Ресей мен Әзірбайжан AZAL ұшағының апатына байланысты келісімге келді
Ресей мен Әзірбайжан 2024 жылы Ақтау маңында құлаған AZAL әуекомпаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы апаты салдарын толық реттеу жөнінде келісімге келді.
Астана, NEGE. Келісім туралы бүгін, 15 сәуірде екі елдің Сыртқы істер министрліктері бірлескен мәлімдеме жасады.
«Тараптар 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау қаласының маңында Ресей Федерациясының әуе кеңістігінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінің әдейі іске қосылуы салдарынан Azerbaijan Airlines (AZAL) әуекомпаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағының апатына байланысты өтемақы төлеу мәселесін қоса алғанда, салдарды реттеу жөнінде тиісті келісімге келді», – делінген мәлімдемеде.
Қос тарап та қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, тату көршілік қарым-қатынастар мен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.
Еске салсақ, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға бағыт алған AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Бортта 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 38 жолаушы қаза тауып, 29 адам аман қалды.
Ұшақ апатына қатысты Ресейде, Қазақстанда және Әзірбайжанда қылмыстық іс қозғалды.