Тоқаев ұсынған «орыс тілін қолдау ұйымын» депутаттар қолдай ма?
ТМД-ға мүше мемлекеттер кеңесінің отырысында Путин 2023 жылды орыс тілі жылы деп жариялау туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Белгілі болғандай, бұл ұсынысты алғаш боп оған Тоқаев айтқан. Тоқаевтың сөзінше, ТМД аясында құрылған орыс тілін насихаттау мен дамытуға арналған халықаралық ұйымға әлемнің кез келген жеріндегі орысша сөйлейтін мемлекеттер қосыла алады. Дегенмен Қазақстан президентінің бұл әңгімесі қоғам тарапынан қолдау тапқан жоқ. Керісінше, оны қазақ тілінің дамуына кедергі келтіретін әрекет деп сынға алды.
Бұған қатысты Мәжіліс депутаттарының ойын білмек болған NEGE тілшісі олардан блиц-сауалнама алған еді.
Берік Дүйсембинов, депутат:
Орыс тілін қорғайтындай, оған ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ
– Бұл енді ТМД мемлекеттерінің шеңберінде ғана қабылданған, сол аяда ғана жұмыс істейтін жоба деп ойлаймын. Ол үлкен саясаткерлердің арасындағы бір-бірінің көңілін аулауға бағытталған, бір дипломатиялық қадам сияқты. Әйтпесе орыс тілін қорғайтындай, оған ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Оны қорғамаса да, ағылшын тілі сияқты өздігінен дамып, өсіп жатыр. Ал қазақ тілінің мәртебесінің сақталу не сақталмауына ешқандай құжат, жоба әсер ете алмайды. Қазақ тіліне қауіп қандай да бір құжаттан емес, қазақтардың өзінен төніп тұр.
Ана тілі үшін айқасып жүрген азаматтардың бала-шағасы орысша сөйлеп отырады мысалы. Сондықтан бәрін өзімізден бастауымыз керек. Өз тілімізде сөйлемейміз. Жиын, жиналыстарда да солай. Мысалы, Мәжілістің жұмыс тәртібі қаралып жатыр. Оған мен депутат ретінде кез келген заңның қазақ тілінде түсіп, қазақ тілінде талқылауды талап ететін түзетуді енгізсем бе деп отырмын. Егер әріптестерім мені қолдаса, осылай өзімізден бастауымыз керек.
Қазақ тілінің техникалық қиыншылықтары көп деген сылтау айтатындар бар. Бірақ ол олай емес. Мысалы, оңтүстік өңірлерде департамент, органдардағы құжаттарды қазақша толтыруға еш қиындық болған емес. Біз болсақ, «техникалық қиыншылық» деп, «заңның сапасына әсер етеді» деп, орыс тілінің ығына жығыла саламыз. Бұлай жалғастыра беруге болмайды. 30 жыл бойы дамымай қалған дүние ғой бұл. Заң қабылдауды, талқылауды, жұмыс режимін қазақша жүргізуді бастайтын уақыт келді. Қазақстанда, қазақ мемлекетінде отырып қазақша сөйлеуден неге қорқамыз?! Мемлекеттік мекеменің есігін аттаған кезде қазақ тілінсіз жұмыс істей алмайтындай жағдайға жетуіміз керек. Сол кезде ғана тілге деген қоғамдық сұраныс туады.
Мақпал Мыса, депутат:
Қазақ тілін өшіріп немесе оның мәртебесін түсіреді деп ойламаймын
– Бұл сөзді Мемлекет басшысы тек сол ұйымға қатысты айтты. Яғни, ТМД жұмысын жандандыру мақсатында орыс тілін дамытуды ұсынды. Өйткені, олар негізінен орыс тілін пайдаланады. Біз олардың көптеген заң жобаларын қарап отырған кезде мысалы түрікмен мен қазақтың арасындағы келісімшарттар болса, әркім өз ана тілінде жазады. Ал кейде түсінбестік орын алып жатқан кезде орыс тіліне жүгінеді. Бірақ біз өз тарапымыздан «қазақ тілінде баптарын қалдырмай, толық жазыңыздар» деп талап етеміз.
Сол сияқты ұйымның жұмыс істеу тәртібі орыс тілінде болғаннан кейін оны жандандыру үшін осындай ой айтқан деп ойлаймын өзім. Ондай тетікті, механизмді кез келген ұйымға қолдануға болады. Бізде де бар ғой сондай ұйымдар. Мысалы, «Қазақ тілі» қоғамы. Путиннің келер жылды орыс тілі жылы деп жариялауына қатысты айтсам, бұл оның президент ретіндегі шешімі шығар.
Оған енді ештеңе дей алмаймыз. Бұл бірақ Қазақстанның жерінде қазақ тілін өшіріп немесе оның мәртебесін түсіреді деп ойламаймын. Ондай заман артта қалды. Қазір қазақ қоғамы рух, тарих, тағылым тұрғысынан оянған. Сондықтан біз өз тілімізді шеттетіп, аяқасты ете алмаймыз. Ол – анық. Бұндай шешімдерге қатты мән беріп, астар іздеудің қажеті жоқ. Керісінше, өз елімізде қазақ тілінің, яғни мемлекеттік тілдің дамуына қатысты концептуалдық шешімдерге көбірек басымдық беруіміз қажет.
Аветик Амирханян, депутат:
Мүмкін оны Ресейде жариялауы керек шығар?!
– Қазақ тілінің басты мәртебесі – ол мемлекеттік тіл. Біз бәріміз қазақ тілін білуге міндеттіміз. Бұл тұрғыдан біріміз бірімізге кедергі келтірмеуіміз керек. Бірінші кезектегі мәселе – осы. Егер Президент бұндай ұсыныс айтса, біз оны қолдауға тиістіміз. Осы тұста «Бұл мемлекеттік тілді үйренуге қысым жасай ма?» деген сұрақ туындайды.
Бірақ тілді балабақшадағы бала кезден бастап, зейнет жасына дейін үйренуге болады. Тіл – үлкен қазына. Қаншалықты көп тіл білсең, соншалықты өзіңе жақсы. Дегенмен Қазақстанда тұрған соң мемлекеттік тіл қазақ тілін білу керек.
Сондықтан бұл жерде қазақ тілі орыс тіліне немесе керісінше бір-біріне еш қысым жасамайды. Ал Путиннің «орыс тілі жылы» деген сөзінің мағынасын түсініп тұрған жоқпын. Мүмкін оны Ресейде жариялауы керек шығар?!