30 июня 2022 г. 13:28

Тоқаевтың сөзі Ресейдің Қазақстанға басып кіруіне түрткі бола ма?

Фото:
«Ресей Қазақстанға шүйлікпейді». Мұны Кремльдегі дереккөзіне сүйене отырып,

BBC-дің Орыс қызметі хабарлады. «Салдары? Ешқандай. Қазақстан біз үшін мүмкіндік аумағы. Әзірге бәрі осылай болып қалады. Олар (қазақ билігі – ред) жария бейтараптық сақтайды», – деп жауап берген аты-жөні аталмаған Кремльдің бір қызметкері.

Әрине, әңгіме Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей президенті Владимир Путиннің көзінше ел ұстанымын ашық әрі өткір білдіруі туралы болып отыр.

Би-би-си шолушысы Петр Козлов «Қазақстандық пасьянс. Тоқаев – тыныштықты бұзушы ма, әлде Кремльдің  артқы есігі ме?» атты мақаласында осы мәлімдемеден кейінгі Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасының қалай өзгеретіні жайлы сөз еткен.

Тоқаевтың батылдығы көпшілік үшін айды аспанға шығарғанмен тең қабылданса да, сарапшылар үшін мүлде тосын жайт емес болып шыққан тәрізді.

«Тоқаевтың айтқаны таңғаларлық нәрсе емес. Тек қана оның қалай айтқаны, қай жерде айтқаны таңқалдырды. Қазақстан бұрыннан осындай ұстанымды берік ұстанып келеді», – дейді Орталық Азия елдері жөніндегі маман Темур Умаров.

Оның пікірінше, қазіргі жағдайда Ресейдің Қазақстанға қысым көрсетуі өз аяғын өзі атқанмен пара-пар.

Карнеги қорының ғылыми қызметкері Александр Габуев Маргарита Симоньянның бұл сұрақты әдейі қойып, арандатқанын алдыға тартады.

М.Симонян.

«Бұл тақырып мүлде қозғалмас та еді. Сұрақ қойылған соң, ол тік жауап берді. Тоқаев: «Қараңызшы, соғыс деген – қылмыс. Біз мұны қолдамаймыз. «Украинаны жоқ нацистерден азат етеміз» деп орыстар мен украиндерді өлтіруді қалай ақтауға болады?» деген жоқ. Олай демеді», – дейді сарапшы.  

Александр Габуев Ресейдің қазір Қазақстанның солтүстігін басып алуға күші жетпейтінін айтады. Өйткені, Украинадағы «әскери операция» мүлде жоспар бойынша жүріп жатқан жоқ. Екінші майдан ашса, бұл Қытай секілді алпауыт елдің ызасын туғызады.

«Қазақстан өз ұлттық мүддесін қорғап отыр. Бұл Ресейдің мүддесімен ұдайы тоқайласа бермейді», – дейді сарапшы.

Десе де, Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубнов Кремльдің оғаш қадамдарға баруы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Путин мұндай сөзді естимін деп ойлаған жоқ. Меніңше, ол «батылы жетер ме екен» деп жауабын қызыға күтті. Тоқаевтың батылы жетті. Енді осы сөзді көтеруі керек. Қандай реакция болатыны Путиннің таным-түсінігінің ақиқаттан ауылы қаншалықты алыс екеніне байланысты», – дейді Аркадий Дубнов.

А.Дубнов.

Айта кетерлік жайт, мәлімдеменің ертеңіне қазақ мұнайы тасымалданатын құбырдың маңынан жарылғыш зат табылды. Ол екінші дүниежүзілік соғыстан қалып кеткен көрінеді. Сарапшылар бұл жайтқа баса назар аудармаған. Бірақ, аталмыш агенттіктің дерегінше, әзірге Кремль Қазақстанға қысым көрсетуді жоспарлап отырмаған сыңайлы.

Мамандардың ортақ пікірінше, Қазақстан – Беларусь емес.

«Экономикалық тұрғыдан Ресейге айтарлықтай басыбайлы деуге келмейді. Қытайға қарай тартылған құбыры да бар. Оның үстіне, Кремльдің қолжаулығына айналғанын қаламайтын аймақтағы өзге де ойыншылар аз емес. Соның бірі – Қытай. Сондықтан Ақорданың көпвекторлық саясат ұстану жолынан айнымауға біршама мүмкіндігі бар», – дейді сарапшылар.

Тегтер: