30 ноября 2022 г. 14:59

Сара Идрышева, заңгер: Әділдікке жете алмай жүрген азаматтар Конституциялық сотқа жүгіне алады

Фото:

Мемлекет басшысының жолдауларында еліміздегі әр түрлі саланың даму тетіктері мен жасау керек реформалар туралы айтылады. Солардың қатарында 1 қыркүйектегі жолдауы да бар. Онда азаматтардың құқықтары мен сот жүйесі, заңда жасау керек өзгерістер туралы да сөз болды.

Осы тапсырмаларға қатысты Парламент палаталары Мәжіліс пен Сенатта заң жобалары ұсынылып, талқыланды. Оның ішінде сот ісін реформалау, алқабилер соты, адам құқықтары жөніндегі уәкіл тәрізді заң жобалары да бар. Жолдауда айтылған заңды-құқықтық мәселелердің шешілуі мен орындалуына қатысты М. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ профессоры, заң ғылымдарының докторы Сара ИДРЫШЕВАМЕН сұхбаттасқан едік.

– Сара Қимадиқызы, «Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы керек. Осыған орай қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау қажет» делінген жолдауда. Мұнда «судьялардың мәртебесін теңестіру» деген сөз де айтылды. Осыған қатысты пікіріңізбен бөліссеңіз.

– Конституциялық сот жүйесі туралы заң бойынша айтатын болсақ, бізде әрбір судья өзінің ішкі нанымы мен заңға негізделген әділеттілік қағидатын басшылыққа ала отырып, қылмыстық, азаматтық іс бойынша шешім шығарады. Әлгі үкімді заңды, әділетті түрде шығарайын деп отырса, әрбір соттың басшысы, төрағасы бар. Аудандық, облыстық соттың төрағасы және Жоғарғы соттың бірнеше алқасы бар. Сонда судья «мен тәуелсіз, дербеспін» деп өзі үкім шығарайын десе, сот тәжірибесінде түрлі жағдай анықталады екен.

Аудандық, облыстық соттарда судьялар «мен мынадай шешімді шығаруға мәжбүр болдым. Өйткені төраға солай жаса деді» деген сияқты арыздарын айтып жатады. Демек, төрағалар судьяның үкіміне өз үкімдерін жүргізеді. Оны әлеуметтік желілерден де оқып жүрміз. Мысалы, Астана қаласының өзінде бірнеше аудандық сот бар. Әрбір аудандық, қалалық соттың өз судьялары, төрағасы бар.

– Демек, судьялардың шешіміне төрағалары әсер етеді деп отырсыз ғой?

– Бұл – менің жеке пікірім емес. Судьялардың өздері бұл мәселені көп жылдар бойы көтеріп келеді. Қазір судьялардың жыларман болып айтып келе жатқан бір басты талабы – басқарушы төрағаны өздері сайлап шығару. Оны біле тұра, судьяларға үстемдік жасайтын болса, келесі кезекте сайлана алмайды. Солайша төрағаларда осыны түсінетін жауапкершілік болуы керек. Президенттің жолдауында да сол тұсынан ескертпелер айтылған болатын.

Бұрын төрағалар өзінің қоластындағы судьяларға талаптар қоя алатын немесе «мынадай істі былай шеш» деген сияқты нұсқаулар бере алатын. Ешқашан мұндай норма ашық түрде айтылмаған және бұлай болмауға тиісті еді. Бірақ тәжірибеде солай қалыптасып қалған екен. Осы мәселе жолдауда ашық айтылғандықтан, судьялардың өзі жоғары деңгейде көтеріп отыр. Сондықтан жақын арада шешіледі деп сенеміз және шешілуі де тиіс.

– Қ.Ж.Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында алқабилер сотына баса мән беріп, олар қарайтын істер санатын кеңейтуді тапсырған еді. Осы заң жобасы талқыланған кезде Жоғарғы сот өкіліне депутаттар көп сын айтты. Алқабилердің сот процесіне қатысуына қатысты не айтасыз?

– Жергілікті әкімшілікте халықтан құралатын алқабилердің қалай жасақталатынын өз басым жете білмеймін. Бірақ сол тізімге өзі ерікті түрде алқаби болғысы келмейтін азаматтарды да кіргізіп жібереді.

Мысалы, осы жылдың көктемінде бір жігіт маған жазбаша түрде сұрақ қойды. Ол мынадай мәтінде: «Апай, менің алпысқа толып, зейнетке кеп қалған анама хат келді. Онда «Сіз алқаби ретінде тізімге ендіңіз. Мына уақытта сотқа келуіңіз керек. Келмесеңіз, осындай-осындай бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартамыз» деп жазылған.

Неге менің анам өз келісімінсіз алқаби болуға, егер бармаса әкімшілік жауапкершілікке тартылуы керек? Оның деректерін бір жерден алып, аяқ асты тізімге енгізіп жіберіпті».  Бұл – бір ғана көрініс. Демек, ол алқабилердің барлық мүшесі би болуға дайын емес дегенді білдіреді. Ал бұл дегенің сот билігін халықтың атынан жүзеге асыру ғой.

Кейбіреулер осындай нигилизмді, яғни «маған бәрібір» деген қасаң қағиданы басшылыққа алады. Аса ауыр қылмыс болған соң оған берілетін жаза да ауыр болады. Сондай сәтте алқабилер судьяларға моральдық заңдылықтарды ескере отырып, ақылға қонымды, кешірімге негізделген ұсыныстарын айтуы керек қой. Ал мұндай жауапты жерге оларды «Қайтсең де барасың, болмаса жауапкершілікке тартыласың» деп мәжбүрлеп апару дұрыс емес. Қазір бұл мәселе неге қайта көтерілді? Өйткені тек аса ауыр қылмыстар емес, өзге дәрежедегі қылмыстық істер де алқабилердің қарауына өтетін болды. Ал олардың құрамына әртүрлі адамдар енгізіліп отыр.

Мен – қаншама жылдық тәжірибесі бар заңгермін. Осы салада бар ғұмырымды арнадым десем болады. «Судьялардың өздері үкім шығарса, әділетсіздік орын алады. Егер алқабилер қатысқан кезде сот шешімі әділ болады деген» пікірге өз басым келіспеймін. Бір мен ғана емес, депутаттар да осындай ойлар айтып жүр.

– Осы алқабилердің заңдық білімі болмауына қатысты көзқарасыңыз қалай? Демек, оған заңгерлер мүше бола алмайды ғой?

– Менің ойымша, өзге сала өкілдерінен бөлек, құқық, заң саласында қызмет еткен азаматтардың да оған мүше болғаны дұрыс. Егер бұл салада жұмыс жасамаса да, құқықтық білімі бар, не заңды, не заңсыз екенін, дәлелдемелердің дұрыс-бұрысын ажырата алатын адамдар алқаби құрамына енсе, соттағы әділеттілік пен заңдылықтың деңгейі жоғарырақ болар еді.

– Мәжілісте депутатар тарапынан аудандық, облыстық сот шешіміне разы болмаған азаматтардың Жоғарғы сотқа келіп шағымдана алмауы немесе айтқан арыздарының дұрыс тыңдалмау мәселесі туралы да айтылды. Яғни, бұған Жоғарғы соттың процессуалды шешімдерден бөлек, шағымданушылармен кездесуге болмайтындығы себеп. Осыған қатысты не дейсіз?

– «Неге судьялар әкімдер сияқты шешімдерін далаға шығып түсіндірмейді» деген тәрізді ме? (күлді) Сот тәуелсіз болуы керек қой. Жоғарыда айтып отырған судьялардың мәртебесін теңестіру дегеніміздің бір тетігі – олардың тәуелсіздігі.

Тәуелсіздік дегеніміз – ежелгі қазақ билері, ғұламалары айтып кеткен «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөзіне саяды. Тура би болғың келсе, қарсы тарап жәбірленуші, сотталушы немесе талап қоюшының бірін жақтап, оның арызын басым етуге құқың жоқ. Бұл – барлық судьяға қатысты.

Сол себепті азаматтық процестік кодексте мынадай норма бар: Егер судья азаматтық, қылмыстық іс бойынша үкім шығарып, ол түсініксіз немесе қысқаша жазылған болса, судьяның өзі ресми түрде түсініктеме беруі керек. Бірақ ол сот залында отырған қатысушы құрамға қатысты. Ал далаға шығып, жиналған жұртқа неге ондай шешім шығарғанын айтып тұру міндеттемесі заңда бекітілмеген.

– Егер сот әділ шешім шығармаған жағдайда одан жапа шеккен адамдар не істеуі керек?

– Одан әрі, яғни Жоғарғы сотқа дейін шағымдану керек. Прокурорға шағымдануға болады. Ал шағымдану тәртібі мен субъектілері бұрыннан бері реттеліп, жазылған. Дегенмен бұл мәселенің қарама-қарсы жағы да бар. Яғни, апелляциялық сот, екінші дәрежедегі сот, Жоғарғы сот қанағаттандырмайды біздің шағымымызды. Сол қиын бәрінен. Біздің мемлекетте осындай фактілер жиі болып жүр. Жұрт Жоғарғы соттың алдында жаздай түнеп, кіре алмай, шеше алмай жүрді.

Әлия Түсіпбекова деген азаматша 8 жылдан бері осындай заңсыздық әсерінен әділеттілікке жете алмай жүр мысалы. Ондай фактілер де бар. Егер ол деректердің барлығымен жете танысып, зерттеп білмесе, ол туралы пікір айтуға ешқандай заңгер құқылы емес. Егер бір адам шағымданып келетін болса, міндетті түрде оның сөзін айғақтайтын құжаттар талап етіледі. Ол құжаттарды зерттеп, ойланып, салыстырып, содан кейін ғана оның дұрыс-бұрыстығына қатысты жауап беріледі. Ал бізде көп адам асығыс шешім шығарып жатады.

– Одан бөлек, Президент 1 жыл бұрын «адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Оған қатысты талқылаулар биыл Парламентте те өтті. Уәкіл Эльмира Әзімова «азаматтардың арыз-шағымына қатысты Жоғарғы сотқа тікелей ұсыныстар айта аламын. Егер ол оны ескерусіз қалдырса, Әкімшілік кодекс бойынша жауап береді» деді. Біз талқылап отырған сұраққа бұл да жауап бола ала ма?

– Жолдаудың бір тетігі ретінде «Сотта менің арызым дұрыс шешімін таппады» дейтін азаматтар мәселесініне қатысты айта кетейін.

Азаматтық, қылмыстық істер бойынша сот шешімі қанағаттандырмаған жүздеген азамат бар. Қазір сол бұзылған құқықтарды қорғауға арналған бір жақсы жол пайда болды. Ол – конституциялық кеңесті конституциялық сот деп атауымен бірге, мәнін де өзгерту. Бұл – өте оңтайлы шешім. Демек, осы арқылы заңдық нормаға қайшы келетін үкім шығарған судьяға тап болған азаматтар конституциялық сотқа келіп жүгіне алады.

Әрине, оны кез келген адам анықтай алмайды, сол үшін де білікті заңгерлермен ақылдасуы керек. Елде құқық бұзушылықтар жиі болады. Тұтынушы ретінде де, сотқа шағымданушы ретінде де. Бұрын адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қарамағында барлық мемлекет үшін жауапты он шақты ғана адам болатын. Олар физикалық тұрғыдан барлық арызды тыңдап, қабылдап үлгермейді ғой. Дәрежесі де онша жоғары емес болатын. Ал қазір оның құзіреті кеңейді.

Түсінікті тілмен айтсақ, мәртебесі министрдің деңгейіне дейін көтерілді. Жергілікті жерлерде қоластындағы қызметкерлер саны да көбейді. Бұл – әрине қуантатын жайт. Халықтың өз құқығын қорғау жолында көмекке келетін кез келген өкілетті тұлғалар саны артқаны жақсы.

Тегтер: