25 Маусым 13:03

Еуропаны тамсандырған Қарақат БАШАНОВА қайда жүр?

Фото:

«Junior Eurovision-2020» халықаралық байқауының күміс жүлдесін қаршадай Қарақат Башанова иеленгенде, бөркімізді аспанға атып қуандық. Бірақ қазір тыңдарман арасынан «Қарақат қайда жүр?» деген сұрауды жиі естиміз. Тілшіміз жас таланттың өзімен тілдесті.

– Қарақат, биылғы оқу жылын қалай аяқтадың?

– Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектебінде оқимын. Барлық сабағымды үздік бағаға бітіріп, оқу жылын ойдағыдай тәмамдадым.

– Білім ордасында қай аспапты меңгеріп жүрсің?

– Сарипка класын таңдағанмын. Бірақ фортепиано мен гавай ұлтының укулеле аспабында да ойнаймын.

– Онда сркипкада біраз танымал туындыларды еркін тарта алатын боларсың?

– Әрине. Неміс композиторлары Иога́ннес Брамс, Себастья́н Бах, француз композиторы Эдуар Лало сынды көптеген әлем таныған музыканттардың классикалық туындыларын ойнаймын. Және отандық композиторлардың композицияларына да қызығушылығым басым.

Тыңдарманға Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Гүлжан Үзембаева сынды білікті музыка мамандарының жазғанын мақтанышпен тарту етіп жүрмін.

Өткен күзде Бакуде өткен ислам елдері арасындағы конкурста Үзембаеваның «Дударай» атты композициясын орындап, үшінші орын алдым, Зарина Алтынбаеваның  жас композиторлар арасындағы Prima Nota Fest байқауында арнайы номинация бойынша марапатталдым.

– Әйтсе де сені жұрт әншілік өнеріңмен таныды ғой. Болашағыңды өнердің қай бағытымен байланыстырасың?

– Бұйырса, әнші болғым келеді.

– Әнші апаңның атын иеленгендіктен осындай тоқтамға келдің бе?

– Жоқ, бұл – менің жүрек қалауым. Бірақ ата-анам мені шыр етіп дүниеге келгенімде әнші болсын деген ниетпен Қарақат Әбілдина әпкемнің есімін беріпті. Осы  үмітпен өнерге деген алғашқы қадамымды сол кісінің мектеп-студиясынан тәлім алудан бастадым. Дауысым ұнағандықтан маңдайымнан сипап, батасын берген еді.

– Қандай әндерің бар?

– Түрлі тақырыпта әндер жаздырдым. Енді аялап өсірген анама бір шығарма арнасам деген ниетім бар. Жуырда ғана сиясы кеппеген жаңа туындымның әуеніне негіз болған скрипка партиясын өзім орындап шықтым. Сондықтан бұл аспаптың шығармашылық жолында көп көмегі тиіп жатыр. Скрипканы әншілікпен байланыстыра отырып, бірге алып жүру ойда бар.  

– Сонымен, тыңдарманға ұсынбақ жаңа туындың қалай аталады?

– Ән «Әлем» деген атпен жарық көреді. Авторы – Ербол Нариман. Өңдеу жұмыстары жүріп жатыр, алда әлеуметтік желіге жүктейтін боламыз.

Негізі жазылып жатқан жаңа әндердің біріне бейнебаян түсірсем деген ойым бар. Бірақ ол демеуші табуымызға байланысты.

Арасында киноның саундтрегін орындауға ұсыныс түсіп тұрады. Мысалы, «Ақ құс» сериалында қойылатын екі туындыны орындау маған бұйырды. Сондай-ақ Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінің ремейкінде алғашқы  рөлдердің бірін сомдадым. Жуырда еліміздің барлық кинотеатрларына шығады.

– Әдетте жеткіншектер жазғы демалыста қыдыруды жөн көреді. Сенің қандай жоспарың бар?

– Жазда бос жүріп, уақытымды текке өткізгім келмейді. Себебі менде алға қойған жоспар өте көп. Мектеп қабырғасындағы ұстаздарым күзде скрипкадан бес конкурс өтетінін айтқан еді. Соларға дайындықты бастап кеттім. Домбыра үйренгім келеді. Ал вокалға тұрақты түрде барамын. Бұдан өзге музыка мектебінде бізге арнайы жазғы тапсырмалар беріледі. Соларды да орындауым керек.

– Продюсерің бар ма?

– Әзірге продюсерім жоқ. Бірақ Құралай атты үлкен әпкем продюсерден артық. Композиторларға шығып, конкурстық бағдарламаларға қатыстырып, барынша шығармашылығымды шыңдап жүр. Ал арнайы продюсердің көмегіне мектепті бітірген соң жүгінсем деген жоспарым бар.

– Жалпы, әуенге әуестік саған әулеттегі кімнен дарыған?

– Анамның айтуы бойынша, Бошан атам баянда тамаша ойнаған екен. Сол кісіден дарыса керек, біздің отбасымыздағы үш қыз да кішкентай кезімізден музыкаға етене жақын болып өстік.

– «Балалар Евровидениесі» байқауында Forever  әнімен жұлдызыңды жаққан белгілі композитор Хамит Шаңғалиевпен алда тағы шығармашылық тандем орнату жоспары бар ма?

– Әрине, болашақта Хамит ағамен бірге жұмыс істегім келеді. Себебі, ол – өте тамаша адам. Әнді табиғатыңа сай таңдап беретін қабілетіне тамсанамын. Өнердегі ағамнан ара-тұра ақыл-кеңес сұрап отырамын.

– Тағы қандай жас таланттар арасындағы халықаралық байқауда бағыңды сынап көргің келеді?

– America's Got Talent және  The Voice UK байқауларына вокал бойынша қатысып көрсем деймін. Бірақ мұндай жобаларда бақ сынау үшін ағылшын тілін жақсы білуің қажет. Мен тіл білемін, бірақ әлі де жетік меңгергім келеді. Бір жағынан музыканың қыр-сырын толыққанды игеруге тиіспін.

– Осыдан біраз жыл бұрын Димаш Құдайбергенмен дуэт орындағың келетінін айтқан едің. Өнердегі ағаңа ұсыныс білдіру ойда жоқ па?

– Димаш ағамен бірлесе ән орындау әркімнің арманы ғой. Болашақта ол мүмкіндік туады деп үміттенемін. Сол себепті ол кісінің жарыққа шығаратын әр әнін үзбей қадағалап отырамын.

– Сөз саптауыңа сүйсініп отырмын. Кітапты көп оқисың ба?

– Иә, кейінгі жылдары кітап та музыкадан кейінгі айнымас серігіме айналды. Алғаш Төлен Әбдіктің «Оң қол» атты әңгімесін оқыған едім, кейін ол құштарлығым повесть, романдармен жалғасын тапты.

Биыл біраз көркем әдебиетті тауыстым. Мұхтар Мағауиннің әңгімелерінен бастап, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», шетел әдебиетінен Александр Гриннің «Алые паруса», Оскар Уайльдтың «Портре́т Дориа́на Гре́я» туындыларын тәмамдадым. Ал қазір  Джек Лондонның «Мартин Иден» атты танымал романын оқып жатырмын. Арнайы кино болып түсірілген бұл шығарма түпнұсқасын оқуға қызығушылығымды артты.

– Әлеуметтік желіге уақыт табасың ба?

– TikTok пен инстаграм уақытты көп алады. Сондықтан ол жүктемелерді қалта телефонымнан  мүлде өшіріп тастадым. Мен үшін әр күн, әр сағат, әр минут қымбат. Сол себепті әр сәтті оқып-білетін, ізденетін іске арнағым келеді.

Тегтер: