – деп хабарлады полиция өкілдері.

Жанжалға қатысушылар мен олардың ата-аналары мән-жайды анықтау үшін полиция бөліміне жеткізілді.

Бұл факт бойынша бұзақылық дерегімен қылмыстық іс қозғалды.

«15 жастағы күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, ішкі істер органдарының есебіне алынды. Материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданды», – деп нақтылады ведомство өкілдері.

Бұдан бөлек, жасөспірімнің ата-анасының үстінен баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік іс қозғалды.

Сондай-ақ, қылмыстық іс аясында қылмыстың жасалуына әкеп соққан себептер мен жағдайларды жою туралы білім бөліміне ұсыныс енгізілген.

Оқушының балтаны оқу орнына қалай алып кіргені тергеу барысында анықталмақ.

Тергеу қорытындысы бойынша мектептің лауазымды тұлғалары мен оқу орнын күзеткен агенттік қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.