Қазақша туризм: Дертке дауа Алакөл демігіп тұр
Осыдан біраз уақыт бұрын Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен туристік бағыттардың жай-күйін бағамдау мақсатында Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев Жетісу және Абай облыстарына қарасты Алакөл аймақтарын аралап шыққан еді. Еліміздің басты шипажайлары болуға тиіс өңірдің инфрақұрылымымен таныс болған шенеуніктің сапары нәтижесінде облыстан бастап, ауылдық округтердің әкімдеріне дейін қатаң сөгіс алған.
Жыл сайын Алакөлге ағылған жұрттың қарасы артпаса, азаймады. Оның үстіне алыс-жақын шетелде болып жатқан түрлі жағдайлар мен табиғи апаттар соңғы жылдары жұртты отандық туризмге бет бұрғызғаны тағы бар. NEGE тілшісі минералға бай саналатын еліміздің шығыс өңіріндегі Алакөлдің жағалауын бағамдап қайтты.
Алматыдан Абай облысына қарасты Мақаншы ауданы, Қабанбай ауылдық округіне қатынау үшін жүрдек пойызды таңдауды құп көрдік. Жолаушылардың көптігіне орай Қазақстан теміржолы аймаққа баратын вагондар санын арттырғанымен, көпшілік шомылу маусымына күні бұрын билет алып қойғанды жөн көреді екен. Атап айтар болсақ, Алматыдан Жалаңашкөлге плацкарт билеті – 7800 теңге, купе бағасы – 10 800 теңге. Көлге ағылған жұрт алдымен Жалаңашкөл станциясына аялдайды. Пойыздан түскен бетте Алакөлдің жағасына апаратын таксилер алдыңнан құрақ ұша жүгіреді. Бағасы кісі басына 3000 теңгеден.
Биыл туристер түсетін пансионаттардың бағасы да былтырғымен салыстырғанда анағұрлым артқан. Мұны коммуналдық қызмет пен азық-түлік бағасының қымбаттауымен байланыстырады. Қонақтарға үш уақыт тамақ беріледі. Қалтаңызға қарай стандарт және кофморт, бөлмелерін таңдай аласыз. Анығын айтқанда, орташа жайлылықпен жабдықталған бөлмелер кісі басына 15-16 мың теңгеден басталады. Егер пансионатты жағалауға жақын жерден таңдасаңыз, сәйкесінше ақысы да қымбаттай түседі. Сондай-ақ, ығайлар мен сығайлар түсетін люкс бөлмелермен жабдықталған демалыс орынадары да баршылық.
Біз келген күні ауылда жарық болмады. Сондықтан кейбір демалыс үйлері дырылдаған «движок» қосуға мәжбүр болды. Бұл кешкісін серуендеуге шыққандарға да қолайсыздық тудырды, себебі көше аяқ алып жүруге ыңғайсыз, тас қараңғы.
«Үнемі «свет» өшіп қалады. Себебі Кеңес өкіметі кезінде тартылған электор жүйелері әбден ескірген, трансформаторларға салмақ түсетін болғандықтан, қылт етсе, жарық жылп етеді», – деп қомпылдады кешкі асты әзірлеп жүрген аспаз.
Ал мұндағы көшелер жайы өз алдына бөлек әңгіме. Көне асфальттың табы қалғанына қарап, соңғы рет қашан жолдың жөнделгенін аңғару қиын емес. Ойдым-ойдым асфальттан жүру көлік тізгіндеген адамды қойып, жаяу адамға да қолайсыз. Себебі көлік қасыңыздан жүйтки өтсе, шаңға булығып қалатыныңыз анық.
«Ауыл ішінен бастап жағалай жол жасалады деген еді, бұл бастама аяқсыз қалды. Биыл соны қайта қолға алған болып еді, бірақ бір шақырымдай ғана жол төселді. Айналма жол салынады деген тағы бір сыбыс шыққан. Оған смета келесі жылы бөлінеді деп отыр. Егер айналма жол салынар болса, көлге келгендер ауылдың ішін шаңдатпай, айналып өтер еді. Оның үстіне пансионаттардардағы канализация қалдықтарын сорып, таситын көліктер де ауыл арасымен өтіп, тұрғындарға жайсыздық тудырып отыр», – дейді есімін атамауды жөн көрген ауыл тұрғыны.
Одан кейінгі бір мәселе – суға шомылған жандардың жағалаудан әжетхана табуы қиямет-қайым. Сондықтан қысылған жанның жақын жерде орналасқан асхана-кафелерге барып, қолқа салуына тура келеді. Оның бағасы – 150 теңге. Бұл соманы бір реттік дәрет сындыруға қимаған немесе баруға ерінген адамның қажетін қайда өтейтінін осыдан аңғара беріңіз.
«Өткенде комиссия келгенде балшық бар жағалауға 40 био-туалет орнатты деп еді. Қазір одан үш-төртеу ғана қалды, қалғанын қайда жібергенін өздері біледі», – деді мән-жайды бөліскен таксист қария.
Күнін көл басына адам тасу арқылы көріп жүрген жергілікті тұрғындардың шағымы да бар. Атын атамауды жөн көрген әлгі ақсақал: «Менің осы жерде тұрғаныма қанша жылдың жүзі болды. Астанадан басшылар келгенде жағдайды айтпаққа бекінгенімізде жергілікті қосшылар бізді маңына жуытпады» , – деп күйінді.
Алакөлдегі шешімін таппай келе жатқан жайттың келесісі – жүйткіген скутер, қайықтардың шомылуға мұрша бермейтіні. Су көліктерін тізгіндегендердің салғырттығынан биыл бір кейуана мен жас баланың қайтыс болғаны белгілі. Тексерістен кейін келушілерді суда серуендеткіштерге арнайы орын тағайындалды дегенді естіп едік, бірақ баршасының ол заңға басыбайлы бағынғанын байқай қоймадық.
Қайық иелері жанар-жағар майдың исін бұрқырата адам шоғырланған жағалауға келіп, «Аралға апарамыз» деп күні бойы айқайлаумен болды. Күнге қыздырына жатқан жандардың күңкіліне құлақ аса қоймайды. «Сендерге бұл жерге келуге болмайды ғой» деп дауыс көтерген кейуананың сөзін ескерместен, кезекті жолаушыларын отырғызумен әуре. Суретке түсіріп, «әкімшілік жауапқа тартқызамыз» дегенімізге де селт ете қоймады.
Сондай-ақ көл бетінен суға түсуге болмайтын аймақты білдіретін қауіпсіздік линияларын да көрмедік. Сондықтан бірге барғандар баладан бастап қарияға дейін көзден таса етпей, аңдып отыруға мәжбүр.
Мұнда көпке ыңғайсыздық тудыратын тағы бір мәселе – ызыңдаған масалар. Алыстан ат артып келгендер күн шыға ертемен шомылуға барғанда, баданадай жәндіктер мазаны қашырады. Бұл залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмегенін анық аңғартса керек.
Алакөлге шипа іздеп келгендердің ден қоятыны – тері ауруларына сеп болатын ақ балшығы мен тізе, буын, бел ауруларына ем болатын қара балшығы. Білетіндер қара балшықты сүйекті сырқырататын суықты алады дегенді айтады. Әлгі әзілсүйер Серік Абас-Шахтың әлеуметтік желіде «Тым болмаса, әдемілік үшін Заттыбектің немесе Саят Медеуовтің фотосын іліп қойса болар еді» деп жазатындай жөні бар ма дейсің. Себебі айналасында қара балшықтың пайдасы мен зияны және оны қалай пайдалану жөнінде арнайы ескерту мен анықтама жоқ. Тек өткен жылғымен салыстырғанда кейбір жерін айнала қоршап қойған.
Кешкісін Алакөлдің арбатына ағылмайтын адам жоқ. Онда көптен көрмей кеткен жат пен жақыныңды да кезіктіріп қалуың ғажап емес. Биыл орталықта аяқ алып жүру мүмкін болмады. Себебі құжынаған халықпен қатар, сауда-саттық та қызған. Ал айналадағы дүкендердің бағасы, қасқалдақтың қанынан бетер қымбат. Әркім нанға да, тұзға да қалаған бағаны қояды. Мәселен, Тұрсын Алагөзовтың қызметкерлеріне үй сыйлағаны серпін берді ме, жарты литрлік Махi шәйді 1000 теңгеге саудалап жатқандар да кездеседі.
«Қазақстан теміржолы» жолаушылар тасымалы да тосынсый жасап тұратын көрінді. Мәселен, қайтар жолда Жалаңашкөлден Алматы, Шымкент, Астанаға қайтатын жұрттың алған билетінде жүру уақыты 13:41 деп көрсетілгенімен, станциядағы теміржол жетекшісі «Пойыздарыңыз сағат 15.50-де бірақ қатынайды» деп қарсы алды. Билет күні бұрын алынған болса да бұл жайлы жолаушыларға бірауыз ескертілмеген. Мұның себебін сұрағанымызда: «Билет алғанда телефон номерлеріңізді жазбағансыздар», – деп кінәні қайыра өзімізге артты. Салдарынан қуықтай бекетке сыймаған қарақұрым халық шілденің шіліңгір ыстығында жүрдек пойызды далада күтуге мәжбүр болды. Жөргектегі баласы шыдамай шырылдаған аналар арасында «енді келмеспіз» деп күңкілдегендерді де көрдік.
Жетісу Алатауы мен Тарбағатай тауларының арасында тербеліп жатқан Алакөл суының емдік қасиеті жайлы жұрт аз айтпайды. Кезінде Шыңғыс хан жорықта жараланған әскерін Алакөлдің басында айлап жатып, суымен емдеткен деседі. Себебі жараның бітуіне жәрдем беретін тұзды суының құрамында ағзаға қажетті тұнып тұрған йод бар дейді білетіндер.
Бүгінде көршілес Ресейден арнайы келетіндер көбейген. Кеңес кезінде де көктен оралған ғарышкерлерді Алакөлдің суына шомылдыру мақсатында сауықтыру орталығын текке салмаса керек. Ал Құдайдың өзі берген осынау қасиетті судың қадіріне жетпей, қоқыс пен қордаланған мәселеге қалдыру жергілікті басшыларға сын.