Тұрсын Алагөзов Шымкент сыра зауытының қызметкерлеріне 50 пәтер тарту етті
Танымал кәсіпкер Тұрсын Алагөзов зауытта 40 жылдан астам еңбек еткен елу қызметкеріне жаңа баспананың кілтін табыс етті.
Астана, NEGE. Блогер Бейбіт Әлібеков Instagram желісіндегі жеке парақшасында шарадан видео жариялап, сүйінші хабарды жеткізді.
«Бүгін мен үшін әсерлі сәт, өйткені өмірімде үш жыл бойы айына 200 мың теңгеден тапқан қиын кезеңнен өттім. Бизнесімнен айырылып қалдым, күн көруге ақшам болмады. Сүт алуға ақшам жете ме деп есептейтінмін. Жалдамалы пәтерде тұрдым, ол ипотекада болғандықтан, тартып ала ма деп қорқатынмын. Мұның қаншалықты қиын екенін түсінемін. Сол кезде "Егер бизнесті қайта қалпына келтіре алсам, адамдарға көмектесемін" деп өзіме уәде берген едім. Ол кезде ертеңгі күнге сенім болмады. Ал сіздердің сенімді болғандарыңызды қалаймын», – дейді Тұрсын Алагөзов жиында.
Алагөзов – 2024 жылдан бастап Шымкент сыра зауытының жаңа құрылтайшысы. Бұған дейін кәсіпорын «сыра патшасы» атанған кәсіпкер Тоқтар Төлешовке тиесілі болған, ол 2016 жылы 21 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қазір зауытты Тұрсын Алагөзовтің ұлы Әрсен Алагөзов басқарады.
Айта кетейік, 2025 жылы Алагөзов GALANZ Bottlers компаниясының қызметкерлеріне 100 пәтер сыйлаған еді.