Политолог: «Әділет» – саяси стартап

Саясаттанушы Жанат Момынқұлов «Әділет» партиясының құрылуы және оның Қазақстандағы саяси-қоғамдық конъюнктураға ықпалы жөнінде пікір білдірді.

Жанат Момынқұлов

Астана, NEGE. Оның пікірінше, жаңа партияның пайда болуы түбегейлі жаңа идеология ұсынудан гөрі, саяси жүйені жаңаша форматта көрсетуге деген ұмтылыспен байланысты. Төменде саясаттанушының осы тақырыпқа қатысты талдамалық пікірі берілген.

«“Әділеттің” құрылуы Қазақстан саясатындағы биліктің Назарбаевтан кейінгі кезеңге бейімделу әрекетіне көбірек ұқсайды. Бұл тұста басты мәселе жаңа идеология ұсынуда емес, жүйенің өзін жаңа саяси пішінде көрсетуге талпынысында жатыр. Өйткені AMANAT ұзақ уақыт бойы ескі бюрократиямен, Назарбаев дәуірінің аппараттық мәдениетімен және формалды саясатпен тым қатты байланысып қалды. Әсіресе қалалық, кәсіби және жас аудиторияның бір бөлігі үшін AMANAT ескі жүйенің символына айналды.

«Әділет» партиясы

Сондықтан “Әділет” басқа стиль таңдауға тырысып отыр: жеңілірек риторика, технократиялық бейне, цифрландыру, кәсіби әрі урбанистік ортаға жақын көріну. Партия айналасына Бағдат Мусин, Рауан Кенжеханұлы, Андрей Лаврентьев сияқты тұлғалардың жиналуы да кездейсоқ емес. Бұлар классикалық саяси номенклатурадан гөрі жаңа буын менеджерлері мен технократтарының образын береді. Яғни “Әділет” қоғамға “біз ескі аппараттың жалғасы емеспіз” деген сигнал жолдап отырғандай әсер қалдырады.

Бірақ сонымен бірге бұл партияның бойынан жүйеге қарсы дербес саяси автономия әзірге байқалмайды. “Әділеттің” риторикасы да, кадрлық құрамы да президенттің қазіргі реформалық бағытымен үндес келеді. Сондықтан оны AMANAT-тың тікелей оппозициясы деу қиын.

AMANAT бұрынғыша әкімшілік ресурсқа, аймақтық аппаратқа және дәстүрлі электоратқа сүйенсе, “Әділет” қала жастарына, орта тапқа, цифрлық және креативті ортаға бағытталған. Яғни айырмашылық идеологияда емес, аудитория мен саяси қаптамада.

Сондықтан жақын арада AMANAT-тың үстем позициясы әлсірей қояды деу қиын.

«Әділет» партиясы

Қазақстан саясатында әлі де шешуші рөлді медиа бейне емес, аппараттық инфрақұрылым атқарады. Әкімдер, мәслихаттар, кадрлық вертикаль, аймақтық желі – барлығы негізінен AMANAT ықпалында қалып отыр. Ал “Әділет” әзірге көбірек саяси стартапқа ұқсайды: жаңа имиджі бар, бірақ толық қалыптасқан саяси машинасы жоқ. Сол себепті оның қысқа мерзімде доминантты партияға айналу ықтималдығы төмен көрінеді. Оның үстіне партияның нақты электоралдық қуаты мен аймақтық ұйымдасу деңгейі туралы әзірге анық дерек аз.

Дегенмен орта мерзімде “Әділет” жүйенің екінші саяси тірегіне айналуы мүмкін деген болжамды толық жоққа шығаруға болмайды. Өйткені билік те бір орталыққа сүйенген ауыр партиялық модельдің ескіріп бара жатқанын түсініп отырған сияқты.

Қалған партиялардың толық ыдырап, осы екі орталыққа қосылып кетуі әзірге байқалмайды. Әрқайсысы өз саяси нишасын сақтап қалуға тырысады. Бірақ уақыт өте әлсіз партиялардың кадрлық және электоралдық ресурстары ірі жүйелік орталықтарға сіңуі мүмкін. Әсіресе билік партиялық алаңды ықшамдауға мүдделі болса, мұндай үрдіс күшеюі ғажап емес.

“Әділеттің” ішіндегі тұлғаларға келсек, олар қоғамға жаңа леп әкелуі мүмкін болғанымен, оларды классикалық саяси “тяжеловес” деу қиын. Қазақстанда шынайы саяси салмақ әлі де аппараттық ықпалмен, элиталық байланыстармен және аймақтық ресурс арқылы өлшенеді. Ал Мусин немесе Лаврентьев секілді тұлғалардың ықпалы көбіне олардың медиа бейнесі мен кәсіби беделіне сүйенеді. Олар партияның заманауи образын күшейтеді, бірақ әзірге автономды саяси орталық деңгейіндегі фигуралар ретінде көрінбейді.

Айбек Дәдебай

Президент әкімшілігінен шыққан Айбек Дәдебайдың партия төрағасы болуы да маңызды сигналдардың бірі. Бұл жаңа партияның жүйеден тыс тәуелсіз жоба емес екенін көрсетеді. Дәдебай мемлекеттік аппаратты жақсы білетін, билікке түсінікті әрі сенімді фигура ретінде қабылданады.

Жалпы алғанда, “Әділет” жаңа оппозициялық күштен гөрі, Қасым-Жомарт Тоқаев кезеңіндегі саяси жүйенің жаңартылған бейнесіне көбірек ұқсайды. Негізгі интрига – уақыт өте бұл партия шынымен дербес саяси субъектіге айнала ма, әлде AMANAT-тың саяси-технологиялық серіктесі әрі жұмсақ жаңа нұсқасы болып қала ма деген сұрақта».

 

Сұхбаттасқан  Әйгерім Кабиденова

Қазір оқып жатыр

Қазақстанда хантавирус таралуы мүмкін бе?

Экология талаптарына сай келмейтін 20 жүк көлігі Қытайдан заңсыз әкелінген

Ата-аналар елімізде эпилепсияға қарсы дәрі тапшы деп шағымдануда

Тоқаев Алатау қаласы туралы Конституциялық заңға қол қойды