Павлодарда Естай Беркімбайұлының ескерткіші ашылды
Рavlodarnews.kz.
Мүсіннің биіктігі 4 метр, тұғыр тасы граниттен жасалған. Шараға Естай ақынның ұрпақтары мен әншінің өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер, әндерін насихаттаушылар, зиялы қауым өкілдері және ескерткіштің авторы ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, мүсінші Азат Баярлин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, еліміздің эстрада жұлдызы Мерует Түсіпбаева, опера әншісі, жерлесіміз Мария Мудряк, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ербол Айтбаев қатысты.
– Бүгін баршамыз үшін ерекше оқиға. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамында қазақтың біртуар тұлғасы, әнші, ақын, Естай Беркімбайұлының ескерткіші облыс орталығында орнатылып отыр. Қазақ даласын әнге бөлеген Естай Беркімбайұлының ел арасында алған орны ерекше.
Композитордың махаббат символына айналған «Құсни-Қорлан» әні ел арасында ғана айтылмай, осы күні бүкіл әлемде бағалануда. Осындай асыл мұра қалдырған әншінің есімі халық жадында мәңгі қалатыны сөзсіз.
Наурыз мерекесі қарсаңында ескерткіштің ашылуы - ұлыларға көрсетілген тағзым және Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тартылған сый. Сіздерге және жақындарыңызға зор денсаулық, мол бақыт, жанұяларыңызға береке-бірлік тілеймін! – деп аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов Наурыз мерекесімен құттықтады.
Мемлекеттік Президент стипендиясының иегері, республикалық Естай атындағы әншілер байқауының бас жүлдегері Медғат Манапов Естайдың «Жай қоңыр» әнін орындады.
ҚР Парламенті Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы Естай ескерткішінің ашылуымен депутаттардың атынан ізгі тілегін білдірді.
– Ұлыстың ұлы күні ұлттық музыкамыздың ұшар биік шыңына шыққан, талант иесі, Қазақстан композиторлар Одағының ең алғашқы мүшесінің бірі, тарихи тұлға Естай Беркімбайұлының ескерткішінің ашылуы салтанатында тұрмыз.
Дала академиясының асылдары Біржар сал мен Ақан серіден тәлім алған Естай небәрі 20 жасында «Қорлан» әнімен классикалық биікке көтерілді.
Бұл әннің құдіреттілігі сондай, ақиық ақындарымыз Қасым, Мұзафар мен Мұхтар поэмалар арнаса, белгілі композиторлар Брусиловский мен Мұхамеджанов операда шарықтатып, әлемді тәнті етті. Ендеше елі мақтанышы Естайдың табиғи таланатына қалай таңдаңбасқа? – деп атап өтті Алтынбек Нұхұлы.
Сондай-ақ, Естай Беркімбайұлының ұрпағы, «Егемен Қазақстан» газетінің журналисті Фархат Әміренов ескерткіш қоюға бастама көтерген абзал азаматтарға, оны қолдап, қуаттаған облыс басшылығына және идеяны жүзе асырған мүсінші Азат Баярлинге әнші әулетінің атынан алғыс айтты.
– 1946 жылдың наурыз айында Естай Беркімбайұлы өмірден озды. Осыдан 75 жыл өткенде әнші бабамыз еңселі ескерткішке айналып, арамызға оралып отыр. Естайды Естай еткен – оның әндері. Сол әндерімен ол бүгінге жетті. Оның әндері талай өнерпаздың бағын ашып, әлемге танытты. Естайдың әндері бірінші кезекте өзінің туған жерінде шырқалуы тиіс.
Құрметті әкім, осыдан бірнеше жыл бұрын Павлодарда Естай атындағы республикалық дәстүрлі әндер конкурсы өтетін. Қазақстандағы «мен деген» дәстүрлі әншілердің басын біріктіретін, өңір жұртшылығы асыға күтетін айтулы шара еді. Соңғы жылдары осы бір тамаша бастама белгілі бір себептермен үзіліп қалды. Сізден Естай атындағы осы конкурсты қайтадан жандандыруды, екі жылда бір рет облыс көлемінде өткізілетін шаралардың тізіміне енгізуді сұраймыз, – деді Фархат Әміренов.
Сондай-ақ ол облыс басшылығына Естай туралы мәліметтерді бір кітапқа жинастырып, Естай энциклопедиясын шығаруды және «Естай мен Қорланның ғашықтық хикаясы» туралы көркем фильм түсіруді ұсынды.
Айта кетейік, 2019 жылы облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдерінен және зиялы қауым мен ақсақалдардың атынан Павлодар қаласында Естай Беркімбаевтың ескерткішін орнату туралы ұсыныс хат түскен.
Бұған дейін павлодарлық өнертанушы Естайдың «Құсни – Қорлан» әнінің танымалдылығының құпиясы неде екенін айтып берді. «Құсни – Қорлан» туындысының әншілер орындауындағы 18 түрі бір бейнежазбаға жинастырылған.
Павлодар музейінде аңызға айналған Естайдың музыкалық қоры сақтаулы.
Ғалым Серік Елікбайдың пікірінше, Естай – қазақ әуенінің палитрасын сақтаған соңғы композитор.