5 октября 2022 г. 11:58

Шавкат Сабиров:  Хакерлік шабуылдың артында өте үлкен топ немесе мемлекет  тұр

Фото:

Қазақстан экономикасына үстін-үстін ауыр соққы жасалып жатыр. Бүкіл ел байланыс саласы қайраңдап қалды. Ел тарихында бұрын-соңды мұндай кибер шабуыл болған емес. Сарапшылардың айтуынша, бұл – бірді-екілі хаккердің еркелігі емес, Қазақстанға қастық ниеті бар мемлекеттің ісі болуы ықтимал.

Бұл туралы NEGE-ге берген сұхбатында «Қазақстанның интернет қауымдастығының» жетекшісі Шавкат Сабиров егжей-тегжейлі айтып берді.

– Елімізге ауқымды кибер шабуыл жасалып жатыр. Сипатына қарап, мұның артында кімдер тұрғанын айта аласыз ба? Жеке хакерлер ме, әлде, қандай да бір мемлекет пе?

– Әрине, бұл – нағыз шабуыл. Мұның артында кімдер тұрғаны жөніндегі түрлі нұсқалар айтылып та жатыр. Менің ойымша, бұл – бәрімізге белгілі әскери жанжалдың салдары.

Ресеймен тікелей шектесіп жатқан елміз. Шекарамыз 7 000 шақырымға жуық. Әлемдегі құрлық арқылы өтетін ең ұзақ шекара. Бұл шабуылдарды бір адам немесе ұйым жасауы мүмкін емес. Бүтін бір мемлекеттің телекоммуникациялық жүйесіне жүктеме түсіру үшін өте үлкен топ немесе қандай да бір мемлекет  жұмылуы қажет.

Еуразиялық құрлықтың ортасындағы аймақта тұрақсыздық бар. Айталық, Қаңтар оқиғалары кезінде бүкіл аймақ опық жеді. Қырғыздарға да, өзбектерге де, біздегі инфрақұрылымдарға да оңайға соқпады. Өйткені, транзиттік арналар біздің жер арқылы өтеді. Өзбекстанға да, Қырғызстанға да интернет бізден келеді.

– Қаңтар оқиғасы жөнінде айтып кеттіңіз? Соңғы кездері реваншистер туралы жиі айтылып жүр. Солардың ісі болуы қаншалықты мүмкін?

– Онда мұны «қаңтар оқиғасының жалғасы» деп болжам жасауға болады. Бәзбіреулер елде тұрақсыздық болғанын қалауы бек мүмкін. Бірақ бұл нұсқа  конспирологиядан өзге ештеңе емес.

Реваншистер бас көтерген күннің өзінде мұның басқа амалдарын жасайтын еді. Себебі бір елдің инфрақұрылымына жүктеме түсіру үшін орасан зор ресурс керек. Серверлердің қуаты алапат болуы тиіс.

Қаншама құрылғы бір сәтте жұмыс істеуі қажет. Біз бір күн ғана шабуылға ұшыраған жоқпыз. Екі апта бойы осындай қысымның астында қалып отырмыз. Бұған орасан зор адами және техникалық ресурс керек.

Көрнекі сурет. Фото: ғаламтордан

Сонда, мұның артында қандай ел тұр? Ресей ме, Украина ма?

– Білмеймін. Оны ешкім білмейді. Мұның бәрін дер кезінде білетін болсақ, әлдеқашан Нобель сыйлығын алатын едік. Қай ел екенін қазір нақты атай алмаймыз. Бұл кімге тиімді екенін кесіп-пішіп айту да қиын. Алдымен олардың мақсаты мен міндеттерін айқындап алуымыз керек. Мақсаты – әйтеуір Қазақстанды тәлтіректету.

Бұл сұрақтың жауабын интернет, сандық технологиялардың мамандары емес, саясаттанушылар мен саяси тақырыпта сөз етіп жүрген адамдар беруі тиіс.

Хаккерлердің көздегені не? Қазақстанға зиян келтіріп қалу ме, әлде, ақша немесе құпия мәліметтерді ұрлау ма?

– Оларға ақша керек болса, банк жүйесіне шабуыл жасайтын еді. Тым құрыса, біздің кредиттік карталарымыз жатқан сайттарға шүйліккен болар еді. Бізде ұрлайтын да ештеңе жоқ.

Қазақстанда бүкіл экономика интернетте құрылған. Бұл – біз кіріп, сайттарды қарайтын интернет емес, мәліметтерді беретін арналар ретінде қолданылатын интернет.

Өткен аптада бізде әуежайларда ұшақтар ұша алмай қалды. Өйткені, байланыс үзілген. Ал интернет істемесе, мәліметтерді беруге негізделген байланыс та үзіледі. Сосын, ауруханалар да солай. Дәрігерлер, мәселен, ренген түсірімдерімен, видеолармен және ақпараттармен интернет арқылы алмасады. Энергетика саласында да барлық мәліметтерді осы арналар арқылы алмасады. Іс жүзінде бүкіл экономика осылай жұмыс істейді.

– Қазіргі ақпарат алмасу жүйесі мұндай шабуылдарға қауқарсыз болып тұр ма?

– 1990-жылдары банктер өзінің дербес желісін пайдаланып келді. Banknet деп аталды. Ол тәуелсіз болды. Қазір бәрі интернетті қолданады. Оның оңай әрі қолайлы екені түсінікті. Мысалы мен Алматыда тұрамын, сіз Қызылорда тұрасыз дейік. Екеуміздің де әуекомпаниямыз бар дейік. Біз бір-бірімізбен байланыс орнату үшін арнайы құрылғы сатып алып, интернетке қосылып, оны мәлімет беру арнасы ретінде қолданамыз. Біз болмашы ақшаға байланыс арнасына қол жеткіздік.

Бірақ, құдай сақтасын, интернетке бірдеңе болса, біз екі әуекомпания арасындағы барлық мәліметтерді жоғалтамыз. Бір кездері энергетикада бөлек, банктерде бөлек желі болған еді. Біз осыдан айырылмауымыз керек еді. Өйткені, бір желіні бұзу бірнеше желіні бұзудан күрделірек. Қазір бір шабуылмен бүкіл экономикамызды тежеп отыр.

Соның кесірінен бізде әуе компаниялар да, денсаулық саласы да, энергетика, банк саласы, қысқасы, бүкіл экономика дұрыс жұмыс істей алмай жатыр. Қазақстан үшін бұл өте қиынға соғып отыр. Сондықтан әртараптандырып, әр салаға бөлек телекоммуникация жүргізу қажет. Тым құрса, бірнеше желіге бөлуді қарастырған абзал.

– Сонда бұл шабуыл Қазақстан экономикасына  зиян келтіруді көздей ме?

– Иә, бүкіл елге зиян келтіріп жатыр. Ұшақтарымыз ұшпай, ауруханаларымыз дұрыс жұмыс істей алмай қалды.

– Мұның артында өш алу жатқан жоқ па?

– Хаккерлер өш алу үшін әрекет етпейді. Олар басқа деңгейде жұмыс істейді. Бұл кек алуға ұқсамайды. Мәселен, қаңтар оқиғасында не көзделгенін анық білмейміз. Бір айға дейін елдің тыныш тіршілігі үзіліп, мүлде басқа адам болып шықтық. Қазір болып жатқан шабуыл қаңтар оқиғасын еске түсіреді. Ол кезде елде тұрақсыздық жайласа, қазір интернетте дүрбелең болып жатыр. Қарапайым қолданушылар ғана емес, бүкіл Қазақстан экономикасы қиындыққа тап болды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Тегтер: