Таразда оқушылар арасында жаппай төбелес болып, бір баланың көзіне зақым келді
14 сәуір күні Тараз қаласындағы мектептердің бірінде оқушылар арасында төбелес болып, бір бала көзінен жарақат алды.
Астана, NEGE. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлады.
«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Тергеу нәтижелері бойынша оқиғаның барлық қатысушыларының әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады», – делінген полиция хабарламасында.
Бұған қоса оқушылардың ата-аналары кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылады.
Жамбыл облысының білім басқармасы жаппай төбелес кезінде зардап шеккен балаға шұғыл операция қажет болғанын хабарлады.
«Оқушылардың бірі көз тұсынан жарақат алды. Зардап шеккен балаға мектептің медициналық кабинетінде алғашқы көмек көрсетілді, кейін жедел жәрдем бригадасы оны медициналық мекемеге жеткізді. Дәрігерлер қажетті ем жүргізіп, шұғыл хирургиялық операция жасады», – деп мәлімдеді басқарма өкілдері.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.