15 Сәуір 15:42

Алматы – бұқаралық спорттың көшбасшысы

спорт
Фото: uniflex.kz

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Алматы қаласында 924 мың адамға жуық дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Бұл – қала халқының 42 пайызы. Алматы қаласы бойынша 324 мыңға жуық бала мен жасөспірім спортпен қамтылған. Осы сандарға қарап-ақ, елімізде бұқаралық спорттың кең көлемде насихатталып жатқанын аңғаруға болады.

Бұл сандар – Алматы қаласында спорт бұқаралық сипатқа ие болғанын көрсетсе керек. Тренажер залдары көп ашылып, ол жерлерге халықтың лық толғанына куә болып жүрміз. Бұған елімізде бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударылуы себеп болып отыр. Өйткені, бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауларында бұқаралық спортты дамыту арқылы ұлтымыздың денсаулығын жақсартуды, бүкіл ел мақтан тұтатын спорт жұлдыздарының жаңа буынын тәрбиелеп шығаруды айтып келді.

Алматының спорт кешендері көбейді

Алматы қаласы әкімдігі спорт залдарының көптеп ашылуына қолайлы жағдай жасап жатқаны анық. Айталық,Алматы қаласы мәслихатының шешімімен «Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар бағдарламасы» қабылданды. Оның аясында «Дене шынықтыру және спорт салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі құрамдас бөлігі ретінде» жол картасы бекітіліп отыр. Сол жол картасында қалада спорт инфрақұрылымын жақсарту, оның ішінде жаңа спорт нысандарын салу және қолданыстағыларын жаңғырту қарастырылған.

Бұдан бөлек, жыл сайын 3 дене-шынықтыру – сауықтыру кешендерін салу да көзделген. Мәселен, 2022 жылы Алматының Жетісу ауданында 3 дене-шынықтыру сауықтыру кешені қолданысқа берілді. Атап айтқанда, біріншісі «Кемел» ықшамауданында орналасқан. Жалпы аумағы – 3024 шаршы метр, ал күндік қабылдау қуаты – 560 адам. Екіншісі, «Айнабұлақ» ықшамауданында ашылды. Жалпы көлемі – 3920 шаршы метр, 564 адамға шақталған. Үшіншісі, әрі ең үлкені «Құлагер» шағынауданында бой көтерді. Жалпы аумағы – 7 400 шаршы метр. Бір мезетте 900-ге жуық адам спортпен айналыса алады.

Жұмыс мұнымен тоқтамайды

2023 жылы тағы да 3 дене-шынықтыру сауықтыру кешенін салу жоспарланды. Олардың құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылы басталған еді. Олар Алматының үш ауданында орналасқан. Толығырақ тоқталатын болсақ, Медеу ауданындағы Алатау елді-мекенінде жалпы аумағы – 7400 шаршы метр болатын кешен. Спорттық нысан 900 адамды сыйдыра алады. Одан кейін, Түрксіб ауданына қарасты Жас-Қанат ықшамауданында ашылды. Оның да аумағы тура Медеу ауданындағыдай. Спорттық нысан кең әрі спортпен айналысуға бар жағдай жасалған. Ал Алатау ауданына қарасты Зерделі ықшамауданында жалпы аумағы – 3974 шаршы метр болатын дене-шынықтыру сауықтыру кешені ашылды. Онда бір мезетте 600-ге жуық адам спортпен айналыса алады.

Сондай-ақ, 2024-2025 жылдарға 4 дене-шынықтыру сауықтыру кешендерін ашу жоспарланып отыр. 2 дене-шынықтыру сауықтыру кешендері Наурызбай, қалғандары Түрксіб және Алатау аудандарында бой көтеріп, халыққа қолданысқа беріледі. Айта кетейік, барлық кешендер көп функционалды. Онда командалық спорт, жеке-жек және су спортымен айналысуға мүмкіндік бар. Бұл әмбебап зал мүмкіндігі шектеулі жандарға да бейімделген. Оған қоса, қаланың шалғай аудандарындағы тұрғындар үшін жаяу қашықтықта орналасқан.

Қысқы спортпен 13 880 адам шұғылданады

Қысқы спорттың дамуына үлес қоса алатын еліміздегі бірден бір қала – Алматы қаласы. Тау шаңғысына, шаңғымен сырғанауға арнайы спорттық кешендер салынған. Конькимен жүгіру, мәнерлер сырғанау секілді спорт түрлеріне ареналар салынды.

Алматы қаласы Спорт басқармасына қарасты №3 «Кешенді балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» МКҚК қысқы спорт түрлері бөлімдері жұмыс істейді. Аталған мектемтепте жалпы 13 қысқы спорт түрлері (шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, шаңғы және тау шаңғысы, сноуборд, фристайл, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, бенди, шайбалы хоккей (қыздар ұлдар), керлинг) қамтылған. Онда 1022 спортшы жаттығады. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.

2023 жылы Алматы қаласында қысқы спортпен шұғылданатындар саны 13 880 адам болды.

Нәтиже жаман емес

Спорттық нәтижелерге келетін болсақ, шаңғымен тұғырдан секіруден Илья Мизерных Канвондағы жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанды. Айта кетерлік, Қазақстан бұған дейін қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында алтын медаль алмаған.

Сондай ақ Хохлов Ростислав – тау шаңғысынан жастар арасындағы 32-ші Азия чемпионатында екі алтын медаль иеленді, конькимен жүгіруден Қазақстан Республикасы чемпионаттарының және Қазақстан Республикасы кубогының бірнеше дүркін чемпиондары мен жүлдегерлері Глеб Терентьев, Сара Ким, Варвара Новикова, Тоқтар Маруаны да айта кету керек.

Астана қаласында еліміздің 20 өңірінен 11 қысқы спорт түрлерінен 2 мыңнан астам адам қатысқан Қазақстан Республикасының IV Қысқы жасөспірімдер ойындарының Алматы қаласы чемпионы атанды.

Алматы қаласы – спорт астанасы

Қазақстанда аса қызығушылығы мол футбол, бокс, күрес және басқа спорт түрлері қарқынды дамуда. Алматы қаласы Спорт басқармасы жалпы барлық спорт түрлеріне көніл бөлуде.

Алматы қаласы мен Қазақстан Республикасының құрама командаларына спорттық резервтерді дайындау бойынша 15 ведомстволық ұйымдарда 14 мыңнан астам спортшы – 49 олимпиадалық, 33 олимпиадалық емес және 10 ұлттық спорт түрлерімен айналысады.

Спорттық нәтижелерге келетін болсақ:

Айтмұхан Ризабек – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы еркін күрестен тұңғыш әлем чемпионы.

Карими Милад – ұзақ 26 жылдан кейін спорттық гимнастикадан Әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алып, Париж – 2024 олимпиадасына жолдама жеңіп алды.

Ислам Сәтбаев – (оқ ату), Ханчжоудағы Азия ойындарының қола жүлдегері, Азия чемпионы, пневматикалық мылтықтан 10 метрге ату жарысы бойынша лицензия иегері.

Арина Алтухова – (оқ ату) жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ересектер арасында күміс жүлдегері, кіші калибрлі винтовкамен 50 метрден үш позицияда (тік тұрып, жатып, тізерлеп тұрып) оқ атудан олимпиада лизенциясының иегері.

Константин Малиновский – (оқ ату) Азия чемпионы, кіші калибрлі винтовкамен 50 метрден үш позицияда (тік тұрып, жатып, тізерлеп тұрып) оқ атудан олимпиада лизенциясының иегері.

Ле Александра Георгиевна – (оқ ату) Ханчжоудағы Азия ойындарының қола жүлдегері, Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері.

Қазіргі таңда Алматы қаласының қоржынында 5 Олимпиадалық жолдама бар. Жалпы 12 жолдама жеңіп алуымыз жоспарлануда.

Астана қаласында еліміздің 20 өңірінен 27 спорт Қазақстан Республикасының VI жазғы Спартакиадасы Алматы қаласы чемпионы атанды.

Балалар спорты – басты назарда

Алматыда балаларды ерте жастан спортқа баулу мәселесіне қашанда ерекше мән беріліп келеді. Мәселен, 2024 жылы 43 мың 500 бала 594 спорт секциясымен қамтылды. Айта кетерлігі, мұнда олар жанына жақын спорт түрін өздері таңдай алады. Тегін секцияларға 4 жастан 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер қабылданады. Қазіргі таңда балалар арасында футбол, таеквандо, каратэ, жүзу және дзюдо секциялары ерекше сұранысқа ие. Алматы қаласында салауатты өмір салтын қалыптастырып, балалардың спортпен шұғылдануына жақсы жағдай жасауға баса көңіл бөлініп отыр.