29 Наурыз 17:05

2 млрд қаржы бөлінген жоба: Қаншасы игерілді, қаншасы жоқ?

Фото:

Еліміздегі алыс аймақтар мен өңірлер тақырыбын көтерген кезде міндетті түрде жол-көлік, тұрғын үй мен ауыз су мәселесі айтылады. Тіпті аталған мәселелер республикалық маңызы бар қалалар үшін де актуалды болатын сәттер көп. Іске асыру мерзімі 2021-2025 жылдарды қамтитын «Куатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында осы аталған мәселелерді түбегейлі шешу қарастырылған.

Өткен екі жылдың ішінде мақсатты жоспардың қанша пайызы орындалды? Бөлінген қаржы толықтай игерілді ме? Осы сауалдарға жауап алу мақсатында NEGE тілшісі Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне сұрау салған еді. Келген жауаптың реті осындай болды.

–Осы Ұлттық жобаны іске асыру үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бөлінген қаржыландыру көлемі қандай? Оның қаншасы игерілді?

–2022 жылы «Куатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Министрлік құзыреті шегінде іс-щараларды іске асыруға 1 904,7 млрд тенге мөлшерінде қаражат бөлінді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 1 498,1 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 203,9 млрд теңге, ал бюджеттен тыс қаражат 202,7 млрд теңгені құрады.

Жыл қорытындысы бойынша 1 867,4 млрд теңге игерілді. Атап айтқанда, республикалық бюджеттің 1 464,4 млрд теңгесі, жергілікті бюджеттің 200,3 млрд теңгесі, бюджеттен тыс қаражаттың 202,7 млрд теңгесі қажетті мақсатта қолданылды.

фото: ғаламтордан

–Бұл жобаның басқа қабылданып жатқан ұлттық жобалардан айырмашылығы қандай? Оның өңірлердегі барлық мәселелерді шешуге қауқары жете ме?

–«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының мақсаты –базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру. Осылайша, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлтық жобасы аясында іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2022 жылы республика бойынша 130,7 мың отбасы тұрғын үймен қамсыздандыруға, сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікпен  қамтамасыз етуге, нормативтік күйдегі облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың үлесі 80%-ға жеткізуге және т.б. мүмкіндік берді.

– Жақсы, түсінікті. Жоба міндеттемесінде 2025 жылдың соңына қарай қалалар мен ауыл, елдімекендердегі халықты сумен қамтамасыз ету қызметтеріне қолжетімділікті 100 пайызға арттыру мақсат етілген. Былтыр-биыл жасалған жұмыстар нәтижесінде бұл статистика үлесі қанша пайызға жетіп тұр?

–2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 96,8% құрады, оның ішінде ауылдарда 94,5% және қалаларда 98,4%. 2023 жылы халықтың 97,6% - ға дейін, оның ішінде қалаларда 98,8% және ауылдарда 96,3%-ға дейін қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарлануда.

фото: ғаламтордан

–Ауыз су мәселесі шешілмеген қанша өңір бар қазір? Оларға арнайы статистика жүргізесіздер ме?

–Елімізде барлығы 6 295 ауыл бар, оның ішінде 4900 ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. 1 395 қамтамасыз етілмеген ауылдың 432-сінде орталықтандырылған сумен жабдықтау құрылысын жалғастырып жатырмыз.

Алдағы уақытта 200-ден аз адам тұратын 963 ауылда суды тазартудың жергілікті жүйелері орнатылады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне 100% қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарлануда.

Байқағанымыздай, осы үш жылдың көлемінде елдегі жолдар мен ауыз су мәселесі толықтай шешіліп болуы тиіс. Осы мақсатта жасалып жатқан жұмыстардың санға емес, сапаға бағытталып жатқанына сенуге тура кеп тұр қазір. Бір істің соңы қайтадан майдаланып кетпес үшін бюджеттен бөлінген қаражаттың тиімді жолда жұмсалуы маңызды.

 

Тегтер: