18 февраля 2026 г. 14:35

Жаңа Конституция және жастардың рөлі: Қазақстан саяси реформаларына жаңа көзқарас

Фото: Ұлан Наукен

Қазақстанда жаңа Конституция бойынша референдум өткізу туралы Президент бастамасы елдің саяси жүйесіндегі түбегейлі өзгерістердің бастауы ретінде бағалануда. Бұл жолы Конституциялық реформа тек билік тармақтарының өкілеттігін қайта бөлу емес, кең қоғамдық қатысуға, ашық талқылауға және ұлттық консенсусқа негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағытталғаны ерекше атап өтілуде.

Осы мәселелерді тереңірек түсіну үшін біз «Қазақстан студенттерінің Альянсы» республикалық студенттік қозғалысының басшысы – Наукен Ұлан Аманғазыұлымен сұхбаттасып, реформалардың мәні, референдумның саяси логикасы, экономикалық бағыттардың жаңаруы және инвестициялық саясаттағы өзгерістер туралы көзқарасын білдік. Сарапшы қазіргі реформалардың жастар үшін, жалпы елдің болашағы үшін қандай стратегиялық маңызы барын жан-жақты талдап берді.

— Мемлекет басшысы жаңа Конституция бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұған дейін өз баяндамаларында ол елге жаңа Конституция не үшін қажет екенін және билік жүйесінде қандай өзгерістер бекітілуі тиіс екенін түсіндірген еді. Сіздің ойыңызша, Президенттің конституциялық реформаға қатысты түпкі мақсаты қандай және ол бұл құжат арқылы ең алдымен нені айқындап алғысы келеді?

— Менің ойымша, бұл жолғы конституциялық өзгерістердің басты ерекшелігі – оның кең ауқымды қоғамдық қатысумен әзірленуі. Егер бұрын Конституция небәрі 12 адамның қатысуымен дайындалған болса, осы жолы 130 адамнан құрылған кеңес жұмыс істеп, оған заңгерлер, депутаттар, жоғары оқу орындарының ректорлары, журналистер және жастар өкілдері кірді. Мұндай кеңейтілген құрам реформаның бір ғана тар кәсіби топтың емес, қоғамның әртүрлі әлеуметтік және кәсіби қабаттарының пікірін ескере отырып жасалғанын көрсетеді. Бұл тәсіл құжаттың легитимділігін күшейтіп қана қоймай, оның мазмұны қоғамдық сұранысқа барынша жақын болуына мүмкіндік береді. Меніңше, мұндай құрамның жасақталуы билік пен қоғам арасындағы диалог мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын аңғартады. Әсіресе жастар мен азаматтық сектор өкілдерінің қатысуы болашақ ұрпақтың мүддесі мен заманауи қоғамдық үрдістердің ескерілгенін білдіреді. Бұл конституциялық реформаның тек саяси акт емес, ұлттық келісім құжатына айналуына бағытталған маңызды қадам деп санаймын. Яғни бұл өзгерістер билік құрылымдарын қайта бөлумен ғана шектелмей, мемлекеттік басқарудың философиясын жаңғыртуға бағытталған.

— Тоқаев Конституциялық комиссияның шетелдік сарапшылардың қатысуынсыз құрылғанын атап өткен болатын. Енді референдум тағайындалған жағдайда, саяси логика және реформалардың халықаралық қабылдануы тұрғысынан бұл акцентті қалай түсіндіруге болады?

— Менің пайымдауымша, Мемлекет басшысының жаңа Конституция бойынша референдум өткізу бастамасының түпкі мақсаты – елдің саяси жүйесін тарихи кезең талабына бейімдеу және билік тармақтарының теңгерімін нақтылау. Бұл арқылы мемлекет суперпрезиденттік басқару элементтерінен біртіндеп ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар модельге өтуді заңдық тұрғыдан бекітуді көздейді. Мұндай институционалдық трансформация елдің ұзақ мерзімді саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадам болып табылады. Конституциялық комиссияның шетелдік сарапшыларсыз құрылуы да ерекше назар аудартады. Мен мұны Қазақстанның реформаларды сыртқы ықпалсыз, ұлттық мүдде мен ішкі сұранысқа сүйене отырып жүргізуге дайын екенін көрсететін белгі деп қабылдаймын. Халықаралық тұрғыдан бұл елдің егемен шешім қабылдау қабілетін білдірсе, ішкі аудитория үшін реформалардың шынайы ұлттық сипатта екенін айқындайды. Яғни бұл – легитимділікті сыртқы бағалаудан емес, ішкі қоғамдық сенімнен қалыптастыруға бағытталған тәсіл.

— Мемлекет басшысы деглобализация мен жаһандық дағдарыстар жағдайында экономикалық және қаржылық саясатты қайта жүктеу қажеттігін айтқан еді. Бұл қадам саяси кезеңде бұл бастамалар өзге орта және дамушы экономикалардың қазіргі бағытымен қаншалықты үндеседі?

— Президенттің деглобализация және жаһандық дағдарыстар жағдайында экономикалық саясатты қайта жүктеу туралы ұстанымы да қазіргі халықаралық үрдістермен үндес. Бүгінде көптеген дамушы мемлекеттер сыртқы тәуелділікті азайтып, ішкі өндіріс, технология, логистика және қаржылық тұрақтылықты күшейтуге басымдық беріп отыр. Сондықтан бұл бастама Қазақстанды әлемдік экономикалық турбуленттілік жағдайында орнықты даму траекториясына бағыттайтын прагматикалық әрі уақытылы саясат деп есептеймін.

— Президент ЖІӨ өсімін халықтың нақты табысымен тікелей байланыстыру міндетін қойған болатын. Енді бұл ұстаным оның экономикалық стратегиясының басымдықтарын қалай айқындайды деп ойлайсыз?

— ЖІӨ өсімін халықтың нақты табысымен байланыстыру туралы тапсырма экономикалық стратегияның басты басымдығын айқын көрсетеді. Бұл енді макроэкономикалық статистика емес, азаматтардың нақты өмір сапасы негізгі өлшемге айналатынын білдіреді. Яғни экономикалық саясаттың нәтижесі халық табысының артуы, жұмыс орындарының сапасы және орта таптың кеңеюі арқылы бағаланатын болады. Мұндай тәсіл әлеуметтік әділеттілік қағидатын экономикалық саясаттың өзегіне айналдырады.

— Тоқаев инвестициялық келісімдердің орындалуы және мемлекеттік қызметкерлердің жеке жауапкершілігі туралы қатаң мәлімдемелер жасаған еді. Мұндай сигнал шетелдік инвесторлар үшін қаншалықты маңызды?

— Инвестициялық келісімдердің орындалуына қатысты қатаң талаптар мен мемлекеттік қызметкерлердің жеке жауапкершілігін күшейту туралы мәлімдемелер шетелдік инвесторлар үшін маңызды сигнал деп санаймын. Бұл мемлекет келісімшарттардың орындалуына нақты кепіл болатынын және әкімшілік кедергілер үшін жауапты тұлғалар анықталатынын білдіреді. Инвестор үшін ең маңызды факторлар – құқықтық қорғалу, болжамдылық және тұрақтылық, ал мұндай мәлімдемелер осы үш элементті күшейтеді.

— Мемлекет басшысының Үкіметтегі сөзінде қатаң тұжырымдар көп болды: ықпал ету шаралары туралы ескертулер, ведомстволарды сынау, құзыреттерді жария бағалау. Сіздің ойыңызша бұл қандай саяси сигналдарды білдіреді?

— Үкіметке бағытталған қатаң сын мен талаптар да саяси тұрғыдан мәнді. Менің ойымша, бұл мемлекеттік аппаратқа берілген нақты сигнал: енді формализм мен нәтижесіздікке жол жоқ. Мұндай ұстаным басқару мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, жауапкершілікке негізделген мемлекеттік қызмет моделін қалыптастыруға бағытталған. Сонымен бірге бұл қоғамға биліктің талап қоюшы әрі бақылаушы позицияда екенін көрсетеді.

— Президент Үкіметке үш ай ішінде арнайы экономикалық аймақтарды дамытудың жаңа моделін бекітуді тапсырған болатын. Референдумнан кейін бұл бастаманың ел экономикасына және инвестициялық әлеуетіне ықпалы қандай болуы мүмкін?

— Арнайы экономикалық аймақтардың жаңа моделін әзірлеу тапсырмасы референдумнан кейінгі реформалардың экономикалық жалғасы болмақ. Егер бұл модель тиімді іске асырылса, өңірлік инвестициялық бәсекелестік артып, өндірістік кластерлер қалыптасып, экспорттық әлеует күшейеді. Бұл Қазақстанды тек шикізат жеткізуші елден технологиялық және өңдеуші өндірістер орталығына айналдыру стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырылуы тиіс. Қорытындылай келе, мен аталған реформаларды мемлекеттің саяси тұрақтылығын сақтай отырып жаңаруына бағытталған жүйелі әрі кезеңдік стратегия деп бағалаймын және толық қолдаймын. Конституциялық өзгерістер басқару сапасын арттыруға негіз қаласа, экономикалық жаңғырту халық әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, қазіргі кезеңді Қазақстан үшін институционалдық жетілу мен ұлттық жаңғырудың маңызды тарихи белесі деп есептеймін.